Әр елдің заңы басқа…
Ата Заң мерекесі қарсаңында әлемдегі түрлі елдің заңына үңілдік. Сөйтсек, «Естімеген – елде көп» демекші, әр мемлекетте адам құқығына негізделген заңның естісі де, ерсісі де бар екен. Олар әр жұрттың өмірлік ұстанымын көрсетеді. Адамды, өмір сүретін ортаны қорғау, әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында қабылданары анық. Алайда, кейбір елдің заңымен танысып, жағаңды ұстайсың. Өйткені, олар дөрекі немесе күлкілі болуы мүмкін.
Мәселен, Швейцарияда кешкі сағат оннан кейін унитаздың суын ағызуға тыйым салынса, жексенбіде әткеншек тебуге болмайды. Біз керісінше, әткеншектің қызығын жексенбіде көреміз ғой.
АҚШ-тың Блит қаласында ковбойдың бәтеңкесін киіп жүру үшін, кемінде 2 сиырыңыз болуы керек екен.
Лос-Анджелесте бақаларды жалауға тыйым салынған. Себебі, кейбір бақаның терісінде галлюциногендер (есірткі заты) бар көрінеді. Сондықтан, нашақорлар бақа аулап, жалап жүреді-мыс. Сондай-ақ, АҚШ-та «Киндер сюрприз» шоколадтың жұмыртқасын сатуға заңмен тыйым салынған. Өйткені, бала жұмыртқа ішіндегі ойыншықты да жеп қоюы мүмкін екен. Бізде оған мән берілмейтінін ел біледі.
Канадалықтар үйінің есігін қалаған түспен сырлай алмайды. Қолданыстағы заң есіктің түсін таңдауды шектеген. Қызғылт түсті есікке айыппұл салынады. Бұған қоса, бұл елде ағашқа өрмелеуге де болмайды. Табиғатпен біте қайнасқан бізге бұл да ыңғайсыз.
Қытайда суға батып бара жатқан адамға көмектесу – оның тағдырына араласу. Жұмыстан қуылған азамат 2 аптаға дейін жуынбай жүруге міндетті. Сондай-ақ, Қытай үкіметі түрлі телевизиялық шоуларды «тарихты құрметтемеу» деп танып, тыйым салған. Осы заң бізге де керек. Қаптаған мән-мағынасыз шоудан халық шаршаған…
Францияда торайды «Наполеон» деп атау заңға қайшы саналатынын ұлы қолбасшыға құрметі деп ұқтық. Гавайдың Гонолулу қаласында күн батқан соң, дауыстап ән айтуға болмайды, бұл әрине бізге мүлдем қайшы.
Италияның Милан қаласында жерлеу рәсімі мен сырқаттың көңілін сұрағаннан басқа кезде адамның жүзінен күлкінің табы білініп тұруы заңмен бекітілген. Мұнысы көңілге қонымды заң екен. Елдің денсаулығына мән беретінін байқадық.
Мына бір заң ерекше назар аудартты. Данияда жүргізуші көлігін оталдырмай тұрып, айналасын және астын қарап шығуға міндетті (көліктің астында бала тығылып немесе ойнап отыруы мүмкін деген қауіптен қолға алынған шара). Бұл бізге де ескеретін жайт.
Сауд Арабиясында ер дәрігер әйелді қарай алмайды. Қыз-келіншекке дәрігер мамандығын алу да заңға қайшы.
Айовадағы Оттумва қаласында таныс емес қызға ер адам көз қыса алмайды. Мичиганда күйеуінің келісімінсіз әйеліне шаш қиғызуға рұқсат жоқ. Шаш кесу мәселесі қазақтың танымына жақын екен.
Сингапурде сағыз сатуға рұқсат жоқ. Оған 1992 жылғы кісі өлімі себеп болған. Бір адам сағызды вагон есігіне жабыстырып кетеді. Дұрыс жабылмаған есік ашылып кетіп, оған сүйеніп тұрған жолаушы құлап, қаза тапқан. Сағыз шайнау үшін денсаулыққа байланысты дәрігер рұқсаты болуы керек.
Заңдармен таныса келе, әр елдің дүниетанымы өзгеше екенін білдік. Бізге ерсі болып көрінсе де, өздеріне қалыпты жағдай. Сондықтан, еркін ойлы азамат ретінде әр жұрттың заңына құрметпен қараймыз. Өз заңымыздың мазмұн деңгейін шамалау үшін, өзге елдің де заңдарын оқып тұру артық емес. Бастысы – өз заңымызды құрметтеп, адал өмір сүрейік!
Ғаламтор деректері бойынша дайындаған Жәлел ШАЛҚАР.