Біздің сұхбатРуханиятСұхбат

Үнзила ШАПАҚ: «Ата Заңда әлемдік конституциялық дәстүрдің озық үлгісі бар»

Дүние есігін ашқаннан-ақ осы елдің азаматы ретінде ажырамас құқықтарымыз бен еркіндіктеріміз айқындалған Конституция нормаларына сүйене шығарылған заң-зәкүннің сәйкестігін таразыға тартуға хақысы бар құзырет – бір ғана Конституциялық Кеңесте. Ол Конституцияның үстемдігін толық қамтамасыз етуі тиіс. Бұл дегеніміз, сіз бен біздің құқымыз. Заң шығарушы органдардың Басты Заң аясындағы бостандықтарымызды шектемеуде, оған кереғар нормалар қабылдауына жол бермеуде Конституциялық Кеңестің арқалаған жүгі – ауыр. Конституциялық Кеңеске бұқара тікелей жүгіне алмаса да, соттар арқылы шағымдануға хақысы бар. Ал, сол конституциялық құндылықтардың күзетінде тұрған жеті адам болса, оның бірі – заң ғылымдарының докторы, Конституциялық Кеңес мүшесі Үнзила ШАПАҚ ханым. Мереке қарсаңында осы орайда Үнзила Шапаққызымен аз-кем сұхбат құрған едік…

«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ШЕШІМІ ТҮПКІЛІКТІ МӘНГЕ ИЕ»

– Конституция – бүкіл құқықтық жүйенің өзегі һәм ерекше қорғалатын акт. Конституцияға сәйкес оны қорғау Конституцияның мызғымастығының кепілі ретінде Президентке, конституциялық қадағалау органы – Конституциялық Кеңеске жүктелгені мәлім. Оған қоса, былтыр Президенттің өтінішімен Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңес шешіміне қарсылық білдіру құқы алынып тасталды. Заңнаманың Конституцияға сай, я сай еместігін таразылайтын жалғыз орган – Кеңес. Жауапкершілік – зор. Азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келмеуі үшін Конституциялық Кеңес алдында қандай міндеттер тұр?

– Конституциялық Кеңестің міндеті – азаматтар құқықтарының үстемдігін, жалпы мемлекеттік құндылықтарды бекітетін, елдің Негізгі Заңының мызғымастығын қамтамасыз ету.

Иә, Республика Президентінің Конституциялық Кеңес шешіміне қарсылық білдіретін құқығы көзделген жəне оларды қараудың тəртібі мен салдарын реттеген Конституцияның 73-бабының 4-тармағы сол кездегі Мемлекет басшысының бастамасымен 2017 жылғы 10 наурыздағы ҚР Заңымен алынып тасталды. Осылайша Конституциялық Кеңестің шешімі түпкілікті мәнге ие болды.

Елбасының Конституциялық Кеңесті күшейтуге қатысты шешімі – Конституциялық Кеңеске жоғары дəрежеде сенім білдіруі, оның жауапкершілігін арттыруы деп қабылданды. Ол конституциялық бақылау органының қызметіне талапты да күшейтті. Көптеген шетелдік сарапшылардың пікірінше, аталған конституциялық түзетулер арқылы Қазақстанның Конституциялық Кеңесі енді өз құзыреті жағынан Еуропадағы бірқатар елдің конституциялық сотына теңесті.

2017 жылғы Конституцияға енгізген түзетулер Президентке кейінгі конституциялық заңды, өзге де құқықтық актіні Конституцияға сəйкестігін қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдау құқын берген. Мемлекет басшысының осындай өкілеттігі азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, егемендікті жəне мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен байланыстырылады. Ол Негізгі Заңның 40-бабында бекітілген Конституцияның мызғымастығының, адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны əрі кепілі деген конституциялық-құқықтық мəртебесінен туындайды.

Алдағы міндеттерге келсек, Конституциялық Кеңес жыл сайын елдегі конституциялық заңдылық туралы жолдау жариялайды. Жолдау Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында мәлім етіледі. Осы жылы 24-ші жолдауы жария етілді. Онда Конституциялық Кеңес елдегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жасайды. Адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту жөнінде нақты ұсыныстар береді. Биыл Кеңестің жолдауы конституциялық құрылыстың соңғы бес жылдағы қорытындысын жинақтауға арналды. Онда Конституциялық Кеңес елдегі құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар берді.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және конституциялық заңдылықты нығайтуда республика соттарының өтініштерін қарау маңызды. Біздің елде азаматтар Конституциялық Кеңеске тікелей жүгіне алмайды. Олар соттар арқылы қолданыстағы заңнаманың конституциялылығын тексеру мақсатында Конституциялық Кеңеске жүгіну құқығын іске асырады. Соттардың өтінішхатын талдау барысында заңнамалық реттеудегі кемшіліктер жиі анықталады. Сөйтіп, Конституциялық Кеңестің ұсынысымен қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұл жолы Кеңес жолдауында өндірістегі істе қолданылатын заңның конституциялылығын тексеру туралы өтінішхаттарды соттың қарастыруын жетілдіру ұсынылды. Демек, сотта ісі қаралып жатқан азамат тілекхат білдірсе, ол тілекхат дәйекті болса, онда ол қанағаттандырылуы тиіс. Сол үшін соттардың, адвокаттардың, қорғаушылардың, процеске қатысушы тараптардың құқықтық белсенділігін арттыра түсу керек.

Бұл – адамның конституциялық құқықтарының кепілдіктерін нығайту және Конституцияның жетекшілігі мен елдің құқықтық жүйесін дамыту үшін қажет.

«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСКЕ 200-ГЕ ЖУЫҚ ӨТІНІШ КЕЛІП ТҮСТІ»

– Осы аралықта Кеңес «конституциялық емес» деп қанша заңнаманы таныды? Заңнамаларда мұндай ақтаңдақтардың шығуына не түрткі?

– 1996 жылғы қаңтар айынан бастап, бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық өтініш келіп түскен. Оның ішінде Мемлекет басшысынан – 26, Парламент Палата төрағаларынан және оның депутаттарынан – 80, Премьер-Министрден – 27, Соттардан – 71.Жалпы Конституциялық Кеңес 150-ге жуық нормативтік қаулы қабылдады.

Өтініштердің 29-ы Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты. Ал, 15 өтініш негізінде 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылған. Әрбір заң бойынша белгілі себептер бар.

– Мемлекеттің заңдық негізі – Конституция. Еліміздің Басты Заңы. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттің кескін-келбетін, бағыт-бағдарын, құрылғысы мен құрылымын анықтап, бедерлейтін басты құжат. Ата Заңды екi рет қабылдаудың астарында не бар? Әуелгiсiнде ненi анықтай алмадық?

– 1993 жылғы Конституция консервативтік бағытта еді. Жоғары Кеңестің туынды құжаты. Егемен Қазақстанның саяси-құқықтық негізі ретінде танылмады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, жүйелі реформаларға тұғыр бола алмады. Ең бастысы, оның шын мәнінде, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерден алшақ тұрғаны көрінді. Негізгі Заңда әртүрлі мемлекеттік институттар арасында туындайтын келіспеушіліктерді шешетін тетіктердің жоқтығы – атқару және заң шығару органдарында қайшылықтардың объективті түрде өрістеу себептерінің бірі болды. Басқаша айтқанда, 1993 жылғы үлгідегі Конституция мемлекеттік құрылымды жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды одан әрі тереңдете дамытудағы құқықтық кедергіге айналды. Конституция қоғам күткен барлық үміттерді ақтамады. Себебі, онда ең бастысы – біздің қоғамдық мақсаттарымыз бен басымдылықтарымыз айқындалмады.

Сондықтан да Мемлекет басшысы сол кезде қалыптасқан жағдайды шешетін, дүниежүзілік стандартқа сай, жалпы халықтың қатысуымен түбегейлі жаңа Конституция қабылдау жөнінде тарихи, әрі ұтымды шешім қабылдады.

«КОНСТИТУЦИЯ АДАМЗАТ ҚОҒАМЫНДА ЖАППАЙ ТАНЫЛҒАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БЕКІТТІ»

– Соңғысының арқауы несiмен берiк?

– 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда Конституцияны қабылдауға азаматтардың 89,14% дауыс берді. Сөйтіп, Негізгі Заңның толық мағынадағы «халықтық Конституция» екендігін дəлелдеді. Сол уақытта Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жеке өзі əлемнің 20-дан астам елінің конституцияларын оқып, сараптап шықты. Бүкілхалықтық талқылаудың барысында 30 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті. 1100-ден аса түзетулер мен толықтырулар енгізілді.

Біздің Конституция адамдардың ажырамас құқықтарымен қоса, адам мен азамат бөлімі ережелерінде адамзат қоғамында жаппай танылған демократиялық құндылықтарды бекітті. Әлемнің конституциялық дәстүрлерінің озық үлгілерін пайдаланды.

Сонымен, 1993 жылғы Ата Заң – Қазақстан Республикасының келісімге негізделген жəне өтпелі сипаттағы алғашқы Конституциясы. Ал, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Конституция егемендікті заңды түрде ресімдеу процесін толық аяқтады. Адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жария етті. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді.

– Конституциямыз халық – биліктің бірден-бір көзі деп әйгілегендіктен, еліміз демократиялық мемлекет деп аталады. Ендеше, халыққа Конституция қабылдау құқы беріліп, сол арқылы өзі таңдап алатын қоғамдық және мемлекеттік құрылымдар негіздерін құруға хақылы. Егер Басты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз десек, оның бірден-бір жолы – бүкілхалықтық референдум. Әйтсе де ол 91-бапқа сәйкес келуі керек. Ондағы байлам бойынша: «Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады». Нақтылай айтсақ, ол үшін Конституциялық Кеңестің қорытындысы керек болады. Бұл демократиялық ұстанымға қайшы келмей ме?

– Конституцияға Республика Президентiнiң өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгерістер мен толықтырулар енгiзуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тəртiппен қабылданады.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгiзу туралы мəселе қою құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті мен Үкіметіне тиесілі. Бұл құқығын Президент заң жобасын республикалық референдумға шығару арқылы немесе Парламенттің қарауына беру арқылы жүзеге асыра алады. Парламент шешімі бұл жағдайда Конституцияның 53-57, 62 жəне 91-баптарында белгіленген талаптарды сақтап қабылданады.

«КОНСТИТУЦИЯ ҚОЛДАНЫСТА БОЛҒАН КЕЗЕҢДЕ ОҒАН БЕС РЕТ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛГЕН»

– Конституция қабылданған 25 жылда оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар құқықтық жүйеге қалай ықпал етті?

– Конституцияға бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. 1998 жылғы 7 қазандағы ҚР Заңына сəйкес Негізгі Заңның үш жылдық қолданылуы негізінде Конституцияның он тоғыз бабы нақтыланды, толықтырылды.

Парламент Мəжілісінің тепе-тең өкілдік ету жүйесі бойынша ауыстырылатын құрамы он мандатқа артты. Президенттің айрықша құзыреті жəне қосымша депутаттық бақылау өкілеттігі, сондай-ақ заң шығарушылардың Мемлекет басшысы келіспейтін конституциялық түзетулер енгізу мүмкіндігі есебінен Парламенттің позициясы біршама күшейтілді.

Конституция əкімдерді Президент айқындайтын тəртіп бойынша сайлау туралы ережемен толықтырылды.

Қылмыстық процесте алқабилер институты құрылды жəне басқа новеллалар енгізілді. Еліміз XXI ғасырдың басында қол жеткізген жетістіктердің жаңа жағдайында саяси жүйені ауқымды түрде демократияландыру 2007 жылғы 21 мамырдағы ҚР Заңымен жүзеге асырылды. Екінші рет Конституцияның қырық бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ол 94-1 бабымен толықтырылды.

Үшінші рет – 2011 жылғы 2 ақпандағы ҚР Заңымен Конституцияның бір ғана 41-бабы түзетілді. Ол Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мүмкіндігі туралы 3-1-тармақпен толықтырылды. Толықтыру енгізу Парламент қабылдаған заңмен жəне Конституциялық Кеңестің шешімімен Республика Президентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту туралы бес миллионнан астам қазақстандықтың бастамасы арасындағы кенеттен туындаған коллизияны алып тастау бойынша Республика Президенті – Елбасының ықпалымен болды.

Конституциялық реформаның төртінші кезеңі 2017 жылғы 10 наурыздағы ҚР Заңына сəйкес жүзеге асырылды. Конституциялық Кеңестің Жолдауында атап өтілгендей, 2017 жылғы конституциялық реформа «Қазақстан–2050» Стратегиясының, Қазақстанның бəсекеге қабілетті отыз мемлекеттің қатарына кіруі аясында қоғам мен мемлекетті кезең-кезеңмен жəне жан-жақты өзгеруі жолында жаңа əрі заңды саты болды. Ол Республика Президенті Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасының орындалуын көздейді. Жаңғыртудың үшінші сатысы аясында Қазақстанның сапалы өсуі жəне жаһандық бəсекеге қабілеттілікте еліміздің мықты ұстанымын қамтамасыз ету үшін саяси-құқықтық алғышарттарын құрады. 2017 жылғы 10 наурыздағы ҚР Заңына сəйкес мемлекеттік биліктің бірлігі мен бөлінуі принципі негізінде Президент, Парламент жəне Үкімет арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының конституциялық мəртебесі нақтыланды. Оның кейбір функциялары Үкіметке берілді. Үкіметтің Парламентке есеп беруі жəне бақылауында болу тетігі күшейтілді. Жоғарғы Соттың сот жүйесіндегі функцияларын айқындайтын түзетулер енгізілді. Бесінші рет – елорда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОНСТИТУЦИОНАЛИЗМ ТАРИХЫНДА АЛҒАШҚЫ «КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖОБАСЫ» ДЕГЕН ПІКІР НЕГІЗСІЗ ЕМЕС»

– Бүгінгі Ата Заңның сонау 1911 жылы Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Барлыбек Сыртановтың жазған «Қазақ елінің уставымен» үндестігі жиі айтылады. Бұл туралы зерттеуші-ғалым ретінде не айтар едіңіз?

– Барлыбек Сыртановтың конституциялық-құқықтық идеялары жоғарыда атап өткен «Қазақ елінің уставы» атты еңбегінде көрініс тапты. Уставтың кіріспесінде «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз қан төкпей, бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз», – деп көрсетті. Ол биліктің тұтастай халыққа тиесілі екендігіне ерекше мән берді. Бұл ойын, «Қазақ елі республикасында жоғарғы билік жүргізуді бүкіл қазақ және басқа нәсілдердің өкілдері дауыс беру арқылы іске асырады», – деп айқын білдірді. Қазіргі тілмен айтатын болсақ, Барлыбек Сыртанов парламенттік басқаруға басымдық берді. «Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды», – деп белгілеп, Президенттікке бір адамды екі реттен артық сайлауға құқығы жоқтығын айтты. Елде билікті «билік бөлу қағидасына» сай жүргізуді ұсынды. Оны «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын және сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып табылады», – деп билік тұтқаларының арасындағы «тежемелік пен тепе-теңдікке» ерекше мән берді. Адамдардың барлығы тең, олардың дініне, тегіне, қанына т.б. жағдайларға байланысты бөлуге болмайды деп санады. Сонымен қатар, сөз еркіндігіне, ұйымдар мен партиялар құруға еркіндік беруді жақтады. Осы жерде ескеретін жағдай, нәсілдік теңсіздікті уағыздайтын ұйымдар мен партиялар құруға тыйым салды.

Сонымен бірге, сот билігінің қоғамдағы атқаратын рөліне үлкен мән бере келе, «судьялар дау шешкенде хүкметке, яки, адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт екендігін атап өтті. Судьялардың қызметіне ықпал етуге, араласуға тыйым салды. Судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды өмір бойы сайлауды ұсынды. Судьяға ешкімнің тиіспеуін, сот тәуелсіздігінің бір арнасы ретінде айқындады. Соттар ешқандай партияға мүше болмауы қажет екендігін айтты.

Сондықтан, Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» қазақстандық конституционализм тарихында ерекше орын алатын, алғашқы «Конституцияның жобасы» деген пікір негізсіз емес.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Ғалымдығыңызды қайраткерлікке ұластырған ұлт жолындағы игі ісіңізге жеміс тілейміз!

Әңгімелескен Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button