3 жасар бала өліміне күдікті құрықталды

Қарағандыда ұрланған баланы өлтірді деген күдікті ұсталды. Ер адам вокзалдың маңында қолға түскен.

– 9 қыркүйекке қараған түнде Қарағанды вокзалының алдындағы алаңда полиция кішкентай баланы өлтірді деген күдікке іліккен Игентай Сопыжановты ұстады. «Сопыжанов баланы ұрлап, артынша өлтіргенін мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Оның айыбын дәлелдеу үшін тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді Қарағанды облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.

Еске салайық, 5 қыркүйекте Шет ауданының полиция бөліміне Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғынынан суыт хабар түсті. Келіншектің айтуынша, ауылдағы дүкеннің алдында танысы оның қолындағы кішкентай баласын күшпен тартып алып кеткен.

Алдын ала деректер бойынша, ер адам келіншекті ашына болуға көндірмек болып, оған көнбегендіктен өшігіп, баласын ұрлап кеткен.

8 қыркүйек күні 10:00 шамасында Қарағанды облысының Шет ауданы, Бұрма ауылының сыртынан полиция қызметкерлері 3 жасар баланың денесін тапты. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Құқық қорғау органдарының басшылығы шұғыл түрде республика бойынша күдіктіге іздеу салған еді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру»), 2-бөлігімен тіркелген.