Кәсіпкермен келелі кездесу
Жуырда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы жеңімпаздарының бірі теміртаулық машина жасаушы «Іңкәр-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы – Қуандық НҰРПЕЙІСОВТІҢ қатысумен Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы «Жетістік формуласы» атты бенефис-шоу ұйымдастырды.

Осымен екінші рет ұйымдастырылған игі шараға аталмыш кітапхана мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болды. Мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақты еңбекке баулу, табысты адаммен таныстыру арқылы балалардың жеке өмірлік мақсаттары мен міндеттерін қалыптастыру.
Диалог алаңына келген бизнесмен, металл өңдеу және машина жасау бағыттарына бейімделген «Инкар-I», ЖШС құрылтайшысы Қуандық Балтабайұлы өзі жайлы, бизнеске қалай келгендігі туралы тоқталды.
Спикердің айтуынша, жиырма жылдан астам тәжірибесі бар «Іңкәр-1» компаниясының жаңа тарихы 2017 жылы басталған көрінеді. Осы жылы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасын қолданыпты. Содан бері жүз миллионнан астам несие қаражаты алынып, жапондық жабдық сатып алынды, цифрлық басқаруы бар білдектерді орналастыруға арналған жер учаскесі мен жаңа цех салған.
Кәсіпорынның металлургиялық, таукен қазу және цемент өнеркәсібі салаларына қосалқы бөлшектер шығаруда мол тәжірибесі бар. Фирма қызметкерлері бөлшектерді механикалық өңдеу және «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» сынды алып кәсіпорындар үшін жабдық әзірлеумен айналысады. Өнімдегі қазақстандық қамту үлесі 83%- ға тең. Қазіргі таңда «Іңкәр-1» компаниясында шамамен 110 адам жұмыс істейді. 2013 жылы ұжым алғашқылардың бірі болып «Қазақстанда дуальды оқытудың стратегиялық альянсы» бағдарламасына қатысты, оның шеңберінде «Теміртау жоғары политехникалық колледжі» және басқа мекемелермен тығыз байланыс орнатқан.
– Үкімет шағын және орта бизнесті дамытып жүргендерге ерекше қолдау көрсетіп жатыр. Дегенмен де бизнес бастау оңай шаруа емес. Жеке бір кәсіпкер болу үшін сенде басқарушылық қабілет, алға қойған мақсатқа талмай ұмтылушылық және ойлау қабілеті жағынан, есеп жағынан, яғни, үнемдеу жағынан мықты болуың керек. Ол үшін жас күніңнен оқуың қажет. Маған алған білімім ерекше көмегін тигізді. Елбасы да кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетіп отыр. Мен жаңа жобаларды белсенді қолдаймын. 2013 жылы «Іскер байланыс» бағдарламасына қатысып, Германияның машина жасау кәсіпорындарынан тағылымдамадан өттім. Сол жылы «Моно қалалар» мемлекеттік бағдарламасымен жапон машина жасау зауыттарына да барып, тәжірибе алмастым. Көбіне біліктілік арттыруға қызметкерлерімді шетелден практикадан өткізіп тұрамын, – деді Қуандық Нұрпейісов.
Шараға қатысқан белсенді оқушылар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Осы күні оқушылар тарапынан 30 сұрақ қойылып, ең қызықты сұрақ қойған оқушыға диалог алаңының қатысушысы – Қуандық Нұрпейісов естелік сыйлықты табыс етті.
Бұдан кейін, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Қуанышқызы шараны қорытындылап, қатысушыларға өз алғысын білдіріп, жастарға жетістіктер тіледі.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»



