АТА КӘСІП оңалмай, АУЫЛ «көші» түзелмейді
Қай елде болсын, ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысында алар орны ерекше екендігі белгілі. Содан да болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған өзінің тұңғыш Жолдауында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану негізінде, мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Осыған орай, елімізде мал шаруашылығы саласының дамуын үш кезеңге бөлер едім.
Бірінші – ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүріп мал шаруашылығы кәсібінің арқасында кең байтақ жерімізді, тілімізді, дінімізді «найзаның ұшы, білектің күшімен» қорғап, ерекше құндылықтары жетерлік ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптардың да негізін қалыптастырды. Мысалы, бүгінде ұлттық брендке айналған, басқалар тамсана қызығатын, мал өнімдері – түрлі ұлттық тағамдардың өзі неге тұрады?
Абылай хан бабамыз «Қазағыма мал емуді үйретіп, жер емуді үйрете алмадым» деп жай айтпаса керек, яғни, бұл да сонау ерте кезден бабаларымыздың мал шаруашылығын заманына сай машықтана меңгергенін көрсетсе керек. «Малдың жайын баққан біледі» демекші, ата-бабаларымыз малдың обалына да қарап күтіпбаққан. Сонымен қатар, өнімділігін арттыруда, түрлі аурулардан емдеуде, қоңдылығын сырт бітімінен анықтауда, кейінде ғылыми тұрғыда да қолдау тапқан озық тәжірибелер мен кәсіби біліктіліктің қыры мен сырын таң қалдырар деңгейде игерген ғой.
Бұл жайттарға арнайы тоқталу себебім, басқа салаларға қарағанда мал шаруашылығының тиімділігі, бірінше кезекте, малдың табиғи талғамының қанағаттандырылуына байланысты болатындығын жеткізу, өкінішке орай, бұл жағдай бүгінгі күні ескеріле бермейді.
Екінші – кешегі Кеңес дәуірі ата кәсіптің заманауи, ғылыми-өндірістік жетістіктермен, озық технологиялармен толықтырылу сатысы болған сияқты. Соның айғағы – еліміз ССРО құрамында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды тұрақты иеленді. Ауылдық аймақтарда өз ерекшеліктеріне сай келетін көптеген құнды мал тұқымдары шығарылды. Мал басы мен өнімділік көрсеткіштері еселеп артты, ауылдың әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымдық жүйелері қалыптасты, мал шаруашылығы өндірісін индустрияландыру бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылды, яғни, бұл кезең өзіне тиесілі міндеттерін толықтай орындады.
Дегенмен, қоғам дамиды, талғам өзгереді, әр нәрсе өз кезінде дегендей, кейінгі кезде ауыл реформасының қажеттілігі анық сезіле бастады. Сондықтан да, жаhандық үдеріске сай, мемлекеттік шаруашылықтар (совхоздар) жекешелендіріліп, мал-мүліктері ауыл тұрғындарына, жеке кәсіптерін ұйымдастыруға тегін беріліп, үшінші кезең басталғандай болды. Ауыл еңбеккерлеріне еркіндік берілді, азық-түлік нарығында бәсекелестікке жол ашылды. Мемлекет тарапынан бұрынғы шаруашылықтар қарыздары өтелді, салықтық, несиелік жеңілдіктер жасалды, субсидиялау ауқымы артты, шетелдерден асыл тұқымды мал тасымалданды. ҚР «Жер кодексі», «Ауыл шаруашылығы кооперативтері», «Асыл тұқымды малдар» туралы Заңдары қабылданды, яғни, елімізде мал шаруашылығының нарықтық экономикаға бейімделуіне қажетті жағдайлар жасалды. Осы іс-шаралардың арқасында ішкі азық-түлік нарығы мал өнімдерімен айтарлықтай толықты. Десек те, отандық мал өнімдері көлемінің ішкі сұраныстан айтарлықтай төмендігі мен баға тұрақсыздығы (жиі көтерілуі) анық байқалады, яғни, елімізде мал шаруашылығы тиісті деңгейде дамыды деп айтуға келмейді. Бұл бағытта жүргізілген сараптау жұмыстары еліміздің мал шаруашылығыда қалыптасқан негізгі проблемаларды ашып бергендей болды. Оларды маңыздылығына сай атап өтер болсақ: шаруашылық жүргізу жүйесіндегі жетімсіздік, мал азығы қорының сандық, сапалық және субсидиялау тетіктеріндегі кемістіктер, сондай-ақ, мал басы өнімділігін жетілдіру іс-шараларындағы жүйесіздік.
Сондықтан, ғылыми-өндірістік ізденіс жұмыстарымның аясында, жоғарыда аталған проблемаларды шешу жолдары туралы баяндауды мақсат еттім.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін өндіретін жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ), отбасы шаруашылықтары (ОШ) мен шалғай жайылымдықтарды игеру тиімділіктерін арттыру бағытындағы ғылыми-ізденіс жұмыстары Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары ауылдық аймақтарында, ауыл тұрғындарымен пікір алмасу, сауалнама ұйымдастыру, өз келісімдері негізінде жекелеген шаруашылықтардың өндірістік-экономикалық жағдайын сараптау тәсілдері арқылы жүргізілді. Бұл іс-шаралар ЖҚШ, ОШ мал өнімдерін пұлдап өткізудегі және мал азығы қорының жетімсіздігіне байланысты күрделі проблемалардың бетін ашты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тарапынан әр ауылдық елді мекеннің бұрыннан қалыптасқан кәсіптерімен айналысуының тиімділігі туралы да нақты ұсыныстар айтылды.
Сонымен, атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, ауылдық аймақтардың әр өңірдегі үш ауылдық округтер аумағында ЖҚШ, ОШ негізінде құрылмақшы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің үлгілері жасалды. Бұған қоса, бір ЖҚШ негізінде кіші кәсіпкерлікке трансформациялау, сондай-ақ, шағын баламалы энергия көздерін (күн, жел қуаттары) пайдалану, яғни, «Отқанжар» ЖШС қанатқақты жобасы негізінде шалғай мал жайылымдықтарын игеру тиімділіктері зерттеліп, аталған іс-шаралардың болжамдық шаруашылық-экономикалық көрсеткіштері де анықталды.
Атап айтқанда, шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары негізінде құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің өндіріс құралдарына, мал-мүліктеріне, жерлеріне меншік құқығын сақтай отырып, олардың өндірген өнімдерін өткізуде, мал азығын дайындауда, материалдық-техникалық жабдықталуда, мал басы өнімділіктерін жетілдіруде бірігіп іс-қимылдар атқару тетіктері қарастырылған.
Сонымен, орта есеппен бір ауылдық округ аумағында ауыл шаруашылығы кооперативінің қалыптасу кезеңі үшін 2017 жылғы теңге бағамымен қажеттілік 250-350 млн.теңге болса, шаруашылықтың болжамды тиімділігі 25-40% құрады, ал, несие қайтарымы 3-5 жыл болды.
Алайда, 2015 жылы толықтырылып қайта қабылданған ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы аясында, бұл маңызды шара бүгінге дейін қаржы мәселесінің оңтайлы шешімін таппауы себепті, яғни, шағын несиелік құрылымдарға сілтеу салдарынан аяқсыз қалып отыр. Сондықтан да, осынау күрмеуі қиын мәселені шешу жолы аталған ауыл шаруашылығы кооперативтерін бастапқыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құруды қажет етеді. Атап айтқанда, мемлекет тиімді жағдайда несиелеуді (қаржыландыру), кооператив өндіріс пен қызмет тиімділігін қамтамасыз етуді міндеттенсе, оның берері аз болмас еді. Кооператив қызметі толықтай қалыптасып, несие қайтарылған соң мемлекет қажет болған жағдайда бұл істе өз өкілеттігін тоқтата алады. Олай етпеген жағдайда бүгінгідей аты бар да, заты жоқ кооперативтермен жүре беретін түріміз бар.
Біздің жағдайда ауыл шаруашылығы кооперативтері ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-өндірістік-экономикалық тірегіне (қала қалыптастырушы кәсіпорын ретінде) айналар еді. Бұл орайда, Ұлт қайраткері, дана бабамыз Әлихан Бөкейханның осыдан бір ғасыр бұрын кооперативтік жүйенің мал шаруашылығындағы аса маңыздылығын болжап айтқан сөздері еріксіз еске түседі.
Жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарын шағын кәсіпкерлік дәрежесіне трансформациялау және шалғай жайылымдықтарды шағын шаруашылық құрылымдары есебінен игеру іс-шаралары, тиісінше, олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерінің шектеулілігіне, қосымша жер телімдерін беру қиындығына, шалғай жайылымдықтардағы әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымдар жүйесінің жетімсіздігіне байланысты тиімсіздіктерімен ерекшеленді.
Дегенмен, бұл жағдай өз кезегінде, мал шаруашылығының негізгі өркендеу көзі саналатын шалғай жайылымдықтарды пайдалануда ірі шаруашылық құрылымдарын құру қажеттілігін де айқындап бергендей болды. Жоғарыда айтылғандай, екінші кезекте жеткілікті әрі сапалы мал азығы қорын қалыптастыру мәселесі тұрады.
Осыған орай, Жезқазған өңірінде ғана өсетін табиғи шайыр және шетелдік көпжылдық шпинат-румекс (дәстүрлі емес) өсімдіктерінің мал азығы ретіндегі құндылықтары сүрлем және ұнтақталып түйіршіктелген мал азығы түрінде малды азықтандыру тәсілімен зерттелді. Нәтижесінде, әсіресе, ірі қараның жас төлдерін (2-4 айлық) түйіршіктелген шайырмен азықтандыру олардың өсіп-жетілуіне, өміршеңдігіне оң әсер етті. Шпинат-румекс өсімдігі сүрлемінің құнарлылығы кең тараған жүгері сүрлемінен кем түспеді, өзіндік құны одан 30% дейін төмен болды. Осылайша, олар нарық жағдайында, келешекте маңыздылығымен ерекшеленетінін байқатты. Дегенмен, еліміздің басым бөлігін алып жатқан жайылымдық жерлердің мал азығы ретіндегі құндылығын арттыру – бұл бағыттағы негізгі мәселе болса керек. Осыған орай, Қарағанды облысы, Шет ауданында Бүкіләлемдік экология қорының (АҚШ, Вашнигтон) грантымен «Қуаң жерлерді игеру» жобасы аясындағы шаралар атқарылды. Атап айтқанда, жайылымдық-шабындық жерлердің, отандық мал тұқымдарының құндылықтарын қайта қалыптастыру іс-шараларымен аудандағы 11 ауылдық округ аумағындағы 1,3 млн. гектар жайылымдық жер қамтылды.
Мал азығы – екпе шөп (еркек шөп) егу жұмыстары шабындық жерлер өнімділігін гектарынан 9 центнерге дейін көтерді. Жоба ауқымындағы төрт жылда мал басы бір жарым есе артып, ет өндірісі мен мал азығын дайындау көрсеткіші ұлғая түсті. Бұл жоба ауыл шаруашылығының қуаң аймақтарында егін шаруашылығынан (дәнді дақылдар) мал шаруашылығына ауысудың экологиялық, экономикалық тиімділігін нақты дәлелдеп берді.
Демек, бұл іс-шара, әсіресе, Орталық Қазақстан аймағында оны кезегімен «Мал шаруашылығына – мемлекеттік қолдау» бағдарламасы аясында жүйелі түрде атқарудың тиімділігін көрсеткен сияқты.
Мал шаруашылығы саласына мемлекеттік көмек көрсету (субсидиялау) қай елдің болсын, тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Дегенмен, біздің елімізде оның көлемі тұрақты артып, жетілдіріліп келе жатқанымен, тиімділігі төмен, жалпыға бірдей қолжетімді емес, еңбек өнімділігі мен мал өсіру тиімділігін арттыруға, мал өнімдері бағаларын ішкі нарықта тұрақтандыруға бәлендей әсер ете алмай келеді. Осыған орай, мал өнімдерінің өзіндік құнының басым бөлігін (70%-ға дейін) мал азығы нарқы құрайтынын ескерсек, субсидияның басым бөлігін неге мал азығы құнын төмендетуге жұмсамасқа, яғни, жайылымдық-шабындық жерлердің өнімділігі мен құнарлылығын арттыруға мемлекеттік қызмет көрсету түрінде игеруге бағыттамасқа деген орынды сұрақ туындайды. Бұны орталықтандырылған жүйеде, яғни, өңірлерде шаруашылық құрылымдары бар республикалық деңгейде құрылған, мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын негізінде атқарса, тиімділігі еш күмән келтірмес еді. Бұл орайда, облыстарда шаруашылық құрылымдары (ДЭУ) бар «Қазақ автокөлік жолы» кәсіпорнының іс-тәжірибесін мысалға келтіруге болады.
Ал, қаржылай субсидиялау жүйесін, бағалы мал бастарын сатып алуға жеңілдік, сыртқа (экспорт) өнім сатқанда сыйақы беру мақсаттарында қалдырған жөн.
Бұл ұсыныс субсидиялау мәселесінде барлық мал өнімдерін өндірушілер үшін қолжетімділікті, жемқорлық іс-әрекеттерге тосқауыл қоюды, азық-түлік нарығында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ете алады.
Келесі проблема маңыздылығы бойынша ауылдық аймақтар жағдайына бейімделген, өсіру тиімділігі мейлінше жоғары мал отарлары мен табындарын қалыптастыру болып табылады. Жасыратыны жоқ, ауыл реформасы аясында өз еліміздегі малдың құнды тұстарын ескермей, шетелдік мал тұқымдарына әсіре қызығушылық әсерінен бүгінде біраз мүмкіндікті жіберіп алған сияқтымыз. Мысалы, шетелден өнімділігі жоғары мал тасымалдау шарасы Кеңес үкіметі кезінде де атқарылды, алайда, ойлағандай нәтиже бермеді. Кейінгі кезде де қайталанған бұл әрекет нәтижелерін сараптай келгенде, әсіресе, қатал табиғи ауа-райы жағдайымен ерекшеленетін Орталық Қазақстан өңірі үшін тиімсіз болды деуге толық негіз бар. Мұның басты себебі – еліміздің басым бөлігінде шетелдік мал тұқымдарының талғамына сай, тиісті азықтандыру, күтіп-бағу мүмкіндіктерінің шектеулі болуы, инфекциялық ауруларға шалдығуы, өнімділігінің күрт төмендеу фактілерінің жиі орын алуы. Соның салдарынан шаруашылықта пайдалану мерзімдері екі-үш есеге дейін қысқарды.
Сонымен қатар, шетелден жеткізілген малға тиісті жағдай жасаған, санаулы шаруашылықтардың өзінде өнімділігі жоғары болғанымен, өнімдерінің өзіндік құны отандық мал тұқымдарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. Сол кезеңде «отандық малымыз қайда?» деген «жанайқай» да естіліп қалды. Мысалы, еліміздің шөл және шөлейт аймақтарына бейімделген отандық сүтті – қырдың қызыл, етті – қазақтың ақбас ірі қара, қойдың – құйрықты етті-майлы, жылқының – мұғалжар (Сарыарқа өңірлік түрі) тұқымдары шетелдік аналогтарына қарағанда өміршеңдік, төзімділік қасиеттері мен азықтандыру, бағып-күту жағдайына талғамының қарапайымдылығынан өсіру тиімділігі жоғары болып отыр. Сондықтан, мал басының жоғары (рекордты) өнімділігі оларды өсіру тиімділігін көрсете бермейді, яғни, бұл жердегі басты мақсат – мал басының өнімділігі мен өсіру тиімділігі арасындағы жоғары әрі тұрақты байланысты қалыптастыру болып табылады. Демек, уақытты оздырмай, әлі де отандық мал тұқымдары құндылықтарын қайта қалпына келтіру мен жетілдіру мүмкіндіктері бар кезде дереу қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе.
Жоғарыдағы шараларды кешенді түрде ретімен атқару еліміздің мал шаруашылығын қарқынды дамытуға, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына, қалаға көші-қон легінің тежелуіне айтарлықтай оң ықпал етер еді.
Қайткенде де, ата кәсіпті өзімізден кейінгі ұрпаққа лайықты деңгейде қалдыру – бабалардан қалған аманат!..
Кәкімжан САРХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының корреспондент-мүшесі.