Сегіз өрт сөндіру бекеті ашылды

Табиғи өрттерді тиімді сөндіріп, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өртпен күрес жұмыстарын тұрақты қадағалау мақсатында аймақтың жергілікті атқарушы органдары 2020 жылдың өрт қаупі жоғары кезеңінің басынан бері 8 бекет құрды.

Бүгінде облыс аумағында 22 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Олар жалпы саны 30 мың адамнан асатын тұрғыны бар 49 елдімекенді өрт қаупінен қорғап келеді.

Бекеттердің балансында 16 өрт сөндіру көлігі мен 21 арнайы техника бар.

16 өрт сөндіру көлігінің 7-уі Қарағанды облысының ТЖД-не берілді, қалған 9-ы жергілікті атқарушы органдар мен шаруа қожалықтарының қарамағында.

Жаңадан өрт сөндіру бекеттерін құру мақсатында Абай, Ақтоғай, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Ұлытау және Шет аудандарының әкімдіктеріне тағы 8 өрт сөндіру автотехникасын коммуналдық меншікке беруге ҚР ІІМ ТЖК келісімі алынған.

Табиғи өрттерді сөндірудің тиімділігін мобильді кешендер де көрсетіп келеді.

Осылайша, табиғи өрттер мен от тұтанулары кезінде жедел әрекет ету үшін Қарқаралы ауданының әкімдігі биыл шілде айында бес мобильді өрт сөндіру кешенін сатып алды. Жабдықтар қос білікті тіркемелерге орнатылған. Кешендер сыйымдылық кубтары, мотопомпалар, бүріккіш агрегаттар, шанцтық құрал-саймандармен жабдықталған.

Сондай-ақ, оларға өрт сөндірушінің жауынгерлік киімінің екі жиынтығы қоса берілмек.

Жылжымалы қондырғылар Қаршығалы, Бақты, Бесоба, Нұркен Әбдіров ауылдық округтеріне және Қарқаралы аумағында өрт сөндіру бекеттерін құру мақсатында жіберілді.

Сонымен қатар, Нұра ауданының әкімдігі 10 сыйымдылық кубын, 5 жоғары қысымды аппарат, 5 мотопомпаны алыс ауылдық округтерге тапсырды. Осының арқасында 3 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды.

Бүгінде Бұқар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында мобильді кешендерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өз тілшімізден.