Ауыл қамын ойлаған…

Нұра ауданының орталық ауруханасына Балықтыкөл ауылының тумасы, “BI Group” компаниясы құрылтайшыларының бірі Нұрдәулет ӘКІМЖАНОВ тыныс алуды жеңілдететін екі «Аrmed» 8F-5» оттегі концентраторын сыйға тартты.

Бұған дейін ауруханада мұндай оттегі концентраторы болмаған. Дәрігерлер оны қолданудың ыңғайлылығын айрықша атап өтті. Нұрдәулет Әкімжановқа Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қадыр Шабанбаев өңір басшысы Аян Шалмағанбетовтің атынан ризашылық білдірді.

Ұстайтын тұтқасы мен дөңгелектері болғандықтан аппаратты оңай алып жүруге болады. Бұл оны аурухана бөлмелері арасында тасымалдауды жеңілдетеді. Науқастар емді төсекте жатып та, орындықта отырып та ала алады. Оттегінің өнімділігі минутына 5 литрге дейін.

Аппарат тыныс алу жүйесінің аурулары кезінде демнің жеткіліксіздігіне, пневмония, бронхит секілді тыныс алу органдарының ауруларына, тұншықтырғыш газбен уланған жағдайда, онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігін арттыру мақсатында қолданылады.

Бұл құралды әр түрлі медициналық мекемелерде, жедел және шұғыл медициналық көмек қызметтері жағдайында, стационарда да пайдалануға болады. Тек, айына бір рет тексерістен өткізіп тұру керек.

Бірден қолданысқа енген оттегі концентраторы ауруханада 1 шілдеден бастап ашылған 30 төсектік провизорлық бөлімшедегі науқастарға шипа болуда. Бұл бөлімшеге шілде айында вирустық пневмония диагнозымен түскен 63 науқас емделіп шықты. Ал, қазір 12 адам ем қабылдау үстінде. Мейірбике, санитар, дәрігерлерден құралған бригадалық топ науқастардың жағдайын қадағалап, әр 8 сағат сайын бір-бірін алмастырып отырады. Кезекшілік 14 күнге созылатын вахталық әдіс арқылы жүзеге асады. Ауруханада арнайы мобильдік топ та құрылған. Олар науқастардың жағдайын қадағалап, емін бақылайды.

Жұртының қамын жеген азаматқа халық та, медицина мамандары да дән риза. Себебі, бұл бастаманың басқаларға үлгі болары анық.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

НҰРА ауданы.