Руханият

Тірі әруақ: татымсыз өмір

«Осылай қартаюға бола ма?». Бұл сөзде бәлендей салмақ жоқ шығар, бір қарағанда. Бірақ, біз көрген драма соңында айтылғанда, осы бір ауыз сөз табыттай ауыр түсті. Солқ еткізіп, жанның бір бөлшегін жұлып кеткендей еді. Абсурд драма дегенімізбен, салмағы тым-тым ауыр. Не тірі, не өлі адамға ұқсамайтын тірі аруақ кейпіндегі қарттың «осылай қартаюға бола ма?» дегенін біз «осылай қартайтуға бола ма?» деп өзімізге қойдық. Иә, бұл С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында алғаш қойылған Роза МҰҚАНОВАНЫҢ «Ешкім де кінәлі емес» абсурд драмасы адамзатқа қойылған сұрақ болатын. Премьера керемет өтті, біздіңше. Драманың қоюшы режиссері – ҚР мәдениет қайраткері Бек КИЕКБАЕВ. Әртістер де асқан шеберлікпен ойнап шықты.

Әдебиетте, жалпы өнерде абсурд деген ұғым бар ғой. Ақылға сыймайтын мән-мағынасыздық. Жалпақ тілмен айтқанда, үстінде қымбат киім, бірақ ішінде адам болмай шығатынға саяды. Мән-мағына, қадір-қасиет жерде қалған бүгінгі біздің қоғамның етенесі емей не? Аталған абсурд-драмада да автордың айтқысы келгені де – сол. Бізге жарық сыйлап, өмір бойы бағып-қаққан әке-шешемізді қарттар үйіне апарып салғанымыз ақылға сыймайтын әрекет қой. Абсурд – драмада тіптен күрделі құбылысқа айналады. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы-дарамтург Роза Мұқанованың бұл шығармасын біз құбылысқа теңгердік. Драманың мұндай түріне бірінші барған мен театрға көлденең келген кісі қойылымды түсінбек түгілі, қабылдай алмауы мүмкін деген ойға қалдық.

Көздері шарасыздыққа толы қарт жас бала тебетін белесебетке (велосипед) отырып алып, педальды ышқына басады-ай келіп. Шынжырсыз педаль бос айналғандықтан, қарт мінген баланың бұтартары бір орыннан қозғалмайды… Оның үстіне белесебет жерде емес, арнайы жасалған биік бақанның үстінде. Абсурдтың бір баламасы осы мүмкін. Ол қарт ауада педалі бос айналатын белесебетпен жүремін деп неге әуреленеді? Ақылға салса, үйінде бала-шаға, немерелерінің ортасында отырмай ма?.. Бұл аз болғандай, әлгі қартты директор деп таныған дәл өзіндей қатарласы (тірі не өлі адамға ұқсамайды олар) «мынаны оқып көріңізші» деп қолжазба әкеп береді. «Қолжазба не туралы?» десе, қатарласы «тағдыр, сағыныш жайлы» дейді. Драма осылай басталады.

Сіз «Балдырған» тепкен қарт адам көріп пе едіңіз? Үрейлі көрініс. Қазақстанда қарттар балабақшасы ашылып жатқалы да көп болған жоқ. Сахнадағы бесеу (тірі аруақтар) «Балдырғанның» үстінде. Көрермен ге (бізге) «Сіздер қайда асығып барасыздар? Сағыныш дегеннің не екенін білесіздер ме?» дейді. Олар «Қарттар балабақшасының» ғана емес, сағыныштың тұтқындары. Махаббатқа, мейірімге, оның ішінде өздері өбектеп өсірген балаларының мейіріміне қаталаған ұлы шөл. Сол ұлы шөлден қаталағандар қарттар үйінде жүріп «Балдырған» теуіп, бала боп ойнайды. Бірде «бізді кім алып кетеді?» дейтінін қайтесің. Балалары алып кетпеген соң, Ажал алып кетуін көксейтін шығар?.. Әр жақтан «МАМА!!!» деген дауыс естілгенде, олар «маған келді, маған келді» деп таласады. Сонда сүйегің сырқырайды. Автор керемет қисын тапқан. Қарттар балаларының үйінде қандай хәлге түскенін өздері ойнайды. Олардың бала боп ойнаған ойындары – ішке түскен қасіреттері. Көргенін істейтін бала сияқты. 50 жыл бойы қызылша теріп, елге еңбегі сіңген қарт ана бес бөлмелі пәтерге ие болған. Сонда балаларымен тұрып жатқан ана «қар түсіп, күн суымай мені ауылға жеткізіп салыңдаршы? Олай-бұлай боп кетсем қалай жеткізесіңдер?», десе, «апа, қыста күн суық, балконда сақтай тұрамыз» дейді үйдегілер. Ал, балкондағы соғымның етін қарға, сауысқандар шұқып жатса да, керек қылмайтын балаларының бұл жауабынан әлгі кемпір шошып қалған. Балаларын сонда да жамандыққа қимайды ана.

Соңында, қойылым басталғанда белесебет үстінде отырған әлгі «директор» қайта шығады. Тағы да сол бұрынғы әдетімен белесебетте. Сөйтсе, әлгінде ғана қолжазба әкеп тапсырған қатарласының шығармасы осы қойылған драма екен. Бос педальді текке тепкілеген «директор» қарт «керек жоқ маған бұндай шығарманың. Адамды осылай қартайтуға бола ма?» деп жан дәрмен күйге түскенімен, өзі сол драманың ішінде қала береді.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button