Хакімді оқуда қара үздік
Жыл сайын дүркіреп өтетін Абай оқулары ғой. Биыл оны да еріксіз онлайн форматқа көшіріппіз. Осы айдың 20-сында мектеп оқушылары арасында облыстық кезеңі өткен болатын. Сонда жеңімпаз танылған оқушылардың барлығы дерлік республикалық кезеңінде де топ жарып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.
Қарағанды облысының намысын қорғаған 6 бірдей оқушы жүлделі орындардан көрінді. Облыс қатысушылары бұған дейін де бәйгенің алдыңғы тобынан табылып, тіпті, үздіктер сапының алдыңғы қатарында тұрып келген. Бұл жолы да солай. Облыстық кезеңде Абайдың өлеңін жатқа мәнерлеп оқудан, әнін салудан және өз жанынан өлең жазу – осы үш аталымнан жеңімпаз болған үш оқушы республикалық кезеңде де бірінші орындардан көрініпті. Олар: №61 орта мектеп оқушысы Дилназ Мұрат (Қарағанды), №83 гимназиядан қатысқан Гюнель Ширинова (Қарағанды), «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы, жас ақын Мағжан Асқар. Сондай-ақ, үш бірдей оқушы үшінші орынды қанжығалады. Атап айтсақ, №61 орта мектептен Әлмұхамбет Ботажан, Ақтоғай ауданының «Шашубай мектеп – балалар бақшасы» кешені оқушысы Сәния Аекина және Жамбыл атындағы ҚММ Айым Аманжолова.
Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Еске сала кетсек, XXI Республикалық Абай оқуларында 8-11 (12) сынып оқушылары бақ сынасты. Байқау қашықтық режимде ZOOM платформасында өтті.
Өз тілшімізден.