Коронавирус

Жоспарлы емдеу жанданады

Қазақстанда тамыз айынан бастап халыққа жоспарлы медициналық көмек көрсету кезең-кезеңімен қайта басталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 тамыздан бастап халыққа жоспарлы медициналық көмекті жаңарту алгоритмі әзірленді. Бірінші кезекте COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға қатыстырылмаған қалған стационарларды кезең-кезеңмен қоса отырып, республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникаларда, көпсалалы ауруханаларда жоспарлы емдеуге жатқызу қалпына келтіріледі.

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Пандемия кезінде көптеген жоспарлы қызметтер кейінге қалдырылғанын ескере отырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметтерді тұтыну айтарлықтай өседі деп болжайды. Осыған байланысты медициналық көмекті қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізілуде.

Қордың болжамы бойынша үшінші тоқсанда жоспарлы көмек көлемі МӘМС жүйесін енгізу кезінде көзделгендей, жыл басындағы деңгейге дейін өсуі мүмкін.

Осылайша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында тәуліктік стационарларда 827 мың пациентке мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артық. Жоспарлы емдеуге жатқызу 79%-ға артты. Медициналық оңалту көлемі 35%-ға ұлғайды, бұл ретте инсульттан кейін пациенттерді қамту 2,3 есеге өсті. Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда әрбір үшінші пациент МӘМС қаражаты есебінен емделді.

– Біз денсаулық сақтау жүйесі вирусты жеңе алады деп үміттенеміз және қор пациенттер алдындағы өзінің іске асырылмаған міндеттемелеріне қайта оралады, – деді медициналық сақтандыру қорының басшысы Болат Төкежанов.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button