АймақЖаңаарқа

Ауқымды жұмыс жүргізілуде

Жаңаарқа ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 370 млн. теңгеге 42 жоба іске асырылуда. Бұл туралы онлайн-конференцияда аталған аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН баяндады.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біздің ауданда 42 жоба жүзеге асырылады. Ауқымды жұмыстар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы бойынша жүргізілуде. Білім беру және мәдениет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жобалар жүзеге асырылуда. Олар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 122 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, жұмыспен қамту орталығы арқылы 67 адам тартылды. Жоба аяқталғаннан кейін ауданда 153 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Юржан Бекқожин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әкімнің айтуынша, жол картасы бойынша Атасу кентінде 10 көше мен Жаңаарқа ауданының басқа кенттері мен ауылдық округтерінде 7 көшені жөндеу жоспарлануда. Юржан Бекқожин аудан үшін маңызды нысан болып табылатын жүзу бассейні құрылысының аяқталу мерзіміне де тоқталды.

– Бассейн құрылысы бойынша қазір жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқталады, – деді әкім.

Сондай-ақ, ауданда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биыл алты қазандықты қалпына келтіру жоспарлануда. Осыған дейін он қазандықтың төртеуі жөнделді.

Брифингте аудандағы эпидемиологиялық жағдай да назардан тыс қалмады. Ауданның 12 ауылдық округі мен екі кентінде 40 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінде COVID-19 жұқтырудың 63 жағдайы тіркелген. Юржан Бекқожин тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрады.

– Мен барлығын, әрбір отбасын, сақтық шараларын ұстануға шақырамын. Отбасылық мерекелерді өткізбеңіздер. Адамдар көп жиналатын орындарында жүрмеңіздер. Көшеде және қоғамдық орындарда қашықтықты, жеке гигиена және дезинфекция ережелерін сақтаңыздар. Бетпердесіз үйден шықпаңыздар. Ата-аналар балаларының табиғаттқа шықпауын және мүмкіндігінше қоғамдық жерлерден алыстап жүруін қадағалауы тиіс, – деді аудан басшысы.

Юржан Бекқожин атап өткендей, күн сайын екі мобильдік топ Жаңаарқа ауданында халыққа қызмет көрсету объектілерінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау үшін рейдтер жүргізуде.

Өз тілшімізден.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button