Бүгін, 17 шілде күні сағат 06.00 шамасында Алматы-Екатеринбург автожолында Ақсу-Аюлы ауылынан 5 шақырым қашықтықта Chery Tiggo маркалы автомобиль және Красноярск-Шымкент бағытындағы VAN Hool маркалы автобусы соқтығысып қалды.
Жол-көлік апаты салдарынан Chery автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Оның тағы үш жолаушысы мен автобус жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді. Оқыс оқиға кезінде автобус салонында 51 адам болған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде.
Айта кетейік, автокөліктердің екі жүргізушісіне де Қарағанды облысының аумағында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескерткен екен. Өкінішке қарай, ескертуге қарамастан адам шығынымен аяқталып отыр.
Қарағанды облысының полиция департаменті жол қозғалысы қатысушыларын жолда абай болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жол белгілеріне назар аударып, қауіпсіздік белдіктерін тағу керектігін тағы да естеріңізге салады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz