Коронавирус

«Ата-анаға кеңес: балаңызбен ашық сырласыңыз»

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Елде, тұтас әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты биылғы оқу жылын біраз оқушы қашықтықтан оқитын болады. Ал, мектепке баратын балаға сақтық шарасы, қорғану жолы, жалпы, коронавирус инфекциясы туралы қалай түсіндіруге болады? Осыған қатысты бірнеше кеңес ұсынамыз.

АШЫҚ ӘҢГІМЕЛЕСІҢІЗ

Әлемді әлекке салған коронавирус инфекциясы жайлы баламен еркін жағдайда сөйлесіңіз, ол үшін арнайы уақыт бөліңіз. Балаңыздың осы тақырып жайлы не білетінін сөзін бөлмей тыңдаңыз, ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беріңіз. Ал, білмейтін тұсы болса, кейін толықтырып, вирустың қалай жұғатыны, оны жұқтырмау үшін не істеу керектігін айтып, қарапайым тілмен түсіндіріңіз. Егер жауабын өзіңіз білмесеңіз, ойдан шығармай, интернеттегі шынайы дереккөздерден қараңыз. Бұл ретте баланы қорқытып алмауға көңіл бөлу керек. Қорқыныш бала психологиясына әсер етуі мүмкін.

ӨЗІҢІЗ ҮЛГІ БОЛЫҢЫЗ

Баланы коронавирустан және басқа аурудан қорғаудың ең жақсы тәсілінің бірі – қолды үнемі жуу екенін түсіндіру керек. Оны айтып қана қоймай, өзіңіз үлгі бола отырып, көрсеткеніңіз абзал. Баланы қорқытып істетудің қажеті жоқ. Оған ұнайтын жағымды ән қосып немесе өзі білетін биді билеу арқылы үйретуге де болады. Сонымен қатар, жөтелген немесе түшкірген кезде ауызды жабу керектігін де үйреткен жөн. Бала тазалық сақтау арқылы аурудан сақтануға болатынын білуі керек. Сол себепті қолды жиі жуып, бетперде тағып жүру қажет екенін айтыңыз.

КӨҢІЛІН КӨТЕРЕ БІЛІҢІЗ

Жоғарыда айтқандай, қорқыныш бала психологиясына әсер етеді. Теледидардан немесе интернеттен үрей тудыратын көптеген ақпаратты көргенде айналада не болып жатқанын түсінбей, қорқып кетуі мүмкін. Сондықтан, әдеттегі күн тәртібін ұстануға тырысыңыз. Жағдайға байланысты өзгеріс орын алса, балаға қатты әсер етпейтіндей болғаны жөн. Демалуы мен ойнауына жағдай жасай біліңіз. Егер танысы немесе досының бірі ауырып қалған жағдайда аурудың жұғуы екіталай екенін, көпшілік адам ауырмайтынын айтып түсіндіру керек. Сол үшін сақтану қажеттілігіне баса мән беріңіз.

ӨЗІҢІЗДІ КҮТІҢІЗ

Сіз өзіңізге күтім жасап, денсаулығыңызды қадағалап, салауатты өмір салтын ұстансаңыз, онда балаңызға да жақсы көмектесе аласыз. Бала сіздің әрекетіңіз арқылы өзі де оған бейімделе алады. Үрейге бой алдырмай, сабыр сақтасаңыз, үй ішінде қалыпты жағдай орын алады. Бұдан бала көңілі жайланады.

ҚОМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІҢІЗ

Елде осындай жағдай орын алғанда адамдардың бір-біріне қамқорлық көрсетіп жатқанын айту керек. Қайырымдылық жасап жүрген адамдардың әрекетін теледидардан немесе интернеттен көрсетсе де артық емес. Дәрігерлердің еңбегін де айтуды ұмытпаңыз.

ЕШКІМДІ КЕМСІТПЕУГЕ ҮЙРЕТІҢІЗ

Коронавруспен ауырған адамдардың жазылатынын айтып, түсіндіру керек. Бала оның жазылатын ауру екенін білсін. Сонымен қатар, онымен ауырған досы болса, одан теріс айналмай, онымен дос болуға үйреткен жөн. Қазір індеттің өршуі бүкіл әлемде түрлі кемсітушіліктің көбеюіне әсер етуде. Сондықтан, балаңыздың осындай қорлықты сезініп жүрмеуіне және қорлауға себепші болмауына көз жеткізу маңызды.

Баланың қалыпты жағдайын сақтап, күйзеліске түспеуін қадағалаңыз. Ол үшін балаңызға бір мезгіл уақыт бөліп, сырласып отыруды дағдыға айналдырған абзал.

Л.АҚБОЛАТ,

№5 емхананың учаскелік дәрігері.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button