АбайБас тақырып

Отбасы құндылығы

Отбасы – болашақ азаматтың әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы ұя. Ол балаға моральдық қалпы туралы алғашқы түсініктер береді, оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата-ананың іс-әрекеті мен мінез-құлқы, өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік-саяси құндылықтар беріледі.

Осыған орай, өткен аптада Абай ауданындағы Агрогородок ауылындағы Абай көпсалалы колледжінде «Жастарды отбасылық өмірге дайындау» жобасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша «Қазіргі заманғы тұрақты отбасының қалыптасуына жағдай жасау» атты конференция өтті. Оның мақсаты – жастарды отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайындау және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Аталмыш конференцияға облыстық деңгейдегі түрлі салада жұмыс істейтін көшбасшы әйелдер қауымы, аудандағы елді мекендердің мамандары, студенттер қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Төрт бөлімнен тұратын конференцияны жүргізу тізгінін «Позитивное развитие» ЖМ директоры, «Кәусар» қыз-келіншектердің саяси көшбасшылығы мектебінің басшысы, Абай ауданы мәслихатының депутаты О.Панасиди жүргізіп отырды.

Жиында колледж директорының орынбасары кіріспе сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бірінші бөлімде облыстық отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Қорлан Бекимова сөз алып, балалардың отбасындағы тәрбиесі, отбасы мүшелері арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы мен дамуына септігін тигізетін адамдардың жақындығы, туыстық қатынастар, өзара тұрмыстық байланыс жайлы сөз етті. Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенің ешқандай да түрі алмастыра алмайтыны белгілі. Бұдан кейін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Баян Мүтәләпова аудан бойынша отбасылықдемографиялық саясатқа қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі туралы баяндама жасады.

Екінші бөлімде Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары жөнінде кеңінен баяндады. Баяндама барысында алдын алу шаралары, аурудың салдары қайда алып келетіндігі, бойжеткендердің арасында түсік жасату оқиғалары көбейіп кеткендігі, шалыс қадамнан қалай сақтану керектігі хақында егжей-тегжейлі әңгімеленді.

Сонымен қатар, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Амирова және психолог-мұғалім М.Лукьянова отбасы тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым екендігін, алайда, қазіргі қоғамдық өмірде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және демографиялық өзгерістер отбасыға белгілі бір қиыншылықтар туғызатындығын жеткізді.

 Облыстық отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның мүшелері Г.Ермекова және А.Мадиярова отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүру сырын, өздерінің отбасында, жұмысында жетістікке жету жолдарымен бөлісті.

Ресми түрде үш тарапты меморандумға қол қойылды.

Конференцияның соңғы бөлімінде облыстық деңгейдегі білікті маман Т.Любчанская өз қарамағындағы болашақ психологмамандармен бірге қазіргі заманғы отбасындағы түйткілді мәселелерді мысалға алып, сахналық қойылым қойды. Бұл қойылымға көрермендерді тарта отырып, отбасында қандай мәселеге көңіл бөлу керектігін көрсетті.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button