ЖаңалықтарҚарағанды

Антқа берік Ароновтар әулеті

Аймағымыздың Ішкі істер органдарында полицейлер әулеттері баршылық. Қарағанды қалалық Ішкі істер бөлімінің бөлімшелерінде балалары өздерінің әкелері мен аталары сынды өз өмірін ішкі істер органдарына арнаған бірнеше отбасы бар. Ароновтар отбасы да солардың қатарында.

Әулеттің отағасы Аманғали ағаның құқық қорғау органдарында 25 жылдық тәжірибесі бар. Адал қызметі үшін көптеген медальдар мен марапаттарға ие болған. Өзі тәрбиелеген алғыр әрі талапты шәкірттері де бар.

– Бүгінде бұл сабақтастықты сақтау және дамыту өте маңызды. Дәстүрді сақтау жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен патриотизм нәрін себеді. Сондықтан, жастарды әулеттің тарихымен және олардың жетістіктерімен таныстырып отырамын. Полиция қызметкерлерінің еңбегін көрсету, олардың осы мамандыққа деген қызығушылығын оятады», – деді Аманғали Аронов.

Бұл әулеттің ІІО-дағы жалпы жұмыс өтілі 70 жылдан асады. Ароновтар отбасындағы 6 баланың үшеуі әке жолын жалғап келеді.

Ортаншы қызы Арайгүл ІІО 1994 жылдан бастап қызмет атқаруда. Ол – полиция подполковнигі, Қарағанды қаласы полиция басқармасы штабының аға инспекторы.

– Полиция қызметкері, ең алдымен адал, лайықты болуы керек. Өз жұмысын сапалы орындау үшін оны сүюі тиіс. Кез келген полицейдің жұмысында қиын сәттер болады, алайда міндетті түрде бойдағы үрейді жеңіп, еш нәрсеге қарамастан алға жылжуы шарт. Егер, жаныңда сүйетін және әрдайым сені қолдайтын отбасың болса, кез келген қиындықты жеңуге болады, – дейді Арайгүл Аманғалиқызы.

Ал, кіші қызы Ақмарал облыстық ПД қаржылық қамтамасыз ету басқармасында жұмыс істейді.

Әулеттің кенжесі Тілекжан Аронов өзінің өмір жолын таңдау уақыты келгенде, әу бастан кім болатынын іштей сезген. Өйткені, алдында үлгі тұтар әкесі мен әпкесі болды. Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітіргеннен кейін Тілекжан түрлі жедел қызметтерде жұмыс істеді. Қазір полиция капитаны лауазымын абыроймен атқарып жүрген Тілекжан Аронов – Қарағанды облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің аға жедел уәкілі.

– Отбасы – кез келген адамның өміріндегі басты қолдаушы тірек. Мен әкемді ерекше үлгі тұтамын. Полицейлер отбасында туып-өстім. Анамның әкемізге оның күрделі жұмысына өзінің жылы қарым-қатынасымен, мейірімділігімен және жайдарлы мінезімен қиын жолдардан өтуге көмектескенін көріп өстім. Егер, балаларым менің ізімді басып, әулетіміздің дара жолын жалғастырса, өте қуанар едім. Бірақ, бәрі жеке таңдауына байланысты болады, мен олардың кез келген бастамасын қолдаймын», – деді Тілекжан Аронов.

Осылайша антқа берік Ароновтар әулеті көпге үлгі, өніп-өскен әулет. Біз олардың адал еңбектеріне сәттілік тілейміз!

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ,

Қарағанды қалалық полиция басқармасы ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button