Отанға қызмет – басты борыш
Конституция күні қарсаңында «Астана» өңірлік қолбасшылығының 31775 әскери бөлімінде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан жедел әскери қызметке шақырылған 50 жас сарбаз Отан алдында ант қабылдады. Жаңа шақырылғандардың ата-аналары ант қабылдау салтанатын ZOOM платформасында онлайн-режимде тамашалады.
Полковник Мереке Кучекбаевтың айтуынша, әскерде әр азаматтың бойында патриоттық сана-сезім, өз елі үшін мақтаныш, азаматтық борышты және конституциялық міндеттерді орындауға ұмтылыс қалыптасады.
– Әскери ант мәтінінде сөздер көп емес. Өзінің әскери борышын орындай отырып, әрбір жауынгер өз тағдырының, өзінің әскери өмірінің биографиясын жазады, азаматтық және адамгершілік кемелдену сынағынан өтеді. Салтанатты жағдайда өз командирлеріңіздің, жолдастарыңыздың алдында қасиетті ант сөздерін айтқан сәттен бастап сіздер Отанның толық құқылы қорғаушысы саналасыз. Біз сіздердің рухыңыздың күшіне сенеміз және сіздер біздің көңілімізден шығады деп үміттенеміз. Сіздерге денсаулық, сәтті қызмет, өз туысқандарыңызға ширап-ширығып оралуларыңызды тілеймін, – деп қолбасшы Мереке Кучекбаев жас әскери қызметшілерді құттықтады.
Жас жауынгерлерге тілек сөздерін онлайн-режимде олардың ата-аналары да айтты.
– Мен әскери бөлім қолбасшылығының әскери салттың көрсетілімін тікелей эфирде ұйымдастыра алғанына қуаныштымын. Әрине, толқып тұрмын. Алайда, әскери қызметті әрбір жас адам өтуі тиіс деп санаймын. Бұл одан әрі өмір сүруге қажет болатын тәжірибе және шыдамдылық, – деп санайды Екібастұздан келген қатардағы жауынгер Богдан Абылкасовтың анасы Ольга Дробышева.
Өз тілшімізден.