Руханият

Әлемдегі ең кішкентай аралдар

Бала кезімізде әке-шешемізден сөз естіген шақтарда елсіз аралға кетіп қалу жайлы ой біразымыздың басымызға келген шығар. Оған жету үшін қыруар қаржы, одан бөлек біраз құжат керек екенін ер жеткен соң білдік қой. Сол арманыңызды әлі де іске асырғыңыз келсе, не болмаса, бір аралды cатып алып, иесі болғыңыз келсе, біз сізге әлемдегі ең кішкентай аралдар тізімін ұсынбақшымыз.

БИШОП РОК АРАЛЫ

Атлант мұхитындағы Бишоп Рок аралын жан баласы мекен етпейді, тек бағыт-бағдарды айқындау мақсатында маяк орнатылған. Туристерді тартатын да осы – маяк, ең биік нүктесі – 49 метр. Маяктың ұшар биігінде тікұшақ қонатын арнайы орын қарастырылған. Ал, аралдың ұзындығы небары 46 метр, ені – 16 метр.

МАДЛЕНД-АЙЛЕНД АРАЛЫ

АҚШ-тың Висконсин штатындағы бұл мекенге туристер қысы жазы леклегімен келіп жатады. Оның себебі де жоқ емес. Қыста шаңғы теуіп, жазда гольф ойнауды сүйетін бақуатты жандар бір соқпай кетпейді. Бар-жоғы үш жүзден астам адам аумағы 109 км² болатын аралда тату-тәтті өмір сүруде.

ЯП АРАЛЫ

Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі архипелагтағы бертінге дейін тас теңгелерімен аты шыққан арал. Тұрғындар саны – 1 200 шамасында. Жер көлемі – 101,4 км². Аралдың табиғаты – өте керемет. Туристер асханасы дәмі тіл үйіреді. Туристердің басым дені – дайвингпен айналысатындар.

БЕНГУЭРРА АРАЛЫ

Көлемі бар-жоғы 55 км² болатын аралға барған адам сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді өз көзімен көрер еді. Бенгуэрра – Мозамбик ұлттық теңіз қорықтары аралдарының бірі. Су асты маржан рифтері арқылы танымал арал – дайвинг үшін таптырмас орын. Сирек кездесетін балықтар мен шағын акулалар өте мол.

БӨБЕК СЕНС-САЙМОНДС АЙЛЕНД АРАЛЫ

Бөбек атауы аралдың көлеміне қатысты берілген. Джорджия архипелагының бір бөлігіне жататын аралдың көлемі 40,61 км². Туристер Атлант мұхиты жағаға ұрып жатқан, аппақ құмды жағажайы мен алып кедр ағаштарының көлеңкесінде ләззат алу үшін баратын аралда жылдың басқа мезгілінде небары 25 адам өмір сүреді.

ОҢТҮСТІК БАС-АЙЛЕНД АРАЛЫ

Огайо штатының солтүстік-шығысында орналасқан. Небары 20,8 км² жер аумағын алып жатқан аралда шарап әзірлеу ісі қатты дамыған. Шағын сыра зауыты да бар. Желкенді қайықпен серуендеуді ұнататындар бұл аралда жабырқамасы анық. Жергілікті тұрғындарының саны – 400-500 адам мұғдарында.

ТЕҢІЗ АРЫСТАНДАРЫ АРАЛЫ

Атлант мұхитының оң бөлігінде орналасқан аралда сізді теңіз арыстандары күтіп алуы мүмкін. Туристік маусым қазан айынан бастау алып, сәуір айының басында жабылады. Осы аралықта туристерге жеті адам ғана қызмет көрсетеді. Аралдың аумағы – 15,7 км².

КОРВУ АРАЛЫ

Португалиядан аса қашық емес Азор архипелагында жанартау салдарынан пайда болған шағын аралдардың бірі. Адамдар мекендейтін шағын бөлігінде Вила-Нова-ду-Корву атты шағын қалашық бар. Осыдан 7 жыл бұрынғы санақ бойынша аралда 430 адам тұрады екен. Онда туристер теңіз тағамдарына және дайвингке қарық болады. Балық аулауға барлық жағдай жасалған. Жер көлемі – 15,6 км².

САБА АРАЛЫ

Бұл аралға туристер мүлгіп жатқан жанартауды көру мақсатында барады. Қаңтар және наурыз айларында әдемі табиғатына сүйсініп, су астында серуендеуге болады. Жер көлемі – 13,2 км², тұрғындар тығыз орналасқан. Адам саны – 1200 шамасында.

ФОКС АЙЛЕНД АРАЛЫ

«Құласаң нардан құла» деген мақалды айтқан халықтың ұрпағы ретінде итбалықты емес, кит балықты көруді армандасаңыз, осы аралға барған жөн. Киттен бөлек, теңіз арыстанын көру бақыты да бұйырады. Көлемі – 10,4 км².

КЕЙ-КОЛКЕР АРАЛЫ

Белиз Сити қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан арал. Жергілікті халық саны мыңнан сәл ғана асады. Туристер саны олардан он есе басым болады. Қысы-жазы +25, +27 С ° тұратын аралда туристердің көп шоғырлануы – заңды құбылыс. Мамыр мен қараша айлары – жаңбырлы маусым. Жануарлардың түр-түрі мекен ететін джунглиі, теңіз жағалауындағы жартастарында үңгірлері бар бұл мекен жердегі жұмақ іспетті.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button