«Қорғансыздың күні»
Дәл қазіргі қоғамның «бір ұрты – май, бір ұрты – қан». Ізгілендіреміз дегеніміз қатыгездіктің аранын ашып жіберді. Ар мен ұят, мейірім жауыздыққа жұтылып барады. Содан, зорлық-зомбылық күш алды. Мәселен, ашық ресурстардағы деректер Қазақстанда 3 сағатта бір әйел, тәулік сайын екі бала зорланады дейді («Не молчи» ҚҚ). Сұмдық па? Сұмдық! Аттың жалы, түйенің қомына салып тартар Құнанбай қажет бізге. Балаға бейәдеп әрекет көрсетпек түгілі, бетіне былапыт сөз айтқызбайтындай Құнанбайдай тұлғаларды қайдан табамыз? Дала заңы болса, мұндайлардың жолы баяғыда кесілер ме еді?! Халықаралық деңгейдегі адам құқықтарын қорғайтын құжаттар бұған бүгін жол бермейді. Ізгілік арқылы зорлықты жеңгісі келеді әлем. Алайда, оған жеңіле қойған жоқ әлі. Күнара зорлық көрген баланың обалы сонда кімде? Балаларға қатысты жаманат хабарлардан көз сүрінеді. Ашып қалсаңыз да, басып қалсаңыз да, айуандықтың құрбаны болған балалардың құлындай шырқыраған дауысы. Не бұл? Не індет? Қайда барамыз? Іштей іріп-шірігендік осы шығар…
ЗАҢНАМА КҮШЕЙГЕНІМЕН, ПЕДОФИЛ ЖОЙЫЛМАДЫ
Әлбетте, бұған қол қусырып қарап отырған мемлекет жоқ. Заңды қатаңдатып, жауаптылықты күшейтуге қадамдар жасалды. ІІМ қылмыстық заңнамасын жаңғыртуда. Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, ҚР ҚК-ның 120, 121, 122 және 124-баптары бойынша жас балаларға қатысты қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімдерін қатаңдату, дәлелдемелерді бұрмалағаны және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасырғаны үшін жауапкершілікті күшейтті. Психикалық жай-күйіне қарамастан, жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған барлық адамға қатысты химиялық кастрация рәсімін қолдану жүзеге асты.
Бұған қоса, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне құқық бұзушылыққа бейім психикалық ауытқулары бар адамдарды міндетті геномдық тіркеу туралы норма енгізу ұсынылды.
Содан тыйылған педофил бар ма? Жоқ. Ақиқатын айтайық, қазір баланы далаға жалғыз жіберу – аса қауіпті. Өйткені, балаға қарсы қылмыс дертке айналды. Мұның себебі, төркіні неде? Мамандардың айтуынша, бар мәселе – отбасындағы тәлім-тәрбиеде. Үйінде бала күнінде түзу тәлім алмаған баланың өскенде осындай ықтималды қылмысқа бейім, педофилге айналуы да жоққа шығарылмайды.
«Ең ауыр жаза бізде қандай? Өлім жазасы. Бірақ, қазір оған мораторий жарияланғаннан соң оны өмір бойы бас бостандығынан айыруға айырбасталды. Сол жазамен қылмыс тоқтады ма? Тоқтаған жоқ. Біздің педофилдермен күресу жолы да дұрыс емес. Яғни, жазаны ауырлатқанымен, оны тыя алмаймыз. Мысалы, қылмыс жасайтын адам «мынау қылмыс үшін жаза ауырлау болып кетіпті ғой» қой, тоқтайын» демейді. Оның түп төркіні – отбасылық тәрбиесінде. Сонда өріс алған себептер бар. Бұл – соның салдары. Баланы кішкентайынан тәрбиелеу қажет. Бала өзі көргенді өмірде жасайды, қайталайды. Себептердің тамыры – міне, қайда жатыр?» – дейді «Отбасы мектебі» қорының қызметін үйлестіруші, экс-судья Жасұлан Нұрмаханбетов. Негізі, ойланатын, ойландыратын жайт.
СТАТИСТИКА – ҚОРҚЫНЫШТЫ
Бас прокуратураның мәліметтерінде соңғы бес жылда аталған қылмыс бес есеге өскен. Мәселен, өткен жылдың жартыжылдығындағы бас прокуратура дерегінше, әйелдерге қатысты 797, кәмелетке толмағандарға қатысты 179 құқықбұзушылық тіркелген. Осының өзі көп жайтты аңғартса керек. Бұған қоса, қылмыстың құрық салдырмай тұрғанын арнайы ұйымдар да растайды.
«Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнаманы жетілдіруге және қатаңдатуға қарамастан, осындай қол сұғушылықтар орын алуда» деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Оразбаев.
Айталық, Қарағанды облысында осы жылдың 7 айында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты 147 қылмыс тіркелген. Ал, 2018 жылы – 167, 2019 жылы 169 қылмыс жасалған. Ал, жоғарыдағы жарты жылдағы көрсеткіш. Жыл соңына дейін аталған қылмыстың өспесіне сенім жоқ. Оған ешкім кепіл бола алмайды.
Сонда қайтпек керек? Құзырлы орындар ата-ананың балаға қауіпсіздік шараларын үйретіп, интернеттегі «виртуалды» қарым-қатынастарына назар аударуы керектігін де ерекше атайды. Баламен жиі сөйлесіп, оның әлеміндегі өзгерістерді, маңындағы жағдайларды назардан тыс қалдырмау қажет дейді. Солай болды делік. Аулаға ойнауға шығып кеткен баланың қауіпсіздігіне кепілді кім береді? Ешкім. Оған қазіргі күні заң да, зәкүн де, мемлекет те кепіл емес. Бұған Құдайдың құтты күні әр өңір, аймақ, ауылда белең алған арсыз оқиғалар – дәлел.
БҰЛ ҚЫЛМЫСҚА КІМ БЕЙІМ?
Ақыл-есі бүтін адамның балаға зорлық қылуы мүмкін емес. Сонда бұл не? Адамның бойындағы ауытқушылық па? Интернет кеңістігіндегі анықтамалар «ауру» дейді. \
Педофилия (көне грекшеден «сәбиге махаббат», басқаша айтқанда инфантосексуализм, падерозия) – психикалық бұзылу, көптеген жыныстық ауытқудың бірі. Бұл ауруға шалдыққан адамдарды педофил деп атайды. Халықаралық аурулар классификациясының 10-шы қарастырылуы бойынша V класқа жатқызылады. Жалпылай алғанда «педофилия» деген сөз балаларға деген жыныстық құштарлықты білдіреді.
Қазіргі күні, тіпті, бейтаныс, жат адам түгілі балаларға зорлық-зомбылық жасаушылардың арасында олардың жақын туыстары да барлығы бұл дерттің қаншалықты етек алғанын көрсетсе керек.
«Кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасаушылар арасында олардың жақын туыстары да орын алады. Оның ішінде, өгей әкесі жағынан қылмыстар тіркелген. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың жас ерекшеліктері 15-17 жас аралығында» деді жергілікті полиция қызметі басқармасы.
Бөгде түгілі бір туғанға сенуден қалдырған бұл дерттен қоғамның қашан сауығары да беймәлім. Бірақ өзге елдердің мұндайда өлім жазасына кесуі – ойландырмай қоймайды. Ізгілікпен жеңіске жету бұл соғыста күмән-ді. Мұндайда уды умен қайтару керек секілді. Мәселен, Үндістанда 12 жасқа дейінгі балаға зорлық көрсеткенге өлім жазасы бар. Ал, Ұлыбритания ғұмыр бойына еркіндігін шектесе, зорлауға әрекеттің өзін 10 жылға соттайды екен. Ал, АҚШ-тың Монтана штатында кез келген зорлыққа бас бостандығынан өмір-бақи айырады. Егер бұл қайталанса, өлім жазасын тағайындайды.
Ендеше, біздің елде де өрімдей баланың өміріне балта шапқанға өлім жазасы қайтып келуі тиіс…
ТҮЙІН
Не десек те, бұл күн бұқараға қатаң ескерту жасайды. Балаға аса абай болу керек дейді. Бауыр етіңіздің әдемі әлемінің бір күнде күл паршасы шықпауына әуелі өзіңіз, сосын қоғам, одан соң мемлекет жауапты. Дәл осы күні бұғанасы бекімеген бала – қызғыштай қорғауды қажет етеді…
Қызғалдақ АЙТЖАН.