Құрбан айтқа дайындық қызу
Құрбан айт қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ діни конфессия басшыларымен онлайн кездесу өткізді. Оған сондай-ақ, этномәдени бірлестік төрағалары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Елдегі жағдайға байланысты жарты жыл бойы қашықтықтан жұмыс атқарудамыз. Пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Бүгін дін саласының карантин кезіндегі жағдайын талқылауға жиналдық. Кемшілік, ұсыныс болса тыңдауға, талқылауға дайынбыз, – деді Абзал Нүкенұлы.
Ал, ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа қатысушыларды Құрбан айтпен құттықтап, аймақтағы діни ахуалға тоқталды.
– ҚМДБ облыстық діни өкілдігі жергілікті билік органдарымен бірге біраз жұмыстар атқарды. Экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды жүргізуде ынтымақтастық қалыптастырдық. Теологтардың толық құрамда жұмыс атқаруына қалыптасқан жүйе көп көмектесті. Бірлік нәтиже беруде. Жат ағымдармен жақсы жұмыс жүргізудің арқасында аймақта діни ахуал тұрақты, – деді бас имам.
Дерекке сүйенсек, жауапты мемлекеттік мекемелер имамдарға уақыт бөліп, дәріс оқуға мүмкіндік жасауда. Имамдар 2019 жылы түрмеде 441 мәрте үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, 72 жазасын өтеуші өмірлік көзқарасын өзгертіпті. Елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтта «Онлайн құрбан шалу» жүйесі құрылды. Қазірдің өзінде Қарағанды қаласы бойынша ұсақ малға 2 млнға жуық тапсырыс түскен. Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалалары әкімдіктің ұсынысымен осы жүйеге қосылса, бұл алгоритммен Шахтинск, Абай, Саран қалаларын да қамту көзделіп отыр.
Абзал Нүкенұлының мәлімдеуінше бұл жағдай бақылауда.
Шара барысында облыстағы діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың жетекшілері де сөз алып, өздерінің карантин кезінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қарағанды және Шахтинск епархиясының хатшысы Владимир Фрайганг та карантин талаптарын сақтау керек деп есептейді. «Діни жағдайды мұқият қадағалауға тиіспіз. Құдайға деген сенімді жоғалтпай, күресіп, індетті жеңейік» деді ол.
Ал, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский болса сеніммен күресуміз керек дейді. «Үрей індетке шалдығуға алып келеді. Татулық пен тыныштықты сақтап, қаңқу сөзге ермеу керек. Дәлдік пен нақтылық, дұрыс ой керек. Індетті 30 жылдық бірліктің арқасында жеңуге тиіспіз» деді ол.
Жиын барысында көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
– Құдай үйіне адам тазаруға келеді. Дегенмен, сабыр сақтап, үйде құлшылық етейік. Байқауымша, Шығыс мемлекеттерінің арасында Қазақстанның туында ғана қыран құс бейнеленген. Бұл тегін емес. Сондықтан, Құдайдың құдіретіне сеніп, бірге күресейік, – деді Қарағанды қаласының «Грейс» христиан пресвитериандық миссионерлік шіркеуінің өкілі Алексей Сорокопуд.
Шара қорытындысында ұсыныстардың жинақталып, талқыланатыны айтылды. «Карантин талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау үшін ұйымшылдықпен осындай жиындар өткізіп тұрайық. Жеріміз кең, көп этносты халықпыз. Бірге болайық!» – деді Абзал Нүкенұлы.
Жәлел ШАЛҚАР.