Жаңалықтар

Қадір түнін қайда қарсы аламыз?

Қадір түні мың айдан да қадірлі. Мұсылмандардың құлшылық етіп, Жаратқаннан ел мен жердің амандығын тілейтін және сол тілектердің сөзсіз қабыл болатын түні. Жамағаттың көбі мешітте қарсы алатын еді. Енді, тарауық намазын үйден оқыған секілді, Қадір түнін де үйден қарсы алуға тура келеді. Бұл жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баспасөз мәслихатында айтты.

«Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір түнін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамын. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара» деп атап өтті Бас мүфти. 

Отыз күн ораза ұстап, ізгілік жолын мұрат тұтқан мұсылман қауым Қадір түнін де асыға күтеді. Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ» деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір түнінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Осы орайда ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның айтуынша Youtube желісіндегі «ihsan.kz» каналында белгілі ұстаздар Ризабек Батталұлы, Айбек Омар, Елдос Қуандықұлы түні бойы уағыз-насихат айтады. Құран бағышталып, дұға жасалады.

  • Қазіргі уақытта карантин талаптарын сақтау барынша маңызды болып тұр. Мешіт таңертеңнен кешке дейін ашық тұрады. Осы уақыт аралығында пітір садақа беріп, құран оқытуға болады. Ал, қасиетті Қадір түнінің қасиетін сөз етсек, ол мүлде бөлек әңгіме. Хақ-Тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, сөз жоқ, Жаббар-Хақтың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рахымдылығы еді. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» (Бұхари, Қадір, 1) дейді. Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған илаһи тарту. Олай болса, қадірменді ағайын Қадыр түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей. Әмин, – дейді Өмірзақ қажы Қазкенұлы.    

     Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan».

Басқа материалдар

Back to top button