Uncategorized

Шыңырауда шыңдалған

Бетіне — бақ-береке, қойнауына құт қонған Жезқазған жері саф алтындай сары мыстан тәж киген Арқаның алтын алқасындай әдемі әсер қалдырады. Онда жүздеген метр тереңдіктегі шахта шаһарын еңбек күйіне бөлеп, шыңырауда шыңдалған құрыш білекті, жолбарыс жүректі кенші қауымы ел игілігін еселеу жолында екпінді вахтаға тұрған. Олар жыл аралатып жететін кәсіби мерекесін биыл да лайықты тарту-таралғымен қарсы алып отыр.

«ОҢТҮСТІКТІҢ» ӨРЕНДЕРІ

Оңтүстік Жезқазған кеніші – аймақтағы алып кәсіпорын. Амандық болса, биыл қатарға қосылғанына 55 жыл толады. Тарих үшін – тамшыдай, ал адам үшін аз уақыт емес. Бір нәрсенің басы ашық – осы кезеңде оның өндірістік қуаты артып, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Кеншінің бірнеше буыны ауысып, кәсіби әулет қалыптасты. Ата мен әкеден қалған даңқты дәстүрді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда.

Мәселен, болашағынан үлкен үміт күттіретін бұрғышы Мейіржан Түйеке – жас та болса, кен өндірудің қыр-сырын жетік меңгерген маман. Оның әкесі осы кеніште ұзақ жыл тер төккен. Кен шебері Құрмет Отарбаев кенші әулетінен шыққан. Шыңыраудың шаңын қаққан ағайынды Отарбаевтар өңірге кеңінен танымал. Сондай-ақ, кеншілік кәсіптің тізгінін нық ұстаған білікті бұрғышы Әлібек Сағатов әріптестерінің ілтипатына бөленген. Бұл жігіттер №45 шахтаның №2 телімінде еңбек етеді.

№2 телім – тұсауы былтыр кесілген жас ұжым. Кені алынған кеңістікті қайта өңдеумен айналысады. Флексорлық аймақта кен қабатын тарамдай жаратын жаңа тәсілдің мәнісі мынада: қолданылып жүрген үлгідегі бұрғылаудан артықшылығы – бұдан кейін забой тау жынысынан толық тазарады. «Жұмыста жаңа жабдықтар көп көмегін тигізуде, әсіресе, «Solо» бұрғылау кареткасы. Жігіттер жарап-ақ тұр, өндірістік жоспар кен өндіру көлемі, оның құрамындағы металл, шпур бұрғылаудан ай сайын ойдағыдай орындалып келеді, – дейді, телім басшысы Мұрат Алдабергенов.

Телімде еңбек ететіндердің басым бөлігі – жастар, аға буынның ісін абыроймен алға апара жатқан лайықты ізбасарлар. Бұрын олар әртүрлі телімде жұмыс істеген, кен өндірудің өзіндік құпиясын бір адамдай меңгерген. Былтыр осы телімде бас қосты, ең бастысы – жүктелген міндет жүйелі жүзеге асып келеді. Солардың алдыңғы қатарында тізгінін Тәңір Ияшев ұстаған бригада келеді. Бригаданың 18 мүшесі біліктілігі мен бірлігін ортақ мақсатқа бағыттаған.

– Кеншілер қаласындағы №1 кәсіптік мектебінен бұрғышы мамандығын алғасын, 18 жасымда шахта шыңырауына түстім. Еңбек жолымды геофизик болып бастап, сосын алған мамандығыма сәйкес жұмыс істеуге ауыстым. Осы кеніште он жыл өмірім өтті, бригадир болғаныма бір жыл енді толады. Жалпы екі жылдан бері белгіленген өндірістік жоспарды орындамаған айымыз жоқ. Жігіттер ұйымшыл, өз міндетін жетік біледі. Жылды табысты қортындылауға толық негіз бар,– дейді Тәңір Ияшев.

Ұжым басшысының сөзін мақұлдаған бригада мүшелері былай деді:

– Өз ісін шынайы ұнатқан аға буын нағыз кәсіпқой кенші ретінде бізге қашанда үлгі-өнеге. Біз кеншілік кәсіптің қыр-сырын біліп қана қоймай, төзімділіктің төркінін түсіндік, таңдаған мамандық пен ұжымға адал болуға ұмтылдық. Қазір әркімде нақты жауап беретін жұмыс ауқымы бар. Кен өндіру – ұжымдық жұмыс. Бір саласы сыр берсе, басқасынан да береке қашады. Біз оны жақсы түсінеміз. Кеншілердің сөз төркінін біз де түсіндік.

«БАТЫСТЫҢ» БІЛІКТІ БРИГАДИРІ

№67 шахтаның №6 проходкалау телімінде кен қабатына соқпақ салатын бұл бригаданы бұрын керемет кенші Мұрат Тортаев басқарған. Ұйымшылдығы жарасқан ұжым 2017 жылы Батыс Жезқазған кенішіндегі байқауда «Үздік бригада» атанды. Былтыр бригаданың тізгіні Нұрлан Кеншібековтің қолына тиді. Басшы ауысқанмен, сол шыққан биігінен бригада төмендемеді. Өйткені, жаңа бригадир де көлденеңнен қосылған «көк атты» емес, осы өндірістің өз қазанында қайнаған кәсіпқой кенші еді.

Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледжді бітірген ол еңбек жолын бұдан жеті жыл бұрын осы кеніште бастады. Сәтін салғанда өндірістік тәлімгері екінші және үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері Бақыт Қазбеков болды. Бәкеңнен үйренгені мол. Өндірістің өзіндік ерекшелігін еңсеріп қана қоймай, адами тұрғыдағы талай таптырмас қасиетті бойына сіңірді. Соның пайдасын бригадаға басшылық жасағанда көрді. Тез тіл табысатын көпшілдігі де едәуір игі ықпалын тигізді.

Бір ұжымда табан аудармай еңбек еткен Нұрлан Кеншібеков жер астында кен өндірудің тиімді тәсілімен етене таныс, іргелі кен дайындығының қыр-сырын жетік біледі. Сондықтан, техниканың тоқтамауын, кен өндіру үдерісіне елеулі әсер ететін бұрғылау, аттыру, төбе бекіту, тиеу, тасу жұмысының жүйелі жүруін жіті қадағалап, үйлестіріп отыру міндетін мінсіз атқарып, өндірісті ұтымды ұйымдастырып жүр. Соның арқасында бұл бригаданың жігіттері айына жоспарлы 180 қума метр орнына 200-ге дейін проходка өтуді межеге айналдырған.

Бригадада істің икемін білетін, тау жынысын қопарудың озық әдісін мінсіз меңгерген майталман маман жеткілікті. Солардың қатарында Ербол Досанов, Арнат Қосыбаев, Володя Мурашка, Жандос Мұқанов, Қыдырбек Қожахметов, Ардақ Тапаев, Дүйсенбек Алпысбеков, Асылбек Ибрагимов, Айтбек Жүсіпбеков, Нұржан Есет, Қайрат Әлішев бар. Жастар өндірісті өрге сүйреген ардагерлерге әрқашан арқа сүйейді. Өйткені, олар әр жастың жақсы жағынан көрінуіне ықпал етіп, көмек көрсетіп, тәлімгерлік танытады.

Нұрлан Кеншібеков ауысымнан тыс кезде де тыным таппайды, уақыт тауып кенішке әйтеуір бір келіп кетеді. Ол – «Батыстағы» бригадирлер кеңесінің белді мүшесі. Әріптестің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, мұң-мұқтажына құлақ түре жүреді. Егер алдына келген адамның шын қиналып тұрғанына көзі анық жетсе, бригада кеңесінің шешімін күтпей-ақ керек қаражатты қалтасынан бере салатын жомарттығы тағы бар. Өткенде бригада мүшесі Қыдырбек Қожахметовтің денсаулығы сыр беріп, жөпелдемеде ақша таппай қысылып қалғанда, қаржылай септесті.

– Тәжірибені ортақ игілікке айналдырудың тетігін табу, әр бағытта корпоративтік стандарттың сақталуын қадағалау, ең бастысы, қауіпсіздік техникасы ережесінің бұзылуына жол бермеу табысты еңбекке бастайды. Нәтижелі жұмыс талап ету үшін, алдымен соған жетуге жағдай жасау керек. Бұл – бригадирлер кеңесінің басты мұраты. Содан кейін барып топ жарған тұлғаны, өз ісінің үздігін анықтаудың кезегі келеді. Бізде мадақтау мен марапаттаудың арнайы бағдарламасы бар. Алдағы уақытта әлі талай тарлан игі істің ұйтқысы бригадирлер кеңесінің шапағатына бөленетіні сөзсіз, – дейді ол.

Байыпты да білікті бригадирдің алар асуы, жетер жетістігі әлі алда екеніне біз де сөзсіз сендік.

СУРЕТТЕ: Кеніштің бас маркшейдері Әсел ҚОСЫМОВА мен Нұрлан КЕНШІБЕКОВ кезекті ауысымның тапсырмасын талқылауда.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button