Азаматтардың аманатын тапсырды
Дүниені дүрліктірген індет елім деген ерлерді бірлікке шақырып, ынтымаққа ұйыстырды. Осындай сын сағатта адамдардың азаматтығы сыналып, індетпен күресте қол қусырып отырмай, ер елдің қорғаны екенін көрсетті. Аудандық ауруханада ем алып жатқан сырқаттарға Қасым және Жаңатоған ауылының жастары қымыз әкелді.
«Көп көмегі – көл» демекші, аудандағы шаруақожалық басшылары мен сыртта жүрген ел азаматтары да қайырымды істен қалыс қалмады. Осы азаматтарды ұйымдастырып, жерлестеріне үндеу тастап, жиналған қаражатқа ақын Жанат Жаңқашұлы аудандық ауруханаға 5 дана оттегі концентратор аппаратын тапсырды.
Қасиетті өлкенің қадірлі азаматтарының қайырымды ісін тілегі бір еліміздің асыл азаматтары да қоштады. Арқаның Атымтай жомарты Бекзат Алтынбеков, ардақты ақындары Светқали Нұржанов, Танакөз Толқынқызы да қолұшын беріп, қаражат аударды.
Халықтың күші қашанда – бірлікте. Жерлестерінің ізгілікті ісінен белгілі спортшы, бүгінде кәсіпкер Айдос Ақшонтаев та сырт қалмай, тура сондай аппараттың 5 данасын тарту етті.
Туған жері үшін еңбек сіңіріп, перзенттік парыздарын өтеп жүрген жерлестеріне деген аудан әкімінің шынайы ризашылығын орынбасары Сайлау Әлиұлы мен ауданның бас дәрігері Светлана Қобландықызы жеткізіп, алғыстарын айтты.
Сағыныш ӘБІЛ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.