«Орталықтың» қос аты қатар озды. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығына газеттің компьютер цехының меңгерушісі Марал ӘЙНЕКОВА мен саясат және құқық бөлімінің тілшісі Қасымхан ҒАЛЫМ ие болды.
Марал Әйнекова «Мәнер және атқарымдылығы үшін» номинациясында топ жарды.
Қолыңызға алған газеттің кез келген номерінде Марал апайымыздың алақанының табы жатыр. Етектей газеттің бетіндегі әр сызық, әр үзік апайдың қырағы назарынан тыс қалған емес. Аптасына үш мәрте жарық көретін басылымды әрлеу – оңай жұмыс емесі белгілі. Ал, 1986 жылдан бері газетте тер төгіп келе жатқан апайымыз үшін бұл – күнделікті шаруа. Сондықтан, отыз жылдан астам өмірін бет қаттау ісіне арнаған апайымызға берілген лайықты марапат деп білдік бұл сыйлықты.
Жас журналист Қасымхан Ғалым облыстық дін істері жөніндегі басқарма арнайы тағайындаған «Дін тақырыбындағы үздік жарияланым» номинациясында оза шапты.
Қасымхан дін тақырыбында жан-жақты қалам тербеп келеді. Бүгінгі таңда діни экстремизмнің, дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамның бас ауыртар басты проблемаларының біріне айналғаны белгілі. Қасымхан осы тақырыптарды терең қаузап, оқырман назарына толымды дүниелер ұсынып жүр. Әсіресе, экстремистік топтардың шылауында кетіп, қырғын соғыс жүріп жатқан Сириядан оралған қандастарымыздың бүгінгі тағдырына үңілген мақалалары оқырманды бейжай қалдырмағаны анық.
Құтты болсын, қара орман оқырман! Біз бұл жүлделерді бізге берілген марапат емес, сіздердің алдарыңыздағы ілтипаттың белгісі деп қабылдадық.
Өз тілшімізден.