Арқаның аспанында…

Әр дәуірдің өз аспаны бар деп жатамыз ғой. Бұған дейін ел естіп біле бермеген жаңалық екен бұл. «Жәйремде аспан айналып жерге түскелі тұр» дегенді естігенде сенбегенбіз. «Аспан емес, бұлт екен төніп тұрған. Тым жақындап кетіпті, апатты жағдай болмаса игі» деген соң қызығушылық бізден де туды. Сөйтсек, олай емес, таңғажайып дүние екен.

«Бүгін Қарағанды облысы, Жәйрем кентінің аспанын бұратылған бұлттар жайлап алды. Бұл төтенше жағдай емес, аталған құбылыс жөнінде «Қазгидромет» мамандары түсінік берді» дейді «Айқын» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі Ләззат Қожахметова.

– Таңғы глория – бұл сирек кездесетін метеорологиялық құбылыс, ол көлденең бұралған бұлттар түрінде көрінеді.

Бұлттар биіктігі 1 шақырымнан 2 шақырымға дейінгі найзағайлы жиекті құрап, көбінесе жерден 100-200 метр биіктікте (бірақ, әдетте жоғары) орналасады. Оның ұзындығы 1000 шақырымға дейін жетіп, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен қозғалады, – деп түсінік берді мамандар пікіріне сүйенген облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Таңғы глория көбіне қатты желмен және жер бетіндегі қысымның өзгеруімен сипатталады. Бұлттың алдында ауаны жоғары жылжытатын және бұлтқа белгілі бір пішінді беретін жылдам вертикальді қозғалыс пайда болады. Көбіне бұл құбылыс найзағай басталғанға дейін пайда болады».

«Естімеген елде көп» деген. Оқтын-оқтын болмаса да, аракідік әуесін осындай кереметтер көмкеріп тұрмаса, Арқаның аспаны несімен айрықша? Бізді елең еткізген дүние сізді де жай қалдырмас дедік…

Жәнібек ӘЛИМАН.