Қорекең қазан айын әнге бөлеп…
Қаз қанатын жамылған қазан айын Арқа даласы Қорабайының (Есенов) үнімен шығарып салды десе, артық айтқандық емес биыл. Жезқазған шәрінде (қала), Қарағанды төрінде басталған атайы әншінің 70 жас мерейтойы Жаңаарқадай туған жерінде жалғасты. Қазақ ән өнерінің биігінде қоңыр қаздай қалықтаған Қорабай ағамызды туған жері төбесіне көтерді. Жерлестері әнін тыңдап мағмұрланды. Арқасынан қағып, құр шығарып салмады. Өрелі елге тән өнегелі ғұрып көрсетті. Ән байрағын биік ұстаған ұлдарының иығына шапан жапты, автокөлік мінгізді.
Ақырап (қазан) айында Арқада жер де, көк те Қорабай дедік қой. Өнер әлемінде осынша салмағы болмаса, ел төбесіне көтере ме? «Тәңірінің берген өнерін» (Абай) ұстаған ерге құрмет! Қазақта гитара ұстағандардың атасы – Қорабай! Қарағандыдағы концертінде де Кеншілер мәдениет сарайы лық толып отырған. Жаңаарқадағы осы жолғы кешінде де халық қарасы көп болды. Мәдениет үйі аузы-мұрнынан бірақ шықты. Төрде – жеті ішекті гитараның құлағында ойнаған Қорабай Есенов. «Жас қалам», «Жалғыз аққу», «Қоштасу», «Досыңның көзін ұғарсың», «Мәңгі шырақ», тағы басқа әндерін шырқады. Халық сілтідей тынып тыңдады. Алаштың айтулы ақыны Кәкімбек Салықовтың өзі айтпай ма? «Қорабай әншілік әлеміндегі зор құбылыс! Қазақ сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты әуен сырын ашқан соны буын.
Заманға сәйкес туған ерекше тұлға» деп. Қорабай ағаның шәкірті, қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Сейіл Аяған «жүз гитарашы жалғыз Қорабай ағаға жетпейді. Ол кісі жеті ішекті гитарасымен ән салғанда, симфониялық оркестр сүйемелдеп тұрғандай көрінеді» дейді ылғи. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорабай мектебінің өкілдері еліміздің түпкір-түпкірінде бар десек те, туған жері Жаңаарқа өлкесінде жақсы қалыптасқан екен. Бір ерекшелігі, бұл жақтың гитарашыларының көбі алты ішекті місе тұтпай, Қорекеңше жеті ішекті гитараның құлағына жармасыпты. Қорабай аға мектебінің көрінісіндей, Жаңаарқа жерінде «Шырқа, гитара!» атты гитарашылар байқауы өтіп тұратынын біз осы кеште білдік. Сонда қатысушылар шығып, ұстаздарын ортаға алып, гитарамен хорға басты. Аудан әкімі Юржан Бекқожин лебіз білдірді. «Киелі де қасиетті Жаңаарқа жерінен талай өнер иелері қанат қақса, сол тау тұлғалардың арасында алмас қылыштай жалтылдап, ерекше дауыс ырғағымен, қайталанбас үнімен ең биік шыңға жеткен бірегей әншісіз. Сіздің орындаған әндеріңіз бүгінде барша жұрттың жан серігіне айналғанын білеміз. Табиғи дарыныңыз бен қайталанбас дауысыңызға жерлестеріңіз қашанда тәнті және сізді мақтан тұтып, ерекше қадірлейді. Кешіңіз құтты болсын!», – деді аудан басшысы Юржан Асанұлы.
Қазақ гитарашыларының піріне айналған әншінің туған жері Жаңаарқа ауданының орталығында өтті демесе, кеш республикалық сипат алды. Ән думанының тізгінін филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап ұстады. Белгілі дәстүрлі әншілер Ғалым Мұхамедин мен Серік Оспанов тарту-таралғыларын жасап, әуелете ән шырқады. Есімін ел білетін физик, «Ғасыр адамы», профессор Темірғали Көкетай, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, тағы басқа ел ағалары өнер иесіне жылы лебіздерін білдірді. Әнші Сейіл Аяған Шәмшінің «Сағынышым менің» әнін орындады. Белгілі актер Қанат Жүнісов «Сұңқар Сәкен» монологын оқыды. Сонау Батыс Қазақстаннан келіпті қонақтар. Табылды Досым атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы, ақын Бижан Қалмағанбетов кеш иесінің кеудесіне «Ақтөбе тарихи тұлғаларының» медалін қадады. Бір кездері Қорекеңе Атыраудан келіп, сәлем беріп, батасын алған қазақтың бард әншісі Табылды Досымның ұлы, әнші Абыл Досым болса, әкесінің ән жинағын сыйға тартып, гитарамен әнге басты. Арқа даласына Атыраудың сәлемі осылай жетті.