Жеңіс ҚАСЫМБЕК: «ЭПИДЖАҒДАЙ ЖАҚСАРҒАНЫМЕН, БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ»
Қарағанды облысында инфекция жұқтыру деңгейі төмендеді. Күн сайынғы өсім көрсеткіші – 1,5%. Жедел жәрдем шақыру саны да үш есеге қысқарған. Ауруханалар төсек-орындары жартылай бос тұр. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК кеше онлайн-режимде өткен аппарат жиынында мәлімдеді.
ІНДЕТПЕН КҮРЕС – НӘТИЖЕЛІ
Жеңіс Махмұдұлы жиынды облыстық білім басқармасының жаңа басшысы Гүлсім Қожахметованы таныстырудан бастады.
Кеңесте аймақтағы эпидемиологиялық жағдай және инфекциямен күрес шараларымен қатар, электронды сауданың дамуы, жылу беру маусымына дайындық шеңберінде коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды.
– Аймақта 8 058 адам індет жұқтырған. 81 адам ажал құшып, 4 926 науқас сауығып шықты. Соңғы екі аптадағы талдау нәтижесінен эпиджағдайдың жақсарып, жұқтыру көрсеткішінің азайғанын көріп отырмыз. Инфекциялық кереуеттер қажеттілігі 47%-ға азайып, провизорлық кереуеттер 50% жүктемемен жұмыс істеуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, ол дәрі-дәрмекпен қамту жағдайының түбегейлі жақсарғанын айтты. Стационарларда қажетті препараттардың қоры жеткілікті. Облыс емханаларына пневмониядан үйде емделетін науқастарды қамтамасыз етуге арналған антибиотиктер түскен, дәріхана желілерінде де тапшылық мәселесі жоқ.
Облыстың денсаулық сақтау жүйесін күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау жоспары да әзірленген. Ол инфрақұрылымды дамыту, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, тұрақтандыру қорын құру жөніндегі шараларды қамтиды.
Қосымша 1 500 пульсоксиметр, 500 оттегі концентраты, 302 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу жоспарланғанын да хабарлады. Компьютер томографтары мен сандық рентген-аппараттарының саны артады, ПТР-сараптама желісі кеңейтіледі.
Медицина кадрларының жетіспеушілігі мәселесі де шешілуде. Ведомство басшысының айтуынша, биыл медициналық ЖОО-ның 360 түлегі жұмысқа орналаспақ. Облыс аумағындағы қалалар мен аудандарда жұмыс істейтін жас мамандарға баспана беріледі.
Облыс әкімі карантин режимінің сақталуын бақылауды әлсіретпей, тәртіп бұзушылықтың жолын кесуді тапсырды. Сондай-ақ, Жеңіс Махмұдұлы күз пен қыс маусымында инфекцияның қайта өршу мүмкіндігін ескере отырып, оның екінші толқынына дайындықты уақытылы бастап, пысықтауды тапсырды және індеттің беті қайтқанымен босаңсуға болмайтынын айрықша атап айтты.
ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА КӨЛЕМІ ҮШ ЕСЕ ӨСЕДІ
Облыста карантин кезеңінде электронды сауда-саттық көлемі айтарлықтай өскен. Жыл соңына дейін одан әрі ұлғая түспек. Онлайн-бөлшек сауданың үлесі шамамен үш есеге – 0,8%-дан 2,4%-ға дейін көтеріледі деген болжам бар. Бұл оқшауланған елдің қашықтан сауда жасап, заманауи технологияларды иегере бастағанын аңғартады.
– Ресми дерекке сәйкес, 2019 жылы облыста бөлшек сауда көлемі 8,1 млрд. теңгені құрады. Карантин кезінде сауда үйлері мен қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру қызметіне көшті. Нәтижесінде, бөлшек тауар айналымын 2,4%-ға ұлғайта отырып, электрондық сауданың кемінде үш есеге өсуі күтілуде, – деп хабарлады облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Сондай-ақ, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 10%-ға жеткізу міндеті де қойылған дейді ол.
Карантин кезінде https://digitalkz. kz/kursy/ сайтында сауаттылыққа үйрету курстары өткізілсе, https://ba09. kz интернет-алаңында онлайн-дүкендер мен қызметтерге сілтемелер ұсынылған.
Статистикалық мәліметтер жыл басынан бері облыста қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бес есеге өсіп, бес айда 553 млрд. теңгені құрағанын көрсеткен.
– Электронды сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Мұны қолдау керек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнеске электронды алаңдарды игеруге көмектесіп, жұртшылықтың сандық сауаттылығын арттыруымыз тиіс, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
КӨМІРДІ ЕРТЕРЕК САТЫП АЛУ КЕРЕК
Облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында тұрмыстық көмірмен қамту мониторингі жүргізілуде. Отын қоры жеткілікті болғанымен, тұрғындар оны сатып алуға асығар емес. Осы орайда, мамандар көмірді дер кезінде сатып алуға шақырады.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сәйкес, аймақта алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 1 700 мың тонна. Оның басым бөлігі жеке тұтынушыларға тиесілі. Халық әзірге 33 мың тоннадан сәл артық, яғни, жалпы қажеттіліктің, шамамен, 3%-ын ғана сатып алған.
Қазір бюджеттік ұйымдар үшін де көмір сатып алу басталды.
Жеңіс Махмұдұлы осы мәселеге қатысты тұрғындарға дұрыс ақпарат беру жұмыстарын күшейтуді, сауда нүктелеріндегі көмір қорлары мен олардың бағасын бақылап, адамдарға алдын ала көмір сатып алу қажеттілігін түсіндіру керектігін тапсырды. Тапшылық пен ұзынсонар кезектің орын алмауы үшін барлық қажетті шараларды қатаң қолға алу қажет екендігін де айрықша атап айтты.
Жәлел ШАЛҚАР.