Uncategorized

Қорғасынтау

«Естімеген елде көп» деген. Жердің бетіне бұрқылдап қайнардың шығып жатқанын көріп өстік. Жансыз қара тастан қорғасынның жылап ағып тұрғанын кім көріпті? Біз де көрген жоқпыз, естігенбіз, енді кітаптан оқып отырмыз.

Бұл – 2018 жылы Астанадағы «Кәусар» баспасынан шыққан «Шежірелі Шеңбер» атты жинақ. Шеңбер селолық округінің бағзыдан бүгінге дейінгі баяны ғой. Осындағы бізді қатты қызықтырған нәрсе – Қорғасын ауылы, Қараторғай өзенінің бойындағы Қорғасынтау. Жаздыкүнгі ыстықта тау жартастарының жақпарларынан еріп, қорғасын ағып тұрады екен ғой, жарықтық. Бұрын естіп жүрген бұл ғажайып жоғарыда аталған кітапта егжей-тегжейлі жазылыпты. Жергілікті қазақтар қорғасынды жақсы білген және кәдеге жаратып та баққан көрінеді. Білмесе, жердің атын қорғасын атай ма? Кейін орыстар келгенде, жердің бетіне шығып жатқан қорғасынның мол қорына көз тіккен. Алғашында тұрғылықты жұрт қорғасынды Ресейдің Тройцк, Тобыл базарларына сатып жүрген. Бара-бара бұл жерге түрлі экспедиция ұйымдастырып, орыстар қорғасынын игеріп, тегін олжаға кенелген. «Ұлытау өңірінің алғашқы кен байлығының құрметіне патшаның бұйрығымен Санкт-Петербургте Қорғасынтаудан қорытылып алынған күміс қоспалы қорғасыннан арнаулы ескерткіш медаль құйылған. Медальдың бетінде «Еуропа Ресейді даңқы үшін құрметтейді, Азия оған өзінің байлығын ашады» деп жазылды. Расында Ресей патшасының 1812 жылы Наполеонмен соғысты жеңіспен аяқтап, Еуропада даңқы дүбірлеген шағы еді» дейді бұл туралы мақаласында Мұқанбетжан Әбілұлы.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында кеніш болып ашылған кен орны кейін жабылған да, шахтаның орны үңірейіп тұрғанын айтады білетіндер. Қорғасынтаудың жақпарынан жылтырап қорғасыны да әлі күнге ағып тұр деседі.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button