Мәні мен сәні келіскен кеш
Жақында Октябрь ауданы ардагерлер кеңесінің бастамасымен №95 мектеп-гимназиясында ардагер ұстаздармен кездесу өтті.

Жиында ардагер ұстаздарды аудандық ардагерлер кеңесінің басшысы М.Аймағамбетов ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ, ардагер ұстаз Г.Елубаева өмір, туған жер, әріптестер, жалпы ұстаздық қызмет жайлы ой толғап, пікірін білдірді. Қалалық мәслихаттың депутаты Ю.Бадина ардагерлердің орасан зор қызметіне бас иіп, ағарту саласындағы еңбектеріне мәслихат атынан алғыс білдірді. Зейнеткер ұстаз, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Ф.Шакирова, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.Хван жүрекжарды лебіздерін арнады. Кездесуді ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Еліміздің біртұтастығының нышаны ретінде мектептің әр ұлт өкілдерінен құралған өнерпаздары би билеп, ән шырқап, ардагерлердің, жиналған қауымның зор қошеметіне бөленді. Сүйіспеншілікке ие болған бишілердің өнері қарт ұстаздардың көздеріне қуаныштың жасын ұялатты. Қарияларға аудан әкімінің және ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мектеп директоры М.Жакина ардагерлерге деген ілтипатын білдірді. Шуақты лебіздермен өрілген кездесу әсем әнмен жалғасты.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.



