Ресми

Мерекелік медаль – мәртебе мен бедел

Елдік пен ерліктің, бостандық пен теңдіктің кепіліндей Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттігіміздің басты ұстындарының бірегейі. Елдігіміз бен бірлігіміздің берік бағанасы іспетті қасиетті заңдар жинағы ел мен жердің киесіндей қастерлі десек, артық айтқандық емес шығар. Ұлы Даламыздағы күллі Қазақстан жұрты, даласы, ауасы, шөбі – бәрі осы заңдармен қорғалады. Демек, Отан сөзіне бірден-бір балама да осы – Конституциямыз екен. Ендеше, оның тәй-тәй басқанынан бастап, алға бір қадам аттап, жыл ұзартқанының өзі жай емес, отандық, елдік той деген сөз. Осындай Ата Заңымыздың салтанат құруына еңбегі сіңген тұлғалар да жетерлік аймағымызда. Солардың бір парасына кеше «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалі тапсырылды.

Мемлекеттің мәртебесінің артқаны – Конституциясының ұзақ жасағанынан болмақ. Әрине, татулық пен тұтастықты ту еткен мұндай Ата Заңмен Отанымыздың қорғалуы – елдік пен ерлікті, еңбекқорлықты қатар ұстаған Ерлердің арқасы. Солардың бір парасы бүгінгі таңда арамызда Отанымыздың тілеуін тілеп жүргенін неге жасырайық? Қоғам алдында кім қандай қызмет етсе, оның ешқайсы елеусіз қалмасы анық. Ел ерімен еңселі. Осыған орай, облыс әкімдігінде аймағымызда түрлі салада қызмет етіп, қоғамға еңбегі сіңген марқасқа ағаларымыз бен аймаңдай апаларымыздың өңіріне «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалін облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов тақты. Бұл біріншіден, еңбектің еленгені болса, екіншіден, Ата Заңымызға деген құрмет.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Абзал Нүкенұлы «Биылғы жыл айтулы даталарға толы. Солардың бірегейі – басты Заңымыз, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы. Өздеріңізге белгілі, Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда халықтық референдум арқылы қабылданған. Негізгі заң жобасы халықтық талқылаудан өтті. Онда 3 миллионнан астам азамат қатысты. 110-нан астам толықтырулар енгізілді. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Отанды сүю, оның заңдарына бағыну – ел алдындағы жауапкершілікті сезінуді білдіреді». Қазақ қоғамында елдің ынтымағы мен біртұтастығын сақтайтын ежелгі ереже, салт-дәстүрлердің жиынтығы атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағы болды. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» негізге алынды. Осындай бай тарихымыздан бастау алған мемлекеттік негізіміз барын біз ешқашан ұмытпаймыз.

25 жыл тарихи көзқараспен қарағанда аз уақыт болуы мүмкін, бірақ, тәуелсіз мемлекетіміздің даму тарихы аясында маңызы зор. Бұл күн – жасампаз бүгінімізге және жарқын болашағымызға деген құрмет пен сенімді нығайтып, салтанат тұтатын күн» деді аймақ басшысының орынбасары өз сөзінде. Құттықтау сөзінен кейін Абзал мырза мерекелік медальдарды иелерінің өңіріне салтанатты жағдайда тағып, куәлігін тапсырды. Әуелі медаль қарағандылық еңбек ері Зейнолла Молдахметовке тағылды. Сонымен қатар, мұндай медальдар еңбек ерлері Қайрат Аманбаевқа, Өмірзақ Амантаевқа, Олжабай Асылбаевқа, Сайлау Біләловқа, Оралды Төреғожинге, Николай Дриждке, Амантай Рахымовқа, Қазақстан коммунистері халықтық партиясының облыстық филиалының бірінші хатшысы Александр Зевахинге, облыстық «Азаматтық альянс» ассоциациясының президенті Гүлнар Құрбанбаеваға, жалпыұлттық социал-демократтар партиясының облыстық филиалының төрағасы Макилия Тоқсанбаеваға, «Ұлт тағдыры» қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Ахметқали Халеновке табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button