Рухани жаңғыруРуханият

Ішек пен шындық

Қиялилық шығар. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілініп тұрса деп армандаймыз. Өйткені, бала күнімізде осы сурет санамызға сіңіп өскен-ді. Кішкентай күнімізде біздің қонақүйдің төрінде кілемде домбыра ілініп тұратын. Өнеріміз саусағымыздан саулап тұрған жоқ. Алайда, сол домбыраны күніне бірнеше мәрте алып, келсін-келмесін сабалап-сабалап, орнына қайта іліп қоятынбыз. Аяқасты қалмайтын. Домбыра сол кілемдегі орнында тұрмаса, үйдегі тәртіп бұзылғандай болатын. Кейін заман өзгерді. Адам өзгерді. Үй-жай да өзгерді. Домбыраның орны да өзгеріп кетті…

1986 жылы көрнекті этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы тапқан таста домбыраның және онда билеп тұрған бес адамның суреті бейнеленгені мәлім. Оны ғалымдар неолит дәуіріне жатқызғаны және аян. Қазақтың дөңмаңдай ғалымдары сонау алты мың жыл бұрын пайда болғанын дәлелдеп берген қазақтың сол қасиетті домбырасы бүгінде, тәубе, ресми түрде ұлттық мақтанышымызға айналды.

Домбыраның қадір-қасиетін, тарих-тағылымын жата-жастана зерттеген қазақтың ғалымдары сапасызданып бара жатқанын жарғақ құлақтары жастыққа тимей айтудан әсте жалыққан емес. Қара базардан бастап, хан сарайындай сыңғырлаған дүкендерде тұрған домбыра көз алдау үшін кәдесыйға жарағанымен, қазақтың нағыз домбырасы деген атаққа лайық еместігін де домбыраны танитын жұрт көріп жүр. Ал, кәдесый атаулының өзімізге емес, өзгеге, сырттан келген қонаққа арналатынын ескерсек, тілі күрмелген, үні булығып шыққан домбыраны көрген олар қазақтың домбырасы осы екен демесіне шүбә жоқ. Қазақтың жанындай аспаптың мұндай күйге түсуін ғалымдар, зерттеушілер арнаулы ғылыми орталықтың, оны жасайтын цехтың жоқтығымен тікелей байланыстырған-ды. Домбыраның ішегін балық аулайтын жіп алмастырғаны да оның қадірін мосқалдап емес, батпандап кемітіп барады. Естуімізше, Кеңес кезінде Семей қалалық ет комбинатында домбыра үшін қой ішегін өңдеу цехы болыпты. Консерваторияның қасынан ғылыми орталық ашылып, қой ішегін домбыраға жарату ісі де қолға алынған. Бірақ, оның бәрі бүгінде жоқ. Алайда, жоғымызды түгендеп, барымызды паш еткен осы күнде домбыраның қадір-қасиетін қалпына келтіру үшін ондай орталық пен арнаулы цех қажеттігін талай айтқанды баспасөз беттерінде ғалым Жұмагелді Нәжімеденов. «Қазіргі домбыраға қатысты нөмірі бірінші проблема – ішектің жоқтығы. Дыбыстың дұрыс шығуы 50-60 пайыз ішекке байланысты. Баяғы шешен домбыралардың орнына қазір маңқа домбыралар қаптап кетті. Ал, ол маңқа домбырамен қазақтың рухын көтере алмайсыз. Қазақтың рухын көтеретін қоңыр үнді домбыра. Қоңыр үнді қалыпқа келтіру арқылы қазақтың ақыл-ойы, санасы өзгереді. «Домбыра тартқан бала жамандыққа бармайды», «Домбыра ұстаған бала адаспайды» деген тақырыптарда мақала да жаздым. Биліктегі кейбір қазақтарда домбыраға деген менсінбеушілік қалыптасқан сияқты. Мықты ғылыми кеңес қажет болады. Арнайы ішек жасайтын цех ашу мәселесі өз алдына. Гитара мен скрипканың арнайы өзінің ішегі бар. Домбыраның ішегін шығаратын цех неге болмауы керек? Қатты бұрауға шыдайтын болғандықтан, кейін балық аулайтын лескіні тағып қойдық. Ол созыла береді. Ішектің созылуы музыканттарға кері әсерін тигізіп жатыр. Сахнада тұрып ішегі созылып кетеді де, құлағын бұрай береді. Баз біреулер қойдың ішегінен жасалған ішекті үзілгіш, түтілгіш, кірлегіш деп жүр. Бос сөз. Домбыраны зерттеп жүрген кейбір жігіттердің ілімі, білімі бар, бірақ, ғылымы жоқ. Украинаның Полтава деген жерінде қойдың ішегін біздің елімізден алып, халықаралық стандартқа сай өндіреді екен. Ендеше өзімізде де неге ғылыми орталық, цех ашып өндірмеске? Кезінде ұршықтан иірген ғой. Келісемін, ұршықтан иірген ішектің диаметрі жуан немесе жіңішке болып шығуы мүмкін. Ал арнайы цехта қалай сақталуы керектігі, көлемі ескеріліп жасалатын еді» деген-ді («Абай.кз»).

«Кеңестік жылдарда Семей қалалық ет комбинатында домбыра үшін қой ішегін өңдеу цехы болған, кейін ол жабылып қалды. Жұмагелді әмірі, мүмкіндігі барларға сол цехты қайтадан ашу жайында әлденеше рет тілек білдірді, бірақ «көрейік» деген селқостыққа тап бола берді. Ондай цех Украинада бар дегенді естіген Жұмагелді өз қаражатымен әдейілеп барып, мән-жайға қанып, он пар ішек алып қайтты да, мұндағы атақты күйші ағаларына үлестіріп, өзімізде ішек цехын ашуға атсалысуды өтінді…» деп жазады Ғаббас Қабышұлы («Адырна» сайты). Оған қоса, домбыра жасаушы шеберлердің арасында сабақтастықтың жоқтығы да шеберлерді кемітіп отыр. Яғни, бүгінде домбыра жасайтын шеберлер елімізде санаулы-ақ болса, олардан дәріс алып оның үрдісін жалғастырып отырған мектептің де кемшіндігі көрініп тұр. Ал «әлемде ұлттық саз аспаптарын әспеттеп, көкке көтеріп отырған жұрттар ұрпақ сабақтастығын берік ұстанған» дейді деректер. Айталық, Италияның Кремон қаласында XVI ғасырдың аяқ шенінде қалыптасқан скрипка жасаушылар мектебінің майталман қас шеберлері Амати, Гварнери, Страдиварилер жасаған аспаптардың дүние жүзіне әйгілі болуының сырын қысы-жазы бір жерді мекен еткен мектептің дәстүр сабақтастығының үзілмеуінде, бір тәжірибені бастаған ұстаз оны өз шәкіртіне ұластырып отыруында, шәкіртінің сол істі жалғастыруымен байланыстырады. Бұл сөздің де жаны бар. Өкінішке қарай, бізде бұл да ақсап тұр. Бір кездері қазақтың ұлттық киімі шапанды қытайдың арзанқол шүберегі арзандатып жіберген күйді кешпес үшін ұлттың ұлы аспабы домбыраны ұлттық брендке шығардық, енді сапасын да мінсіз етуге тиіс шығармыз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button