Поэзия

Сыр

Қараңғы бөлме,

селт етер қалмай тіршілік.

Қою қорқыныш

төніп тұрғандай құлшынып,

Түн түсірмей

ай сәулесінен бір сынық.

Дейтіндей маған:

«Тылсымымнан менің

бір сыр ұқ».

Дәл бүгін ай да қараңғы,

Дүние бір сәт

тұрғандай маған қырсығып…

Үрей жүгіріп,

жан-жақтан мені қаумалап,

Жанымды сұрап,

жатқандай бәрі сауғалап.

Батылдық қашып,

тұрғанда жігер жауда қап.

Түн мазақ қылады,

сезімімді жаулап ап…

Сезініп бір сәт

жанымның жарық салмағын,

Тып-тыныш ғалам,

Тып-тыныш әлем –

жан-жағым.

Үміт сәулесін

тұтатып тұрып арманым,

Дәлелдеп жатыр

өткінші өмір жалғанын.

Жанымда қалған

Жалғыздық – досым өкпелі:

«Несіне мені,

не үшін мені таңдадың?!».

Алай да, түлей

осының бәрі жай қалып,

Шырпыда – жарық,

шырағданға келіп байланып,

Дүние кетті

Бір сәтте түгел айналып,

Бір сәтте бәрі жап-жарық.

Мен жалғыз отырмын,

екеуміз жайлы ойланып.

Мендегі сезім, мендегі

жүрек бәрі де

Қалғандай саған байланып…

Тіршіліктегі

Сәуленің сырын ұғынып,

Қорқыныш қалды

бұрыш-бұрышқа барып

тығылып.

Жарыққа жанын тапсырып,

көлеңке жүр жүгіріп.

Өрлікті көріп мендегі,

Жанымнан, бәлкім, сыр ұғып,

Тәкаппар түн бас иді,

жеңіліп әрі жүгініп.

Мен жалғыз отырмын,

өксік боп келіп жанарға

Өкініш тамшы тығылып.

Өмірге қарсы жол салып,

Кетсем бе екен бұрылып?!

Кетсем бе екен бұрылып?!

Светлана ЖУМКИНА.

Басқа материалдар

Back to top button