Руханият

Абай рухы алты құрлықты кезіп жүр

Абайдың 175 жылдығына орай, ғұламаның қара сөздері нидерланд тілінде қайта басылып шықты. Қазақстанның осы елдегі елшілігі мен Алматыдағы әдебиет және өнер институты бірігіп, туындының тұсаукесерін онлайн өткізді.

Жиынға Қазақстан мен Нидерландының елшілері мен парламент депутаттары қатысты. Онлайн шарада бас қосқандар Абай мұрасының әлем әдебиеті үшін маңызы, адамзат ғұмырында алар орнына тоқталып өтті.

Қазақстанның осы елдегі елшісі Мағжан Ілиясовтың айтуынша, Нидерланд жұрты Абайдың қара сөздерін өз тілінде оқу арқылы қазақтың рухани мәдениетімен танысады.

***

Ал, жапон әншісі Ранка қазақ елін Абайдың 175 жылдығымен «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде орындау арқылы құттықтады. Бұл туралы ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді.

Әнші осынау қиын кезеңде Қазақстан халқы сынақтан сүрінбей өтіп, қалыпты өмірге тез оралуын тіледі. Музыкалық композицияның дәстүрлі жапон аранжировкасы «кото» ұлттық шертпелі аспабының дыбысталуы және «Zerosta» продюсерлік компаниясының ұйымдастыруымен жасалды. Әннің сөзін жапон тіліне «Wako» университетінің профессоры Хироки Сакаи аударыпты. Айтпақшы, ол қазақ халқының фольклорлық-мифологиялық мұрасы туралы бірнеше кітаптың авторы, оның ішінде Абайдың «Қара сөздерін» жапон тіліне аударыпты. Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің мақсаты – Абай шығармашылығының көркемдік және эстетикалық мазмұнын жапон тілінде жеткізу арқылы қазақ мәдениетін дәріптеу. Ранка – композитор, жапондық халық және заманауи музыканың орындаушысы, сондай-ақ, «Japan Record Awards» музыкалық сыйлығының Гран-при иегері.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, ақынның шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button