Жаңалықтар

Әлихан мен Ақселеуге – ескерткіш

Қарағанды қаласында биыл Әлихан Бөкейхан мен Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш орнатылады. Сонымен қатар, «Шапағат» тұрғын үйінің құрылысына де нүкте қойылмақ. Бұл туралы қала әкімі Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ «Достық үйінде» өткен халықпен кездесуінде айтты.

Президент тапсырмасына сай біз мұндай кездесуді тоқсан сайын өткізіп тұратын боламыз. Өткен жұмада Әлихан Бөкейхан ауданындағы Мәдениет үйінде жиын өткен болатын. Бұл кездесулер халық көкейіндегі сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Осы жиында қалада туындаған мәселелерді ортаға салмақпыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жиында қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биыл қолға алынатын жобалар бойынша есеп берді.

Кездесуде елді елең еткізген жаңалықтың бірі биыл Әлихан Бөкейхан мен Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш орнатылады. Майқұдықта жаңа Балалар сарайы, спорт кешендері салынады.

Сонымен қатар бұған дейін әкімдік тұрмысы төмен 150 отбасыға ипотека алу үшін алғашқы жарнаға сертификат беріп келген болса, биыл бұл сертификат саны 300-ге көбейді. Осыған дейін 2 пайыздық «Бақытты отбасыға» ғана бөлінсе, енді 5 пайыздық «Шаңырақ» бағдарламасының да алғашқы жарнасына қаражат бөлінеді.

Әкіммен кездесуге 100-ден астам адам келді. Трансляция «Достық үйі» ғимаратының қасбетінде орналасқан бас экранда жүргізілді.

Жиында әкімге 50-ден астам сұрақ қойылды. Сенім телефоны мен тікелей эфирді таратқан әлеуметтік желілерден де қоңыраулар түсті. Қала тұрғындары абаттандыруға, атап айтқанда, жолдарды жарықтандыру мен жөндеуге, ауладағы балаларға арналған ойын алаңдарына қатысты сұрақтар қойды. Шағыммен келгендердің көбі Михайловка, құрылысы әлі бітпеген «Шапағат» тұрғын үйі және Гүлдер-1 шағын ауданының тұрғындары. Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қазыбек би ауданы әкімі Нұрлан Рыстин ескертулер есепке алынғанын, және де аталған мәселелер шешілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты бірнеше адам өз пікірлерін білдіріп №№34,134 және 63 сияқты бағыттарды желіге қайтаруды сұрады.

Тұрғындар қаланы көркейту мен тіршілігінің негізгі мәселелерімен қатар, «сақалды» құрылыс пен сапасыз салынған үйлерге қатысты бұрыннан келе жатқан мәселелерін де көтерді. Мысалы, Бәйкен Әшімов көшесіндегі №26/3 үйі өкілі: «Бұл үйдің салынып жатқанына 8 жыл болды және әлі де бірқатар мәселелер шешімін таппай келеді» – деді. Қала әкімі тұрғынды барлық жұмыс сәуір айында аяқталады деп сендірді.

Сондай-ақ, ол бірнеше жылға созылған үш бірдей құрылыс аяқталғанын, ендігі кезекте Б.Әшімов көшесіндегі үй мен «Шаңырақ» тұрғын үй кешендерінің аяқталуы үшін биыл күш салатындарын айтты.

Жиынға «Қарағанды мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Мәселен, қоғам төрағасы қала тұрғындарының мүгедектерге арналған арнайы тұрақтарға өз көліктерін қойып қоятынына налыды. Және әкімнен мұндай әрекетке барғандарды жазалауды сұрады. Қаланың кейбір мекемелерінде, мысалы, ұялы байланыс үшін мүгедектер жиі келетін «Қазақстан» қонақүйінде пандустың жоқтығы мәселесін көтерді.

Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігінше айтылған мәселелерді шешуге уәде берді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button