АймақКоронавирусПриозерск

Шарапатты шараның шапағаты

Приозерск қаласында қайырымдылық шарасы аясында тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға, әсіресе, егде жастағы адамдарға қажетті дәрі-дәрмек, медициналық бетперде тарату бойынша акциялар өткізілуде.

Жақында ғана «Ардағым-ардагерім» акциясы шеңберінде дәрігердің арнайы рецептінсіз берілетін дәрі-дәрмек пен дәрумендер жиынтық қоржыны және100 медициналық бетперде, «COVID-19» жайлы үнпарақша мен жадынамалар таратылды. Бұған Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық жастар ресурстық орталығы, «ASAR» волонтерлық корпусы мен «Жас Отан» жастар қанаты еріктілері, «24 сағат» дәріханасы мұрындық болды.

– Ардагерлерімізге, қала тұрғындарына көмек қолын созып, осындай қиын уақытта қолдау көрсету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Акцияның ұйымдастырылуына қаржылай атсалысқан жастарға алғысымызды білдіреміз. 10 түрлі дәрі-дәрмек салынған әлеуметтік пакет таратылды. Әр жиынтықта медициналық бетперделерден бастап, дене қызуын түсіретін дәрілерге дейін бар. Дана халқымыздың «Сақтансаң сақтайды» деген ұлағатты сөзін әр адам естен шығармауға тиісті. Қазір қоғамдық орындарда және адамдар көп шоғырланған жерлерде медициналық бетперде тағу өте маңызды,– дейді Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас.

Бұл бастаманы қала жастары алдағы күндері де жалғастыруды көздеп отыр. Демеушілер табылса, олардың ұсынған қажетті дәрілерін көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты қарттарға табыс етпекші.

Өз тілшімізден.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button