Ұлттың ұядағы ұлы мен қиядағы қызын мәмілеге ұйытатын, береке-бірлікке бастап, ырысын құтайтатын қазақтың әр жері біз үшін қасиетті қарашаңырақ. Сондай киелі қарашаңырақтың бірі — қойнына құпия-сырын бүккен Қоржынтүбек. Балқаш көлінің жуан ортасындағы Қоржынтүбек мал-жанның өсіп-өнген, батыр бабалар жауынгерлік өнерге машықтанған жер болған. Уақыт өте атауы өзгеріп, Приозерск деп аталған.
Көнекөздердің айтуынша, Ұлы Дала төсін тұлпар тұяғымен дүбірлеткен баһадүр бабаларымыздың соғыс тәжірибесін шыңдайтын, әскер жасақтарын бес қаруға баулитын орындардың негізгісі Қоржынтүбек болған көрінеді. Оның ішінде, жауға қарсы қолданатын далалық әскери тәсілдер «Үлкен жарық соғысы», «Ошақ соғысы», «Ай қораланды соғысы», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғысы» сияқты жауынгерлік өнерге машықтанған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Қоржынтүбекте Арқаның батырлары бас құрап, негізгі жасақтың құрамын іріктеген. Бұл өңір кезінде «жер» ұйығы болған.
Қазақ елі Кеңес одағының құрамына кіргеннен кейін қару сынайтын орталыққа айналды. Тіпті, Приозерск қаласы Кеңестер одағының картасында 70 жыл бойы көрсетілмей келді. Сынақ полигонына елдің сол кездегі бес облысынан 8 115 15 гектар жер: оның ішінде – 4 264 900 гектары күнделікті тұрмыста тұрақты пайдалануға, ал қалғаны жаттығу жасауға бөліп берілді.
1956 жылы әскерилер орын тепкенде Қоржынтүбектің бір кездері сарбаздар жаттығу өткізетін алаң болғандығы ескерілген. Сол жылы кеңес әскері қақаған қысты әскери шатырларда өткереді. Көп кешікпей Қоржынтүбек атауы Приозерск болып өзгертіліп, сол кезде-ақ әскер полигонның әкімшілік басқару орталығына айналдырылады. 1956 жылы СОКП Орталық Комитеті және КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен қарастырылған құпия полигонның орталығы Приозерск қаласын салудың басты себебі мына мәселелер болған екен: сыртқы жаудан қорғануды мақсат еткен КСРО зымыран шабуылына қарсы кешенді эксперимент жасайтын нысандардың және зымыран шабуылына қарсы сынақ полигонының жұмысын күшейтуді, сондай-ақ 10 мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталығын құру және әуе шабуылына қарсы сынақ полигонын салуды көздеп, бір ауыздан шешім қабылдаған. Қала мен сынақ нысандарының құрылысы орталық тарапынан қатаң бақылауға алынады. 1961 жылы 4 наурызда полигонда баллистикалық зымыранның алдыңғы бөлігі атып түсіріліп, аспанда жойып жіберуді іс-жүзінде дәлелдеді. Бұл әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет болған еді.
Шағын шаһарда әскерилер жасырын жұмыс істеп, бірде «Полигон-А», сосын «Ташкент-90» деген құпия шифрмен аталған. Құпия түрде өте қысқа уақытта құрылған бұл база Ресей қорғаныс министрлігі үшін өте маңызды нысан қатарына жатқызылды. Жасырынған жасақтың қарсыласына шабуыл жасауға қабілеті жоғары болды. Базаның ішкі құрылымы туралы да мәлімет сыртқа шыққан жоқ.
Уытты қарулармен жасалған түрлі сынақтың залалы шұрайлы жерге тиді. Соның салдарынан өзен сарқылып, бұлақ тартылып, құлпырған атырап қу тақырға айналды. Қорегін 80 метр тереңдіктен тартатын сексеуіл, жусан, бетеге, баялыштан басқа өсімдіктің бәрі жер жұтқандай жоғалды да, кезіндегі көкорай көркем атырап біртіндеп құлазыған қу даланың кейпін кешті.
Қала тарихына оралсақ, оның зерттеуді қажет ететін қыры көп. Бізге мәлімі – қалашықта 1963 жылға дейін тек әскерилер мен олардың отбасы ғана тұрды. 1963 жылдың 28 қазанында қалалық кеңестің бірінші сессиясында төрағалық еткен полигон командирі С.Дороховтың ұсынысымен Приозерскіге қала мәртебесі берілді. Приозерск қаласында 1990 жылға дейін одақтық көлемдегі әскери-ғылыми кеңес жұмыс істеді. Қаланың да, полигонның да жағдайы одақ тараған кезде қиындап кеткен еді. Әскери адамдар елдеріне кетіп, қала иесіз бос қалды. 1998 жылы Приозерск қаласында №44841 әскери бөлім құрылды. Қазір қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, мәдени өмірін қалыптастыруда бірқатар шара жүзеге асты.
Айта кетейік, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Рухани жаңғыру дегенде туған тіл, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет, тарих пен әдебиет ойға оралады. Осы тұрғыдан бүгінгі күні жаңғыртуды қажет ететін тағы бір мәселе ұмытыла бастаған географиялық тарихи көне атаулар деп ойлаймын. Биыл шаһардың бір көшесіне Қоржынтүбек деген атау берілді. Жастар жағы Қоржынтүбек қала орналасқан жердің бұрынғы атауы екенін білмейді. Ал, біз кеше мен бүгіннің арасын жалғастырып тұрған ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа үлгі етеміз десек, тарихи атауларды қайта қалпына келтіру жұмысын бүгіннен қолға алуға міндеттіміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи атауларды да жаңғыртсақ, бұл да ұлт үшін атқарылған пайдалы іс болары анық. Приозерск деп тілді бұрамай, Қоржынтүбек қаласы деген атауды ауыз толтырып айтып жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Сіздер бұған не дейсіздер?!
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.