Жаңалықтар

280 мың адам сақтандырылмаған

Осы жылдың қазан айында облыс төлеушілері медициналық сақтандыру қорына 2,6 миллиард теңге аударды. Аймақ – аударымдар бойынша бұрынғысынша Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейін көшбасшы үштікте. Дегенмен, об­лыста 280 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«2,6 миллиард теңгенің 1,2 миллиарды қазан айында жалдамалы жұмысшылар үшін аударылды», – дейді баспасөз қызметі. Қалған 1,4 миллиард теңге – жеке кәсіпкерлердің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен жұмыс істейтін азаматтардың және дербес төлеушілердің жарнасы.

– Медициналық сақтандыру жүйесіндегі жалдамалы жұмыскерлердің мәртебесі осы аударымдардың жүйелі әрі уақтылы аударылуына байланысты. Қазіргі уақытта облыста әртүрлі ұйымның 60 мыңнан астам жалдамалы қызметкері сақтандырылмаған. Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған 280 мыңнан астам адам бар. Мәртебе соңғы 12 айдағы берешекке байланысты, – деді Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев. «Медициналық сақтандыру аударымдарында берешек пайда болса, өтеу қажет. Ол үшін, ең алдымен, қандай айлар үшін қарыз екенін, қандай себеппен екенін анықтау керек. Егер жұмыс беруші уақытында жарна төлемесе, жұмыс орнындағы бухгалтерияға жүгіну қажет. Егер тәуелсіз төлеуші болса, онда қарызды төлеуі тиіс. Өз мәртебеңізді және қарыз жайлы Telegram-да SaqtandyryBot арқылы және fms. kz сайты, qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы тексере аласыз», – дейді баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button