Ресми

Қысқа қамданыс – қарқынды

Облыста жылу беру маусымына дайындық белсенді жалғасуда. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен онлайн-жиында талқыланды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов дайындық шаралары ойдағыдай жүріп жатқанын баяндады.

– Бүгінде облыс 81% қысқа дайын. Жылу көздерінде қарқынды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс екпіні кестеге сай, отынның қажетті қоры бар, – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, сауда нүктелеріне көмірді жеткізуге байланысты жағдайлар туралы мәлімдеді. Көмір қажеттілігі 1,1 миллион тоннаны құрайды. Бүгінде сатылымда 59 мың тонна көмір бар. Оны облыс бойынша 29 теміржол тұйығында сатып алуға болады.

Ұлантай Үсеновтің айтуынша, көмір облыс орталығында тоннасына 10 мың теңгеден, шалғай аудандарда 15 мың теңгеден саудалануда.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қысқа мерзімде барлық сату нүктелерін қатты отынмен қамтамасыз етуді және оның бағасын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Қысқа өңірдегі медициналық мекемелер де қарқынмен дайындалуда. Олардың 68-і орталық жылу желісіне, бесеуі – өңірлік жылу көздеріне қосылған, 176-сы жергілікті жүйе есебінен жылытылады.

– Осы жылы біз барлық қазандықтарды ғимарат сыртына шығардық. Облыста медициналық мекемелер ішінде мұндай жеті қазандық болған. Қазір барлық жұмыстар аяқталды. Қазандықтарды жөндеуге және пайдалану мерзімі біткендерді ауыстыруға қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Қарағанды қаласының перинатальді орталығындағы екі қазандықты, Қаражал орталық ауруханасындағы бір қазандықты ауыстырамыз, Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде модульді қазандық салынады, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Қарағандыда жылу, су және электр желілерін жөндеу жалғасуда. Бұл жұмыстар суық түскенше аяқталады. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, орталық жылуға қосылған 2424 көпқабатты үйдің 75 пайызында жылу беру маусымына дайындық актісі бар. 240 әлеуметтік мәдениет-тұрмыс нысандарынан 191-і қысқа дайын.

Жеңіс Қасымбек қала-аудан әкімдеріне жылу маусымына дайындықты жеке бақылауға алуды және көмірмен қамтамасыз ету мен жылу көздерін жөндеу қарқынына ерекше назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button