ЖобаШет

3 жаңа өндіріс – өңірге күш

Қойнауы қазынаға толы Шет ауданынан өндіріс орындарын ашып, жер асты байлығын игеруге қызығушыларды жоқ десек, шындыққа қиянат жасаймыз. Осы уақытта аудан басшылығының алдында келешегі бар 3 жобаның нұсқасы жатыр. Ол – су жаңа өндіріс орындары. Ол – ауылдағы ағайынның күнделікті ас-суын айырары. Ол – сондағы жұрттың ертеңіне кепіл. Ал, жария етілген мәліметтер, алдағы 5 жыл мұғдарында аудан аймағында 3 өндірістің бастау алатынын айтады. Бұларымыз – ауданның қамбасына қосымша түсім. Инвесторлар елдің игілігіне айналдыруға ұмтылған кен орындары қайсы? Әрқайсысына жеке-дара тоқталған жөн.

Алла қаласа, Ақшатау кентінің маңынан «Вольфрам Ресурс Групп» компаниясы паравольфрамат аммония өндіруді көздеуде. Бұйырса, компания 2022 жылдың көктемінде гидрометаллургиялық зауыт құрылысын бастайды. Содан соң 2023 жылы қазба жұмыстарына кіріседі екен.

Паравольфрамат аммония деген не? Ол машина, станок, аспап жасауда қолданылатын аса берік, төзімді, қызуға мықты материалдар алу үшін пайдаланылады. Паравольфрамат аммонияны екінші рет қолдану – эмаль және бояу өндірісі үшін вольфрам қышқылын алу, сондай-ақ, паравольфрамат аммония мен мұнай химия өнеркәсібіне арналған қоспалар ретінде қолданылатын вольфрамның басқа қосылыстарын өндіруге мүмкіндік береді. Алғашқы лекте гидрометаллургия зауыт құрылысына 50 адам жұмылдырылса, зауыт жұмысқа кіріскенде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалық қуаттылығы – 436 тонна.

Екінші жоба – «Акмая Тungsten» кен орнының сирек металдарды байыту жобасы. «Акмая кен орны» базасында Үңірек ауылында жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұл зауыттың құрылысы 2023 жылға белгіленген. Зауыт салуға 350 адам жұмысқа тартылады екен. Зауытта тұрақты 170 жұмыс орнынан жергілікті халық нәпақасын айырмақ.

Үшінші жоба – «Ресурс PV» ЖШС-інің «Бериллий тотығын шығару» деп аталады. Бұл жоба – Нұраталды ауылында. Жоба жетекшілері 2025 жылы өнім алуды жоспарлап отыр. Мұнда құйылатын инвестиция шамамен 4 млрд. 300 млн.теңге. Жобалық қуаттылығы – 925 тонна. 170 жаңа жұмыс орны пайда болады. Аталған кен орнынан алынатын бериллий негізіндегі конструкциялық материалдары жеңіл, мықты, тоттануға берік және жоғары температураға төзімділікке ие. Бериллий құймалары, алюминийден 1,5 есе жеңіл болғанымен, көптеген арнайы болаттардан мықты. Өзінің мықтылығын олар 700- 800 градус Цельсий температурасына дейін сақтайды. Бериллий электроникада, машина жасау, мұнай және газ өндірістерінде, ядролық энергетика, медицина, аэроғарыш салаларында қолданады. Олай болса, үр жаңа жобаларға нарықта сұраныстың жоғары боларына дау жоқ.

Әзірлеген Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button