Психологиялық жайлылық, әлде, ащы шындықты қабылдау
Қиындықсыз өсу де болмақ емес. Алаңсыз балалық шақты артқа тастап, ересек өмірге қадам басқан сайын өміріміз де күрделене түседі. Оның үстіне, қазіргі қоғамды бұрынғы қоғаммен салыстыруға келмейді. Мәселен, күнделікті қолданатын техниканың өзін алар болсақ, күн сайын күрделене түседі емес пе?! Кешегі мен бүгінгінің айырмасы жер мен көктей, ал, ертеңгісін пайдалану, тіпті, қиындай түсетіні сөзсіз. Сапасын айтпағанның өзінде, сыртқы келбетінің өзі көрер көзге жағымды. Күнделікті киім ше? Әлбетте, мүмкіндігімізше сапасы мен дайындалу күрделілігіне, қай елде өндірілгеніне мән береміз. Сондықтан, даму үшін ең алдымен өміріміздің өзі күрделі әрі қиындықтан тұратынын мойындауға тиіспіз.
Қазіргі заман қиындықты өмірдің негізгі құндылығы ретінде қабылдауды талап етеді. Біз тек технологиялардың ғана емес, сондай-ақ, мағынасы, үдерістері мен қарым-қатынасының тарихи теңдесі жоқ күрделілігі мен динамизмі ерекшеленетін дәуірде өмір сүріп жатқанымызды анық түсінуіміз керек. Адамзат бір кездері өмір сүрген тұрақты, қарапайым және айқын әлем келмеске кеткен. Қазір психологиялық тұрғыда ыңғайлы, қарапайым әрі болжамды әлемді сақтап қалуға мүмкіндік бермейтін ауқымды өзгерістер дәуіріне ендік.
Әлемде болып жатқан күрделілік, тұрақсыздық, айқындықтың жоқтығы мен болып жатқан процестерге болжам жасауды жоғалту процесі VUCA-әлем анықтамасында көрініс тапты. VUCA акронимі volatility-тұрақсыздық, uncertainty-белгісіздік, complexity-күрделілік, ambiguity-түсініксіздік ретінде түсіндіріледі. Өмір шындығының осы әр белгісі қалыптасқан көзқарастарымыз бен әдеттерімізді өзгертуге мәжбүрлейді. Ең бастысы, ол тұрақсыздық, белгісіздік, күрделілік, түсініксіздікті өміріміздің ажырамас бөлігі ретінде қабылдауға мәжбүрлейді. Сондықтан, заманға бейімделгіміз келсе, осыған дейін қалыптасқан әлем туралы, өзіміз туралы ойымызды, ойлау тәсілдеріміз бен құндылықтарымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Жалпы айтқанда, өзгермелі әлем мен ондағы қиындықтарды өміріміздің қашып құтыла алмайтын, жойып жіберуге келмейтін негізі ретінде қабылдауға тиіспіз.
Бірақ, қиындықтан қажыған адам проблемасын шешудің оңай жолын іздейді, түсінікті әрі қарапайым әлемде өмір сүргісі келеді. Соның салдарынан, қиындықтан айнала қашып, психологиялық тұрғыда жайлы, өзі үшін түсінікті әрі қарапайым әлем құрғысы келеді. Бірақ, мұндай ізденіс салдары проблеманы уақытша ғана шешіп, қиындықтар қайта айналып келе береді. Белгілі Генри Луис Менкен күрделі проблеманы шешудің күрделі жолдарын қарапайым жолға ауыстыруға деген адамзат үмітіне қатысты былай деп айтады: «Кез келген шетін және күрделі сұраққа қарапайым және тікелей жауап беруге болады. Бірақ, ол дұрыс емес». Өмірдің күрделі соққысына ұшырамаудың оңай жолын тапқымыз келгенде Генри Луисом Менкеннің мысқылмен айтқан осы сөздерін есімізге түсіруіміз керек сияқты.
Алайда, адам қарапайым шешімдер мен түпкілікті ақиқатқа жету үмітінен ажырамайды. Әсіресе, олар қарапайымдылық – құндылықтардың бірі ретінде қабылданған қоғамда тәрбиеленсе. Бұл кеңес үкіметі кезінде белең алды. Қарапайымдылық кеңестік үгіт-насихат пен өнердің ғана емес, сондай-ақ, кеңестік қоғамның өмір салты арқасында адамдардың негізгі құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарының біріне айналды.
Нәтижесінде, қарапайымдылық – кеңес адамдарының ойлары, ұстанымдары мен іс-әрекеттерін қалыптастырған өмірлік ұстанымға айналды. Кеңес адамдары үшін қарапайымдылық идеалының маңыздылығын «Все гениальное просто» мәтелі растайды. Осылайша, мәтел арқылы күрделі теориялар мен шешімдерді жоққа шығарып, қарапайым көріністер мен шешімдерге деген бейімділіктерін ақтады.
Бірақ, қарапайымдылықтың даңқын арттырып, қиындықты мойындамау технологияда артта қалуды ғана емес, уақыт талабына сәйкес, кеңестік қоғамды реформалауға қабілетсіз екенін көрсетті. Сөйтіп, Кеңес Одағы ерте индустриялық даму кезеңінде үлкен жетістіктерге жеткенімен, қарапайым технология мен әлеуметтік институттар негізінде даму мүмкіндігі бола отырып, әлем постиндустриалды даму кезеңіне кірген кезде жетекші елдерден ырықсыз түрде артта қала берді.
Әлем қоғамды да, онда кездесетін қиындықтарды шешудің негізгі тәсілдері ретінде де қарапайымдылыққа қарсы тұрғанда, мұндай нәтиже кеңес қоғамы дамуының сөзсіз қорытындысына айналды.
Адамзат тарихында қарапайым немесе күрделі көзқарастар мен шешімдер негізінде қол жеткізілген нәтижелердің ара-қатынасына сүйене отырып, қандай тұжырымдарға келуге болады? Ең алдымен, біз қоршаған әлемде болып жатқан үдерістердің қарапайым түсіндірмелері өзімізді психологиялық тұрғыда қанағаттандырғанымен, осы проблемаларды шешуге ықпал ете алмайтынын сезінуіміз керек. Сондай-ақ, билікте қарапайым көзқарастар мен оларға негізделген ұстанымдар болғанда, заманауи табысты тұлға бола алмайтынымызды, ХХІ ғасырдың бәсекеге қабілетті және дамыған елін құру мүмкін еместігін мойындау керек.
Дамыған елге айналу үшін біз қарапайымдылық идеалдарына деген бұлжымас адалдығымызды еңсеріп, күрделі әлемде өмір сүру қабілетін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін қиындықты жоққа шығармай, даму жолындағы оның маңызын түсіне отырып, өмір сүру – маңызды.
Есет ЕСЕНҒАРАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық
және құқықтық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері.