Адам өмірден үйреніп, жақсы мен жаманның дәмін татып барып, кең арналы жолға түседі. Санаңда сәуле болса, оқып-тоқып алған білімің халықтан, сол халықтың адал да ақ пейіл ұл-қызынан көргенің, үйренгенің игілікке, абыройға айналады. Мұны «Қазақмыс» корпорациясы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің байыту фабрикасындағы конвертерлік қожды қайта өңдеу, қоюлату және сүзу цехының бастығы, өз ісіне шынайы берілген нағыз кәсіпқой Ерғалы ЕЛЕМЕСОВ жақсы біледі. Өйткені, ол еңбектің бел ортасында жүрді, мықты мамандардың тәрбиесін көрді, талқысынан өтті.
Ерғалы Әбдіғалықұлы – атақты Елемесовтер әулетінің ұрпағы. Бұл отбасынан бірнеше адам Балқаш өндірістік алаңының түрлі құрылымдық бөлімшесінде еңбек етеді. Әдетте, туыстығы жағынан жақын жандар өз тегінің атына кір келтірмеуге тырысып бағады. Себебі, әулет – ең алдымен, адамның сенімді арқасүйері, адал кеңесшісі және қолдаушысы екені сөзсіз. Бұл пайымды басты қағида санайтын кейіпкер ниетінің құтханасы – жүрек, ақылының құтханасы – бас.
Жас жігітті 1998 жылы Балқаш мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехына анасы Батима алып келді, ол сол кезде цехта кран машинисі еді. Кран қызметіне слесарь болып орналасып, кейін байыту фабрикасының сүзгі учаскесіне ауысты, сүзуші – байытушы болды. Ол осы учаскеде ұйымдастырушылық қабілетін, өз ісіне деген адалдығы мен бүкіл учаскенің үдерісін білуге деген ынта-ықыласын көрсетті. Жас жігіттің талпынысы тасада қалмады, учаске мен зауыт басшылығының назарына ілікті. Алдымен өндірістік шебер болды, одан кейін аға шебер қызметіне көтерілді. Көп ұзамай сүзгі учаскесіне басшылыққа тағайындалды. Өндірістен қол үзбей жүріп Балқаш кен-металлургия техникумын, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітіріп алды.
Білікті маман өндірісті қайта құру мен қайта құрылымдаудың көптеген кезеңіне куә болды. 2018 жылы сүзгі учаскесі байыту фабрикасының конверторлық қожды қайта өңдеу, қоюландыру және сүзу цехымен біріктірілді. Осы тұста Ерғалы Әбдіғалықұлына цех бастығының қызметі жүктелді. Бүгінде оның басшылығымен жүзден астам адамды біріктірген ұжым ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, еңбекті еселеп отыр. Тәулігіне цех ұжымы 950-1000 тоннаға дейін конверторлық қож өңдейді.
Өндірістік учаске, олардың атауы ауысты, бірақ міндеті өзгеріссіз қалды, ол – өндіріс ырғағын ақтап, мол өнім беру. Олар осы жолда толассыз тер төгіп жүр. Өзінің айтуынша, оның кәсіпқой маман ретінде қалыптасуына аға буын әріптестері Платон Каскин мен Талғат Жайнабеков елеулі ықпалын тигізіпті. «Ер жігітті ер үстінде таны» дейді дана халық. Ер мінезді азамат қандай ортада жүрсе де, өз жолын тауып, еліне деген міндеті мен парызына көлеңке түсірмесі анық. Ерғалы Әбдіғалықұлы болса, төккен тердің төлеуі, еткен еңбек өтеуі елдің ықыласы деп біледі.
Суретті түсірген Ләззат СМАҒҰЛОВА.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.