ӘдебиетБас тақырып

Бүгін – Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні

Соңғы жылдары жастар арасында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күнін тойлау қарқын алып келеді. Көктемнің жаймашуақ шағына тұспа-тұс келген ғашықтар күнінде қарағандылық ақындардың махаббат тақырыбындағы өлеңдер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.

***

Көктем келді, мен сені тағы ойладым,
Өткенге енді, ойлар мен қарайладым.
Қалай жаным табады тыныштықты,
Өлең деген отбенен тағы ойнадым.

Ойдың төгіп қағазға ақ айтанын,
Өзің дедім атқан таң арайларын.
Ғашықтардың тілі тек ойлар ғана,
О, тоба қалай білген Абай бәріе.

Абайды оқып мен сені тағы ойладым,
Сен жәйлі жыр жазғандай талай дарын.
Сені ойласам жүректе шабыт шалқып,
Шуағы мен жібітер жан айғайын.

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым,
Сен келесің түсінбей қалай бәрін.
Сол кеткеннен жүректе жара қалды,
Сол кеткеннен от алып шөлмектерден,
Өртеніп кетті менің сан ойларым.

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым,
Ойлай берем біткенше жан айғайым.
Бітіргенше жүректің жанармайын,
Жолдай берем жырымды ауылыңа,
Ағарғанша осынау самайларым.

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым,
Ұмытты деп ойлама оңай бәрін.
Кездестірер келеді қалайда күн,
Сонда айтамын қалғанын осы жардың,
Мен сені әлі ойлаймын, солай жаным.

Руслан Нұрбай.

***

Қаршадай қыз

Қаршадай қыз,

Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.

Бірімізге айта алмай сырымызды,

Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

Есте қалар күніміз бүгіндейміз,

Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.

Бір қоштассақ айрылып қалатындай,

Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

Иран бағым,

Қалай сонда кеудеме сиған жаным?

Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,

Ибалылық белгісі қиналғаның.

Мамықтай маужыратып жасыл желек,

Кеудеме кеп төсенді басың кенет.

Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,

Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,

Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.

Маңайыңа қарайсың мұңға батып,

Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,

Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.

Өріктей өңің сынып отырғаның,

Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,

Сонда бізді табиғат тек түсінген.

Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,

Найзағай да суретке көп түсірген.

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,

Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.

Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,

Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,

Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.

Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:

Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,

…таңқалмас ем.

Бағдат Мүбәрәк.

***
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да…
Мағжан

Жаным менің тастап шығып тәнімді,
Көзімді ілсем саған құстай ұшады.
Таң атқанша сенің оттай жалынды,
Ақ денеңді аймалайды, құшады.

Ал сен болсаң, сезесің бе, білмеймін,
Жымиясың қан жүгіріп бетіңе.
Бізді айырған тағдырымды тілдеймін,
Қарлығаштың құйрығындай екіге.

Содан кейін жақсы сөзді боратам,
Махаббаттың сүттей ұйып әніне.
Түні бойы бірге болып таң ата,
Жаным қайтып оралады тәніме.

Жігер құм боп, талай мәрте мұңайдым,
Асығыстау таң сімерлеп кеп қалып.
Күні бойы жүрем сосын
“Құдайдың
Күні неге батпай қойды” деп налып…

Ілияс Мұқай.

***

Сағыныш

Түсіме кейде енесің
Ұмыт болды деп жүргенде.
Аққанат арман — елесің
Кірпікке ілініп түндерде.

Көзіңде тұнық, таза мұң
Қарасың сәл-cәл салқын ба?
Баяғы көркем ажарың,
Тәкаппар сол бір қалпыңда

Мен тұрар едім мүдіріп,
Жүректен жанға жас тамып.
Ерніңнен сүймек түгілі
Шашыңды ұстауға жасқанып.

Түсіме еніп кенеттен
Жарқ етсе қайран дидарың,
Күндерімді еске ап сол өткен
Жүректі оймен қинадым.

Жалт ете қалып өтті ол шақ
Жанарың сынды өзіңнің.
Қайтеміз енді текке аңсап.
Күмбезін күл ғып төзімнің.

Арманнан алау-от жағып
Қинайсың, жаным, несіне?
Сағыныш тамшы боп тамып
Санамның терезесіне.

Сондай түс көрем тамаша.
Айналмас, әттең, түс өңге
Отырған сәтте оңаша
Ойыңа, әлде, түсем бе?..

Қайрат Асқар.

***

Өксітіп, өкіндіріп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен,

Өксітіп.

Өкіндіріп.

Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,

Кешірсең

Кешіксем де, келетін бе ем?!

Сендік мұң- менің күнәм.

Түн куәсі…

Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…

Келеді ғой күліп көктем,

Әр күні шуағымен үміт төккен.

Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,

Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,

Өмірдің өлең дедім мағынасын.

Шөлдеген кездеріңді,

Тұңғиыққа

тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,

Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.

Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,

Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен,

Өксітіп.

Өкіндіріп.

Өкпелетіп…

Рахат Әбдірахманов

 

Басқа материалдар

Back to top button