Өнегелі отбасы – өрелі ұрпақ
Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ. Яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Менің бүгінгі мақалама арқау болып отырған кейіпкерлерім қоғамда өз орны бар тұлғалар. Өнегелі отбасы жайында болмақ.
Әли ақсақал мен Мәриям апаның жалғызы – Сайлау Әлиұлы бетіне жел тимеген, есті ерке болды. Әли ата – соғыс ардагері. Ауыл-аймақтың батагөй абызы, халықтың салт-санасын қадірлеген ақылшысы болды. Елі «Әлеке» деп құрметтеді. Белгілі атбегі, ұлттық салт-дәстүрге жетік, домбырамен ән салған. Елге үлгі-өнеге, жарлыға қамқор болған ізгі жан. Жалғызына да «ат – ердің қанаты» екенін ерте түсіндіріп, жастайынан атқа қондырды. Тіпті, Сайлау Әлиұлы Алматының ипподромында өткен республикалық ат жарысына да қатысты. Жастайынан әкенің қадірін біліп, киесін түсінді. Ананың ақ сүтін ардақтап, айтқанын орындауға тырысты. Сол бір жастайынан бойына сіңген өнегелі тәлім-тәрбие Сайлау Әлиұлының кісілік келбетін жоғалтпауына, адамдық борышын адал атқаруға міндеттеді.
Әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмады. Еңбекқор, жұмысына тиянақты, бірбеткей, әр нәрсені ой елегінен өткізіп, нақты әрі дұрыс шешімді лезде қабылдайтын, ойға кемел, сөзге берен, қағілез қасиеті басым. Сөздің қадірін түсінетін, әдебиетке де, мәдениетке де өте жақын адам.
Алғаш еңбек жолын Ынталы ауылындағы клуб меңгерушісінен бастап, ауылдың төрт басшысының бірі – кәсіподақ комитетінің төрағалығына дейін көтерілді. Бойында қажыр-қайраты мол, жігерлі жас 25 жасында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылды. Содан бері, аудандық деңгейде лауазымды қызметтерді атқарып келеді.
Еңбек жолының өсу баспалдағында абырой мен адамдықты биік ұстады. Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымады. Ең бастысы – адамдық қалпынан айнымады, адамгершілік қасиетін жоғалтпады. Қызметін де білікті басшы, абыройлы, ел сыйлайтын, халық қадірлейтін қарапайым адам. Ағайын-туысқа кішіпейіл, қамқор, кішілігі кісілігіне ұласқан аға, бауыр. Жарының асқар тауы, балаларының арқа сүйер тірегі. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке. Осындай тасы өрге домалаған азаматтың басына қонған бақ құсы – Рымжан апай.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Жанындағы жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп, ұйытқысы болып отырған Рымжан апай көркіне ақылы сай, байсалды адам. Қасиет дарып, құт қонған киелі мекен Аққораның бауырын мекендеген Мырзатай әкеміздің шаңырағының құты болды. Ел басына күн туып, ер етікпен күн кешкен заманда, Отан үшін от кешіп, аяғын майдан даласында қалдырып келген, соғыс ардагері Мырзатай әкеміз бен он баланы дүниеге әкелген, алтын құрсақты, кең жүректі Рақима анамыздың Рымжан апай ақмаңдайлы қызы болды. «Бұл балам – бағым, өрісім, қонағым деп» еркелеткен әкенің ыстық ықыласында өскен Рымжан апай, шынымен де бауырмал, туыс десе, жанып тұрады. Намысқой, қайратты. Отбасылық қуаныштарда Сайлау жездем «мына отырғандардың бәрі – Ркеннің туыстары» деп қалжыңдап жатады. Сөзінің жаны бар. Туыстарды жинап, қуанышын бөлісіп, адал асын ұсынып, ақ тілегін ағытып отырады тілеуқор апамыз. «Әлгі өзіміздің бәленше ше, біздің туысымыз ғой, Аққораныкі ғой», – деп әңгімесін жақындардан бастайды. Көпшіл. Бұрын көп нәрсеге мән бере қоймайтын мен Рымжан апаймен әр кездескен сайын туысқа деген ықыласым артып, атамекеніміз Аққораға деген сезімім еселене түседі. Әр атқан таң мен мерекеде ұялы телефоныма келетін әрбір хабарламадағы «бауырым» деп басталатын ізгі тілегі менің жүрегіме нұр болып құйылып жатады. Арқаланып қаламын. Болмысы шынайы, бар тілегі балаларының амандығы, сенімді серігі жанындағы жары. «Жақсы әйел ері ұялар іс қылмайды» демекші, үлкен бір әулеттің ибалы келіні, жұртқа құт, ерінің мақтаны.
Ерімен тізе қоса, иық тірестіре жүріп, етене еңбек еткен Рымжан апай еңбек жолын кооперацияда сатушы болып бастады. Содан бері, бүгінгі күнге дейін сауда саласында жемісті еңбек етіп келеді. Нарықтық кезең белең алып, балапан басы, тұрымтай тұсы уақыты кезінде, өзі жетік білетін, жаны сүйетін кәсібі саудадан қол үзген жоқ. Қала ортасынан ғимарат алып, дүкен ашты. Бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет жасауда.
Іші – таза әрі жарық, қажетті тауарлар стандартқа сай қатталып, рет-ретімен орналасқан. Күнделікті тұтынатын азық-түлік және өзге де заттардың бағасы халықтың қалтасына сай. Бүгінде кәсібінен нәсібін тауып отырған Ркен апайдың өзінің сауда саласында ұтылмай, сауаттылықпен жетістікке жетуіне еңбек сіңіріп, білімі мен біліктілігін шыңдаған қызметтес болған аға-әпкелеріне деген алғысы зор. Өмірдің үлкен жолына салған сол кездегі аудандық тұтынушылар қоғамының басшылары Еркін Мұстафинге, Ақылсерік Әбішевке, Самат Акимовке, Амангелді Сейсембековке және Мәруаш, Тілеужан, Луиза сынды аға-апайларына деген ықыласы бөлек. Себебі, өмір атты үлкен кеменің ескегін бірге есіп, қиындығы мен қызығын қатар көрген қызметтестерінің есімін ерекше ілтипатпен атайды. Осындай еңбек майталмандарынан тәлім-тәрбие алып, барлық сауда нүктелерінде қателікке жол бермей, қалтқысыз еңбек етті. Сан жылғы жиналған мол тәжірибе, бүгінде өз ісін дөңгелетуіне ықпал етті.
Жастық жалынмен, жігермен еңбек еткен жандар бүгінде асқаралы алпыстың асуына шықты. Алдымен – аяулы ата-ана, ардақты ата мен әже. Құда мен құдағи. Бірі – басшы, екіншісі – кәсіпкер. Екеуі де халыққа қызмет көрсетуде. Бір мақсат болды. Ол – көзге көрінген бес баласын өсіріп, тәрбиелеп, жетілдіру. Орындалды. Бүгінде олар бизнес, қаржы, құқық қорғау, құрылыс, білім беру салаларында қызметте. Өнегелі отбасынан өрбіген саналы ұрпақ. Балалары алдындағы ата-аналық борыштарын адал атқарды, оқытты, тоқытты. Балалары да ардақтыларының атына кір келтірмеді. Барынша оларды бақытты етуге тырысуда. Мың жылдық құда, жүз жылдық күйеу баламен сыйласып отырған жайы бар. Балдай тәтті немерелері шапқылап, атасы мен апасының қуанышын еселеп кетеді. Зымыраған уақытпен ілесе жүріп, ақ отаудан ордалы, шаһарлы шаңыраққа айналған Сайлау Әлиұлы мен Рымжан Мырзатайқызының қол ұстасып отбасылық өмірге қадам басқандарына қырық жыл толды.
Айтқандай, Сайлау Әлиұлы әлі де аттың құлағында ойнайды. Әлі күнге дейін жүйрік ұстап, баптап, мініп жүреді. Тау баласы тауға қарап өседі. Әкеден қалған аманатқа адалдық танытып келеді.
Бүгінде парасат жасына қадам басып, «отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған асыл жандарға қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Шаңырақтан шаттық пен қуаныш шуағы үзілмесін!
Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»