ҚҰРБАН АЙТ: карантин талаптары қатаң сақталуда
Қарағанды облысында ұлық мейрам – Құрбан айт жылдағыдай деңгейде тойланбаса да, тиісті рәсімдер карантин талаптарын қатаң сақтай отырып атқарылуда. Аймақ аумағында қоғамға ортақ тәртіпті бұзуға жол бермеуге қатысты алдын алу шаралары дер кезінде әрі жүйелі түрде жүргізілген болатын.
2020 жылғы 29 шілдеде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қарағанды облысы аумағында Құрбан айт мерекесі күндері короновирус инфекциясының таралуына ықпал етуші іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы» №32-қ қаулысы қабылданды.
Аймақта 243 мешіт бар. Қала-аудан әкімдіктері мен мешіттер өкілдері арасындағы келісім бойынша мал соятын орындарды дайындау және қажетті құралдармен жабдықтау шарттылықтары анықталып, бақылауға алынды.
Облыста 18 мал сою орындары белгіленіп (ет сақтайтын тоңазытқыштар – 51, мал ет тасымалдайтын көліктер – 79, ет тарататын еріктілер – 238, қасапшылар – 93), жауапты мамандар бекітілді (полиция, ветеринария қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер). Барлық жұмыстар көрсетілген алгоритмге сәйкес жүргізілуде.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг ұйымдастырылып, тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары өткізілді. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен ҚМДБ облыстағы өкіл-имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның қатысуымен «Saryarqa» телеарнасында Құрбан айт мейрамын атап өтуге байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Сондай-ақ, «Первый Карагандинский», «5 канал» телеарналары мен «Life 09» интернет-порталында осы тақырып аясындағы облыстың бас имамының сұхбаты берілді. Онлайн құрбан шалу хақында арнайы бейнежазбалар мен ақпараттық инфографикалар халық арасында кеңінен таратылды. Әлеуметтік желілер арқылы мешіт имамдары мен ақсақалдардың Құрбан айт мейрамын өткеру мен құрбандық шалудың ерекше рәсімі тәртібі туралы түсініктемелері жарияланды (98 жарияланым).
Бүгінгі күні «Qurban2020.muftyat.kz» арнайы сайтына 240 тапсырыс түсіп (оның ішінде 140 төлемі жасалған), мұқтаж жандар тарапынан 358 өтініш қабылданды.
1 439 бас мал (69 сиыр, 1370 қой) құрбандыққа шалынып, қазіргі уақытта сойылған ет 3 230 мұқтаж отбасыға таратылды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жалпы сомасы 4 млн. 211 мың теңгені құрайтын азық-түлік себеттері табысталды.
2020 жыл 31 шілдедегі жағдай бойынша облыс аумағында діни ахуал – тұрақты.
Жәлел ШАЛҚАР.