Экономика

Мал ұстаудың тиімді тәсілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВТІ қабылдап, саладағы атқарылып жатқан жұмыстарының есебін тыңдады.

Министр мырза Президентке «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасының әзірленіп жатқаны туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы, әсіресе өскелең ұрпақты тәрбиелеуде бұл құжаттың маңыздылығын атап өтті.

Елімізде жануарларға жауапкершілікпен қарауға бағытталған азды-көпті шаралар жасалып жүр. Алайда, бұл мәселелердің дені ит пен мысық сияқты үй жануарлары мен жабайы аң-құстарды қорғаймыз деген әңгіме аясында ғана жүргізіліп келеді. Ал өзіміз қолда бағып отырған ауыл шаруашылығы жануарларын қатыгездіктен қорғау, олардың жағдайын жеңілдетуге арналған жобалар жоққа тән.

Мысалы, саумал мен қымызды жұрттың бәрі тамсанып ішеді, ал малдың төлі – құлындардың желіде қаңтарылып, күннің астында, желдің өтінде, таңнан кешке дейін басын жерден 50 см көтере алмай, қиналып тұратынын көбіміз ескермейміз. Күнделікті көз үйреніп кеткендіктен, қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Технология дамыған уақытта дәстүрімізді сақтай отырып, әлемде болып жатқан инновациялық процестерді қабылдайтын мезгіл жетті.

Мысалы, құлынды желіде байламай-ақ, «жылжымалы жайылым» әдісімен де бие саууға болады. Мұнда құлын, бұзау, бота сияқты малдың төлі таза ауада, еркіндікте байлаусыз өседі. Енелері маңайында жайылып жүреді. Жер учаскеңізді үнемдеп, жоспарлы түрде пайдаланасыз. Учаскені айналып келгенше, бастапқы жайылып кеткен жердің шөбі өсіп тұрады. Күніне екі-үш рет манежді жылжытып, жайылым ауыстырып отырасыз. Оған қоса ішінде автоматтандырылған суғару құрылғысы бар. Төбесінен көлеңкелі шатыр, жан-жағынан жауын-шашын, ыстық пен суық желден қорғайтын жиналмалы қорғаныш перделері де бар. Көлеңкеде тұру немесе күн көзіне шығуды малдың өзі таңдайды. Төлдің ұжымдық (табын, үйір) инстинкті қалыптасады. Белгісіз жаққа ауып, жоғалып кетпейді, ит-құстан келетін қауіп жоқ. Төл бағуға қосымша адам жалдамайсыз, малдың тезегін тазалау қажет емес. Ол органикалық қалдық ретінде жерді тыңайта береді. Мұны құрастырып, қайта жинауға небары 30 минут жеткілікті. Бір қондырғы 10 бас төлге арналған. Қосымша ешкі немесе қой сияқты аздаған ұсақ мал ұстауға да ыңғайлы.

Міне, осы сияқты 100 шақты әлемдік және отандық жаңа үлгілерді мал ұстайтын ауылдағы ағайындарға, фермерлерге көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл гранттық шара «BIRGEMIZ: TAZA ALEM» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асуда.

Мақсат – бұл мәселеге қоғамның назарын аудару және әлеуметтік белсенділікті арттыру, ауыл шаруашылығы жануарларына ізгілікті көзқарасты насихаттау. Қатыгез қарым-қатынастың алдын алу және жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Айдос АМАНБАЙ,

жоба жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button