Арқаның бренді – «АҚ БИДАЙ…» тірі!
Аңызға айналған Ақтоғайдың «Ақ бидайын» Арқаға қайтару – өткенді айтып, тамсанып, таңдай қағып, таң қала бермей, нақты әрекетті қажет еткелі қашан? Бірақ, жазылған мен айтылғанның бәрі, жасыратыны жоқ, тек бидайды жоқтаудан әрі аспады. Жоқтаушы бар. Іздеушісі жоқ-тын. Тап кешегі күнге дейін. Ақиқатын айтайық, Ресей көрмесінде жалғыз тал сақтаулы масақты Қазақстанға әкелу мәселесін былтыр «Ауыл» партиясының облыстық филиалының есептік кездесуінде академик Серғазы Әдекенов көтерген еді. «Арқаның табиғатына төзімді, шығымы мен өнімі мол ақ бидайды, расында, Отанға қайтаратын күн туған жоқ па? Келіссөздер мен мәміле, ынтымақ-ымыра барда, аюлы көршімізден аттай қалап алуға болмас па екен?» деген ой сол кезден көңіл түкпірінде жүрген. Сөйтсек, «Ақ бидай» тірі! Елге қайтыпты. Бүгінде сол ақ бидайды өсіріп, көбейту үшін тер төккен отандық, жерлес ғалымдар бар. Бір өкініштісі, оны мынау жалпақ ел, жоғары билік біле бермейді. Әйтпесе, бөрікті аспанға атып, қуанатын іс. Айналысқандарына бірер жылдың жүзі. Әйтсе де, ол ғалымдардың еңбегінен билік те, бұқара да бейхабар. Түбімізге осындай бейқамдық жетіп барады…
КЕҢЕСТІК ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕП ЕДІ?
«Ақ бидай» туралы түсінік берудің өзі ерсі шығар. Десек те, сонау Совет кезінде Ресей ғалымдары таңданыс білдірген бидайдың сол жылдардың зерттеулеріндегі өлшеміне тағы бір үңіле кеткен артық емес. «…Академик Д.Прянишников (1965) өзінің кітабында: «Францияда бидайдың 100 дəні – 4,55 г Индияда бидайдың дəні – 3,8 г Америка бидайы – 3,2 грамм, орыс бидайы – 2,25 г ал Қоңыраттың ақ бидайы – 6,2 грамм, Қожа бидай – 4,5 г тартады», – деп жазған. Қазір ғалым Удольская осы Қожа бидайдан «Қазақстан 126» атты жаңа сорт шығарды. Осы кезге дейін ақ бидай, шөл бидай, Сыр бидай, қызыл бидай сияқты тағы басқа да байырғы бидайдың жергілікті сорттары кездеседі» дейді Ə.Ізтаев, С.Ермекбаев оқулығында.
Міне, арман һәм аңыздық жөні бар бидай туралы бір үзік сыр – осы.
АҚ БИДАЙДЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРҒАН КІМ?
«Ақ бидай…» тірі!» деуіміз – бос айғай-сүрең емес. Кейінгі 3-4 жыл мұғдарында Ақтоғай ауданында ветеринария ғылымдарының кандидаты Шүкірбай Төкеев ақ бидайды іздеп тауып, оны зерттеумен айналысып отыр.
Ғалымның айтуынша, бүгінде қолға түскен тұқымның зертханалық сараптамасы оның дәл сол байырғы «Ақ бидай» екенін дәлелдеген. Құрамы, өзге де ғылыми өлшемдері, гендік құрылымы мұның сол аңыз бидай екенін айғақтапты. Егілген дәннен шыққан масақтарда «Ақ бидайдың» қасиеті қайталануда дейді» ғалым.
– Алынған тұқымды биыл да ектік. Бұл егісте де «Ақ бидайдың» қасиеті қайталанып тұр. Бір дәннен бес бас шықты. Яғни, бір дәннен бес масақ шығады. Мен әуеліде ел ішінде «Бес бас бидай» дегенді естігенде «Бұл неге олай аталды?» деп ойлайтынмын. Мұны енді түсіндім. Демек, бір дәннен бес бас масақ шығып отырған. Содан халық «Бес бас бидай» деп атаған болуы керек. Егіннің шығымдылығы көп болатыны да осыдан. Жай бидайдың бір дәнінен бір сабақ қана шығады, әдетте, – дейді Шүкірбай Төкеев.
Дәннің салмағы осы күзгі жиын-терімде өлшенбек екен. Былтырғы дән айтарлықтай үлкен болмапты. Әйтсе де, шығымдық қасиеті «Ақ бидайдікімен» пара-пар көрінеді.
ҚҰЖАТТАР АҚ БИДАЙ ЕКЕНІНЕ ДАУ ТУДЫРМАЙДЫ
Ғалым «Ақ бидайдың» тұқымын отандық, ресейлік ғалымдармен іздестіру арқылы тауып алған. Дүниежүзілік бидай федерациясы, Ресей ғалымдарының зерттеулері де мұның гендік тұрғыда «Ақ бидай» екенін дәлелдеп берген. Ғалымның қолында бұл туралы нақты құжаттар бар. Мұның «Ақ бидай» екені даусыз.
Бидайдың тұқымы ел жаппай айтып жүрген Санкт-Петербургте жоқ екен. Бұған ғалым зерттеу барысында көз жеткізген. Басқа жақтан табылған. Бірақ, әзірге ол құпия сақтаулы. Сол табылған дәннің тек 100-і тірі екен.
– Алынған тұқым «тірі ме, тірі емес пе?» деген мәселе туындады. Зерттей келе, ектік. Оның ішінде 100-і ғана тірі болды. Содан 70-ке жуығы шықты. Енді соны көбейтіп, одан әрі дамыту үшін жұмыс жасап жатырмын, – дейді Шүкірбай Төкеев.
Бүгінде ғылыми-зерттеу институында өсірілуде. Тұқымын көбейту мақсатында. Ғалым «енді бірер жыл кешіккенде «Ақ бидайдың» тұқымы мүлдем жоғалып кетер еді» дейді…
ТҮЙІН
Өткен ғасырда бүкіл Совет одағын аузына қаратқан «Ақ бидайды» кейінде Ресей ғалымдары да Тоқырауынға арнайы келіп, іздегенін, алайда, таба алмай кеткенін оқыған едік. Сонда сол ғалымдар да өкініш білдірді дегенді құлағымыз шалған. Сөйткен, ақ бидай табылды. Әлбетте, қуанарлық жайт. Енді мұнымен айналысқан ғалымдарға үкіметтің, жергілікті биліктің бүйрегі бұрса дейсіз.
Ғалымдардың бұл еңбегі – ертеңгі елдің ырысы, нәсібі. Оны да қойшы, Қазақстанның қамбасын дәнге толтыратын қазына емес пе?! Ғалымдар жанұшырып жүр. Билік неге құрақ ұшпайды, ендеше?
Қызғалдақ АЙТЖАН.