356 адам бір реттік көмек алады
Биыл Қарағандыда Наурыз мерекесі кең көлемде тойланбақ. Мерекеге орай түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған, қалада киіз үйлер тігіледі, жүлдеге ақшалай сыйлықтар берілетін байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылады. Қарағанды қаласы әкімдігінің хабарлауынша, өңірде Наурыз мерекесіне орай 356 адамға біржолғы төлем беріледі. Ол үшін бюджеттен 45 миллион 450 мың теңге бөлінген.
Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға қатысқан ТәжікАуған учаскесінде міндеттерді орындаған әскери қызметшілер мен Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан адамдарға 200 мың теңгеден беріледі. Социалистік Еңбек Ерлеріне, үшінші дәрежелі Даңқ ордені иегерлері, үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген азаматтар 200 мың теңгеден алады. АИТВ жұқтырған балалар 243 402 теңгеден, «Туберкулез» ауруына шалдыққан адамдарға 17 250 теңгеден берілмек. Сонымен қоса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері коммуналдық қызметтерге 10 000 теңгеден алады.
Сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар үшін азық-түлік жиынтығын табыстау және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету секілді қайырымдылық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы мен «ТеңҚоғам» орталығының базасында мерекелік түскі ас, ұлттық тағамдардың дәмін тату, шай ішу және концерттік бағдарлама және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулілер арасында байқау өткізіледі. Барлығы 3000-нан астам адамды қамту жоспарлануда.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,