Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет
Парақорлық, басқаша айтқанда, сыбайлас жемқорлық – мемлекетіміздің экономикалық, саяси дамуына бірден-бір кедергі болатын тұсау-шідер десе де болады. Қоғамымыздың бір кезеңнен екінші бір кезеңіне өту кезінде етек жайған кылмыстың бір түрі – осы сыбайлас жемқорлық немесе парақорлық, әсіресе оның аса қауіптісі – мемлекеттік қызмет саласындағы қылмыстар болып табылады. Осылайша, сыбайлас жемқорлық біздің қоғамымызда әлі де болса орын алып келе жатқан кері құбылыс. Мұнымен күресу тек қана құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, баршамыздың алға қойған мақсатымыз болуы қажет. Өйткені, бұл – қоғамға өте қауіпті дерт.
Лауазымды тұлға пара ала отырып, мемлекеттік аппарат немесе жергілікті өзін-өзі басқару аппаратының қалыпты қызмет жасауына қол сұғып отырғанын әрі осының салдарынан басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін екенін түсінуі қажет.
Егер, лауазымды адам оған берілген мүлікті пара ретінде қабылдаса, ал бұл уақытта оны беруші адам қарызды қайтарып отырмын немесе, айыппұл, салық және тағы басқаларды төлеп отырмын деп есептесе, онда ол пара алуға оқталғандығы үшін де жауапкершілікке тартылуы тиіс. Жауапкершілік пара алушыға да, берушіге де, екі жаққа бірдей болуы қажет
Сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі болып табылатын пара алудың негізгі белгісі – пайдакүнемдік ниетпен мүліктік сипаттағы заңсыз пайда табу. Кері ниетке пайдакүнемдік мақсат та сәйкес келеді.
Қызмет бойынша кейбір әрекеттерді орындағаны (орындамағаны) үшін параны лауазымды адам емес, оның туысы алса, қылмыс құрамының анықталу шарттары бар. Егер, лауазым иесі бұл сыйлық жайлы біліп, тікелей сыйлық алушы оған материалдық тәуелділікте болып немесе мезгіл-мезгіл оның материалдық қолдауын пайдаланып отырса жауапқа тартылады. Басқа жағдайда лауазым адамы пара алушы ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін емес. Себебі, оның әрекетінде пайдакүнемдік мақсат пен ниет жоқ. Егер, мұндай ретте іс-әрекетте қылмыстың басқа да белгілері болған кезде лауазым адамының өкілеттілігін асыра пайдалана отырып өзінің жеке мүддесі үшін жасаған әрекеті жайлы сөз болуы мүмкін.
Қорытындыласақ, сыбайлас жемқорлық – қоғамымыздың деніне түскен жегі құрт. Онымен баршамыз болып күрескеніміз жөн.
Қазыбек би атындағы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бұл бағытта тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, семинарлар, дәрістер жүргізіледі.
Қазыбек би атындағы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы.