Бас тақырыпРуханият

Ауыл және рухани бірлік

Сөз басы

Адам ата мен Һауа ананы көкте жаратқанда тек рухани ғұмырдың ләззатын татсын, жер бетіндегі пенделік тіршіліктің шылауынан аулақ болсын деген ғой. Олардың жерге түсуіне нәпсіге бой алдырулары себеп болды. Сірә, «рухани ғұмыр» дегеннің кез келген пендеге бұйыра бермейтіні де содан болар. Ол үшін рух тәннен бөлініп шығып, фәнилік дүниеден оқшау өмір сүруі тиіс. Ондай ғұмыр фәни дүниені тәрк еткен ұлы ғұламаларға, Жаратушының хақ жолын біржола мойындаған әулиелерге ғана бұйырған.

Солар салып кеткен із бүкіл адамзат баласын қашанда ізгілікке бастауда. Жер бетіндегі халықтың жалбарынатын Тәңірі – бір Ұлы Жаратушы екенін еске салуда.

 Рухани жаңғырудың ұлттық код көмескі тартып бара жатқан мына заманда ерекше назар аударарлық мәселеге айналып отырғаны рас. Алтын бесік ауылдан қалаға қоныс аудару үрдісі етек алуда. Қазақтың ұлт болып қалыптасуы көшпенді өркениеттен тамыр алатындықтан, ауылдың босаң қазығын мықтап қағуды кейінге қалдырсақ, тек қазаққа ғана тән қасиеттен айырылып қалуымыз ықтимал. Осы орайда, «сен, өзіңді неге ойламайсың? Сен де қу тірліктің құлысың, басқаны былай қойғанда, өз жүрегіңе адалдық ұшқынын ұялата алдың ба?» деген сұрақтың туатыны сөзсіз.

Киелі сөз

 Бізді бала кезден өтірік айтпауға мәжбүр еткен «сот ережесі» бар еді. Ол – «Атам аруағы атсын!» деп қарғану. Осы қарғануға барған бала өзіне жабылған қандай да бір жаладан ақталатын. Кім білген, титімдей жүрекке мәңгі орныққан осынау киелі сөз Түгіскен (бертінге дейін Түгіөскен, кейін Түгіскен атанып кеткен – И.Х.) топырағынан жаралған талай пендеге рухани азық болған да шығар.

Атам қазақ – қақ суын ішкен құландай таза, ақиқаттан басқаға илікпейтін тәкаппар халық. Жаңағы киелі сөз балаға отбасынан дарыса керек.

Әулие рухы

 Өліп барып қайтадан жан біткен Ысқақ әжі әулие кезінде жаны қысылғанның жебеушісі, науқасқа шалдыққанның емшісі болған. Әулиенің небір қасиетін көзбен көріп, тазалығына тәнті болған замандастары оның есімін пір тұтқан. Сол пір тұтудың бірер сәтін баяндай кетуді орынды санаймын. «Жаңаарқа қымызы» деген құрмет сөздің пайда болуы – менің туған ауылымның адал еңбеккерлерінің арқасы. Алдымен бір Аллаға, одан кейін әулие атасының аруағына жалбарынып қымызды балаша күткен Қымыз ауылы – осынау бал сусынның авторы.

Құлын қарақұлақтана Қарағанды қаласынан қозыкөш жердегі Соқыр өзеніне құлайтын Түгіскеннің Қымыз ауылы көшбойы бір сылтаумен бір-бірін шайға шақырып, арқа-жарқа боп қалатын. Оты мол жерге жылқыны байырқалатып, еру болу мерзімін сәл ұзартып, «ерулік» берісетін. Бірнеше жыл қатарынан қымыз сатудың игілігін көрген, рухани топтасқан он үй «Жаңаарқа қымызының» даңқын асқақтата түсуге тас-түйін әзір болатын.

Менің мектеп жасына енді іліккен кезім. Он самоходтағы он үйдің біреуі – біздің үй. Таңғы салқынмен аттануға әзір көшті көз ұшында шұбырып келе жатқан адам қарасы тоқтатты. Әлгілердің шұбырып келе жатқан қатын-қалаш екенін байқаған Көкем (Ысқақ әжіден тірі қалған ұлдардың үлкені) қолына бір қалта мен шайқасық алып, арба үстінен қалтадағы топырақты тізілген кезектегілерге үлестіргені, қалтадағы топырақ таусылған соң топырақ үлестірген шайқасықты кезегі жеткендердің біреуінің өзінің, енді біреуінің көтеріп алған баласының маңдайына тигізіп тұрғаны есімде.

Біздің көштің Дария стансасының түбіне аялдағанынан, көште Ысқақ әжі әулиенің ұлы барынан хабардар халық екен әлгілер. Осы көрініс қалған тоғыз үй иелерінің жүрегінен мықтап орын алса керек. Анық білетінім, он доярка (бие сауушы) Қарағанды базарына таңсәріден аттанатын бес биенің сабасына қымыздарын құярда бірде-біреуі Көкемнің көзінен жасқанбайтын. Түн ортасына дейін күмп-күмп піспек дыбысы тоқтамайтын. Ыстауы мен пісуі келіскен шағындау сабадағы қымызын әр доярка астына тобылғы төсеп, сыртқа, салқын ауаға шығарып қоятын. Бабымен ашып, арба үстінде ұзақ шайқалып, күн көтерілмей ескі базарға кірген бал қымыздың денін шыны шелектерімен күтіп тұрған шахтерлер қотарып алып, олардан қалғаны сағат он бірге жетпей сауда сөресінде бітіп қалатын.

Осынау Түгіскен деп аталатын шағын ауылдың рухы бір ұл-қыздары кезінде «Жаңаарқа қымызын» бүкіл бір аймақтың бетке ұстар сусынына айналдырды. Сол бал қымыздың тіл үйірген дәмі осы күнге дейін менің дәм сезу жадымда жазулы. Аллаға мың мәрте тәубе, Сарысу мен Сөртінің то ғысар атырабынан қыстау салып, отырықшы тіршілікке көшкенмен, баяғы көшпенділер өркениетінің сарқыншағын сақтап қалған шағын ауылдың бүгінгі ұл-қыздары осынау киелі сусынды балаша күтіп отыр. Бұрынғыдай кісі түсіп, қымызын мақтағанды аңсайтын отаналары әлі де бар. Амал не, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар. Бал қымыздың дені «баклашкаға» құйылып, саудаға шығарылып жатыр. Ұятты сақтағанның тәуірі, күнәдан қорықпайтынның жауыры – бәр-бәрі сол баяғы бренд – «Жаңаарқа қымызы» атағымен ұсынылуда.

Ата шарапаты

 «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық». Ауданға слетке алып барған мұғаліміміз қайтар жолға деген ақшаны жұмсап қойса керек. Ересегі, құрт-бақасы, санымыз – жетеу. Басшымыз жоғары класта оқитын Шалғынбай. Товарнякқа «жабыстырып», 189- разъезден бір-ақ түсірді. Товарняк біздің разъезге тоқтамайды екен. Қап-қараңғы. Ызғырық. Шамы сығырайған қазармаға кірдік. Көз ғана жылтырайды. Бір-бірімізге қараймыз да тырқ-тырқ күлеміз. Қарайғырға жақын вагонға «жабысыппыз». Жолаушылар пойызы таңғы тоғызда келеді екен. Ел жатып қалған. Жаны ашып, аядай бөлмесіне кіргізген кезекші «тұншығып өлетін болдым» деп бізді айдап шықты. Ұсағына шыдағанмен, «зеңбіректің салютіне» төзбеген. Жазған құлда шаршау жоқ. Қора сыртында күйсеп жатқан сиырлардың арасымен барып, бір-екі есікті қақтық. Үн жоқ. Үшіншісі есікке келіп, үн қатпастан кетіп қалды.Төртінші есіктің иесі таяна бергенде басшымыздың үйреткені бойынша:

– Мен Ысқақ әжінің немересімін, – дедім шіңкілдеп.

– Не?

– Ауданнан, товарняктан түстім. Атым – Иген. Көкемнің аты – Хасен.

 – Көкеңде нең бар? – деп Шалғынбай жеңімнен тартып қалды.

 – Әжі атамның?! Жаратқан ием! Жаратқан ием! – деп сөйлеген әйел көрінді.

 Фонар шамын жоғары көтерген әйелге қарай жақындай бергенім есімде. Сол бөгде әйелдің «Жаратқан ием! Жаратқан ием!» деп жүріп, түннің бір уақытында шай қойғаны, тіпті, билетке ақша бергені титімдей кезімнен жүрегімде мәңгі сақталып қалды.

Көк серке

Алланың берген қасиетімен ел құрметіне ие болған дін адамдары, әулиелер мәңгі шырақ болып, жаны қысылған пендеге сәулесін түсіруде. Осыдан бір ғасырға жуық бұрынғы заманда менің ауылымның адалдық хақындағы піріне айналған Ысқақ әжі әулиенің мазарына түнеушілер аз емес. Алыстан арнайы іздеп келетіндер де бар.

Ысқақ әжінің екінші аты – Өліп, яғни, қайта жан біткен әулие. Біздің ауылдың жүрекжұтқандарының біреуі әулиеліктен хабары жоқ жеткіншектен «өлгенде не көрдің?» деп сұрамай ма? Әлгінің естіген жауабы мынау:

 – Ақ киімді екі адам қолтықтаған күйі бір үңгірдің ішімен дедектетіп отырып, аузы ашық, от лаулап жанып жатқан бір пештің алдына әкеп тоқтатты. Байқағаным – шыңғырған дауыс желіге көгенделген жалаңаш адамдардыкі екен. Біреу мылтықтың қара дәрісі секілді бірдеңені көгендегілердің желісін бойлай сеуіп, артынша от қойып жүр. Содан мені жанып жатқан пешке салып жібергенін, пештің мұржасынан саудыраған аппақ сүйегімді алып шыққанын көрдім. Одан кейін мүйізі көк тіреген бір көк серке кеудеме шығып алып, тынысымды тарылтып ойнақтаумен болды.

Менің түйсігіме жазылып қалған, «Атам айтыпты» деген сөз осы. Артық-кемі болса, Жаратқан иемнен мың мәрте кешірім сұраймын. Кейін алып серкенің иесіне қайтарылуы айтылады. Зергерлікпен айналысып жүрген кезінде білезік жасап бергені үшін бір келіншектің қойға қосып кеткен арам лағы екен. Неге арам? Ол жағы есімде жоқ.

 Бір құдіреттің әмірімен қайта тірілген жеткіншек, бақыршы бала болып, қажылыққа қол тапсырып қайтқаннан кейін бар ниетін Алланың ақ жолына арнайды. Кітап ашып, жылан шаққан адамды дұғамен жаза бастайды. Адамның қаза болғанын алдын ала сезіп, ат ерттетіп, намазына шақырып келе жатқан хабаршыға қарсы шығып жолығатын болған. Әсіресе, шалықтап ауырғандарды дұғамен жазған. Кейін көріпкелдігімен аты аңызға айналған. Әулиенің емі қонған ғарыптар балбасы беріп кетуден қорыққан. Көрсетпей, тығып кеткендерін иесіне қайтарғанша зікір салып, ауырып қалатын болған.

Керемет

 Алтын бесік ауылымның көгеріп, көктеп келе жатқанын көріп, ақтарыла сыр ашқаныма, аруақты ауызға алғаныма Алладан кешірім сұрай отырып, Әжі Атамның, бір Жаратушы көрсеткен кереметін айтпай кете алмадым. Атқа мінуге жарап қалған кезім. Жақияның қыстауының түбінде мал төлдетіп жатқан Бапаға (Мұхаммеджанға) астымдағы құланы жеткізіп, оның жүрмей қалған атын мініп қайтуым керек. Содан тартып келем, тартып келем. «Ауылдан алыс емес» деген. Күн кешкіруге айналды. Адастым деген ой жүректі дүрсілдете жөнелді. Алдымнан көрінген төбе басындағы ағашқа шықсам, май құятын цистерналары жалтырап, Қызылжар стансасы тұр. Теріс кеткенімді білдім. Ұясына кіріп бара жатқан күн жаққа жүгініп, Атам үйреткен Құран аяттарын жасқа шашала оқып шықтым да, «Адастым, Ата! Балалар мазақтайтын болды, Ата!» деп бетімді басқан күйі барқырап біраз отырдым да, атқа қондым.

Кешкі салқын ширатты ма, әлде, ауылға бет бұрдық деді ме, құла аяңын қосты. Қарауытқанның бәрі қасқыр көрініп, артымнан бас салардай арқам мұздап келеді. «Жоқ қарап жүрмін» демекшімін. Шығып кеткен стансам көп жер. Қойшылардың біреуіне кезігіп қалсам деген үміт қой баяғы. Көз байланардың алдында астымдағы құла киік қуған машинаның ізіне ұқсас бір ирелең ізге түскен. Кері бұрылғаннан-ақ тізгінді құланың еркіне жібергем. «Адассаң, аттың басын еркіне жібер, бір қараға жеткізеді» дегенді естуім бар. Арада қанша болғаны есімде жоқ, байқасам, құла малдың шұбырынды ізіне түсіп сары аяңға салып келеді. Сол-ақ екен, тура жердің астынан екі ит абалап шыға келсін. Шұңқырда бір от жылтырайды. Киіз үй. Аттан домалай түсе салып, үйге, шам жанып тұрған ашық есікке бір-ақ тарттым. Манағы екі итке қаптырмай, жетіп жығылмақпын. Жүгіруге болмайтынын білем. Маңғаз басып кіріп келсем, төрде шынтақтап Бапам жатыр, Орынша жеңгем шай құйып отыр. Қарғадай баланы жіберген Көкеме Бапамның біраз ренжігені есімде…

Сол жолы мені Атамның «төбеден тастай салғанын» қарттыққа бет бұрғанда ғана айта бастадым.

Рухани бірлік

Шағын ауыл ғана емес, Арқаның біраз өңірі пір тұтқан Ысқақ әжі атамды еске алуыма жақында туған ауылыма барып қайтуым қозғау салды. Көк шатырлы кеңсарайдай үйде тұратын ауқатты отбасы саны көбейген. Мыңғырған мал. Мамыражай шуақты тірлік. Бұл – бірлік! Ол нашарға қиянат жасаудың орнына қолұшын беретін кісіліктен, сол баяғы рухани тазалықтан бастау алып жатыр. Кешегі дана қарттардың бүгінгі ұрпағы солардан қалған сыйластық өсиетін жадынан шығармай отыр. Оқудан ауылды сағынып барғанда, атты ерттеп, «үлкендерден жеті-сегізіміз бармыз, соларға сәлем беріп қайт» деуші еді-ау әкем жарықтық. Қашанда, ауыл азаматтарының ауызбірлігіне риза болып отыратын әкеме бірен-саран жылқы ұрлап жүргендерді тілге тиек ете қалсам, «ол – қара май құйған шелек, өртемесе тазармайды» деп қатуланып алатын.

Біздің бала кезімізде, тіпті, үлкен азамат болғанның өзінде руға бөліну деген індеттен аулақ болдық. Біз үшін ауылдың дана қарттары бір атаның баласындай көрінетін. Жолыққанда сәлеміңді алған соң сұрайтыны – «қай баласың, әке-шешең қуатты ма?». Ал, мен арнайы сәлем беріп жүрген қарттардың қай атадан екендігі хақында, мен түгілі, Көкем де ашып ештеме айтпайтын. Ру дегенге менің үзеңгілес жолдастарым да мән бермейтін. Ақсақалдардың әңгімесі осы қаймағы бұзылмаған елден шыққан тұлғаларды мысал етіп, құлағымызға құя беруге құрылатын.

Халыққа сыйлы оқыған бір азамат, інісі елге келгенде жеке үй тіктіріпті. «Шіркіннің даналығын-ай, «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сол, әне» десіп қауқылдасатын бір-бірімен. Жаңағы «қай баласың?» дегеннен кейін, бала өзінің үлгі тұтар бір туысын атаған соң «соған тартсаң, жаман болмассың» деп бір қайырып тастайтын.

Біздің ауылды өрге сүйреп отырғандар – жаңағы «жаман болмассыңның» ұрпақтары. Бөлшектеп, бөріге жем қылудан аман алып қалған да, бұрынғы аруақ сыйлаған рухани бірлікті жаңғыртуға ұйытқы болар деп ауылға кіреберістен мешіт салған да солар. Ауылың туралы, тіпті, оның кісілігі мол азаматы жайында жақсы сөз есту де жанға азық екен. Менің жазушы досым Ахат Жақсыбаев кездескен жерде «Топырағың торқа болғыр, Нұрғали қандай азамат еді!» деп бір мағмұрланып қалады. Елдің сол баяғы ұйысқан қалпын сақтап қалуға жанын салғанынан хабардар болса керек.

«Басың ауырса, Аллаға тоқты айтарсың, жаның қалса, тоқтыны боқты айтарсың» дейтін де атам қазақ. Қу дүние, тырбаң тірліктің шылауына түскен пенденің шыбын жаны тарының қауызына сыйған сәтте ғана Алланы ауызға алатынын білген ғой. Менің ауылымның бүгінгі балалары «Атам аруағы атсын!» деп қарғанбайды. Олар – бұрынғы заманда қарғанғандардың немере-шөберелері.

Қазіргі еститіндері – несиені, қарызды жабу жайы.

Алтын бесік

 Осы тұста мектеп бағдарламасына буыны қатпаған баланың жүрегіне адалдық, мейірбандық сәулесін ұялататын «Алтын бесік» атты пән енгізілсе. Оқулығын сол топырақ тумаларынан құралған авторлар ұжымы жазса. Бала қазақ екеніне несімен мақтанады? Оның басқа ұлттардан артықшылығы неде? Исі қазақтың мақтанышына айналған кімдері бар? Бар ғой ондай тұлғалар – елдікке тұтқа болған, есімі ел аузында қалған бағзы күндегілер мен одан беріректегілер. Әлгі оқулықта жаны қысылған пендеге шарапаты тиген әулие-әмбиелер, дана ақсақалдар мен әділ билердің ұлағатты ұстанымдары, олардың үлгі боларлық істері көркем әңгіме түрінде баяндалса. Міне, осы – менің арманым. Ерте ме, кеш пе, оның бір орындалатынына кәміл сенемін. Облыста, тіпті, бір Жаңаарқа ауданының өзінде ата жолын ұғынған, көкірегі ояу кемеңгерлер баршылық.

Жастардың жүрегіне рухани бірлік сәулесін құюдың тамаша үлгісін топырағың торқа болғыр Асан Жұмаділдин жасап кетті. Оның «Жаңаарқа» атты дерекнамасы бүгінгі жастардың талайына рухани азық болары сөзсіз.

 Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ, енді, қиын-қыстау заманда «тазы боп шалуға» мәжбүрлеген – сырттан таңылған мінезден біртіндеп арылуы керек. Өйтпейінше, бірің еселеніп екі болмайды. Осының бәрін іске асыратындар – пенделікті арға бағындырған бүгінгі ұл-қыздар, уызынан тектілік тәрбиесіне жарыған балдырғандар.

Қазақ елін алдыңғы саптағы мемлекеттер қатарынан көруді алдына мақсат етіп қойған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы бекер шаруа емес. Мұның астарында солқылдаған жас шыбықтың тамырдан мол нәр алып, мызғымастай берік болып жетілуіне жан-жақты жағдай жасауға жұмылдыру ниеті жатқаны анық.

Иген ХАСЕНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button