Мерейтой қарсаңындағы марапат
Конституция күні қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен және этномәдени бірлестік басшыларымен кездесті. Кездесу барысында Ассамблеяның жұмысын ілгерілетіп, ел бірлігін нығайтуға айтулы үлесін қосқан 2 мәдени бірлестіктің төрағасына «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» медалі, ел дәстүрін, мәдениетін дәріптеп жүрген 19 қоғам белсендісіне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісі табысталды.
– Бұл кездесудің баршамыз үшін маңызы зор. Себебі, бүкіл дүние жүзіне үлгі болған егемен еліміздің ең басты құндылығы – бірлік. Осынау тұрақтылық, достық пен келісімнің арқасында Қазақстан барлық салада толайым табыстарға қол жеткізіп, қуатты мемлекетке айналды. Ұлттар ұйытқысы, Елбасы бастамаларының қолдаушысы болып отырған Ассамблея мен бірлестік өкілдерінің қосқан үлесін айрықша атап өтуге болады, – деді Ерлан Құсайын.
Ата Заңымыздың ширек ғасырлық мерейтойы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Осынша жыл ішінде облыстық Ассамблея мен этномәдени бірлестіктер халқымыздың бірлігін бекемдеу, жұртшылықты елдікке жұмылдыру ісіне сүбелі үлес қосты. Осы еңбек жиын барысында айрықша аталып, облысымыздағы белгілі қоғам қайраткерлері, ардагерлер, мәдениет, білім, спорт қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, дін өкілдері марапатқа ие болды.
– Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Мемлекетіміздің одан әрі өркендеуі үшін елімізде салтанат құрған өзара түсіністік, «бір жағадан бас шығарған» бірлік пен татулық саясатын нығайта беру – басты парызымыз. Ол үшін этникалық топтар, діни конфессиялар, саяси партиялар мен жалпы қоғам арасындағы диалогты одан әрі жетілдіруіміз керек. Ассамблея өзінің шығармашылық бастамашылығымен, түрлі жобалар және іс-шараларымен ерекшеленеді. Осынау әлеуетті қолдау керек, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Увайс Джанаев.
Сондай-ақ, кездесу барысында «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабының өкілі Юрий Михуля «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесіне этномәдени бірлестік мүшелерінің қолымен жасалған көркем туындыны табыс етті.
– Бүгінде қазақ халқының тарихын, дәстүрі мен адамгершілік қасиетін дәріптейтін «Қазақтану» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында әртүрлі ұлт этносына арналған түрлі шығармашылық орталық ашылған. Өз туындымызда қазақ халқының тарихын, мәдениетін барынша ашып көрсетуге тырысамыз, – деді ол.
Жиынға қатысушы қауым келелі әңгімені «Бүкіл әлем мойындағандай Қазақстанның ең басты баға жетпес қазынасы – халықтың бірлігі. Ал, сол бірлігімізді үзбей, ел дамуына үлес қосу, кейінгі ұрпақты осы жолда тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз» деп түйіндеді.
Суретті түсірген Б.КОПЫЛОВ.
Ербол ЕРБОЛАТ.