3080 үй орталық газ жүйесіне қосылды
Қарағандыдағы 3080 үй орталық газ жүйесіне қосылды. Яғни, тағы да 3080 үй көмір кіргізіп, отын тасудың мехнатынан арылды деген сөз. Дегенмен, аулаңа келіп тұрған газды үйіңе кіргізу үшін кемі 700 мың теңгедей қалтаңнан төлейсің. Осы мәселені шешу үшін аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарына тиімді жолдарын қарастыруды тапсырған еді. Нәтижесінде, тұрғындарға жалпы соманы бес жылға дейін бөліп төлеу жолдарын ұсынды. Былтырдан бері осы жоба аясында 512 отбасы көгілдір отынға қосылған болатын. Биыл жыл соңына дейін тағы 200 үйді қосу жоспарланып отыр.
Көгілдір отынды кез-келген үйге қосуға болады. Тек, үйдің биіктігі екі метрден кем емес және газ қазандығына арналған жеке бөлмеңіз болса болғаны. Терезесі ашылатын әрі ешкім тұрмайтын бөлме болуы шарт. Айта кетейік, жалпы соманың ішінде газ қазандығы мен компоненттері кіреді.
– Бұл – пайызсыз бөліп төлеу. Ай сайынғы төлем сомасын жабдықты орнататын мердігер анықтайды. Құрылғының жалпы құны бес жыл мерзімге тең бөлінеді. Мұндай бөліп төлеуді алу үшін тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына, яғни, Пассажирская көшесі, 15а, 322 кеңсесіне жүгіну қажет. Қажетті соманы көрсете отырып, мердігерлік ұйымнан техникалық шарт, үйге құқық белгілейтін құжаттар, кадастрлық анықтама, тұрғын үй иесінің жеке куәлігін және коммерциялық ұсыныс тапсыруы қажет. Біз филиалымызда толығырақ кеңес бере аламыз, – деді Қарағанды облысының «Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директорының орынбасары Әлібек Аденов.
Ал, «Qazaqgaz aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының сервистік қызметінің басшысы Аманжол Мұхамет:
– Пломбалау, іске қосуды біз тегін жасаймыз. Қалалық әкімдікте есептегіштер де тегін беріледі. Пайдалануға қабылдау ақысын – 2075 теңге төлеу қажет. Тұрақты техникалық қызмет көрсету шарты шамамен 20 мың теңгені құрайды. Біздің облыста бір текше метр газдың тарифі – 38 теңге. Ауданы 100 шаршы метрге дейінгі үй үшін айына 8-ден 12 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді. Әрине, оның мөлшері терезелердің саны мен сапасына, еден мен төбенің жылу оқшаулауына және т. б. байланысты өзгеруі мүмкін, – деп түсіндірді.
Айта кетейік, көгілдір отынды үйіңізге кіргіземіз десеңіз «Qazaqgaz aimaq» Қарағанды филиалы, Ермеков көшесі, 29 мекен-жай бойынша кеңес алуға алуға болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz